Экономика

«Қазақстанда жасалған» акциясы

Б.Тілегенов:

Ақтөбенің әлеуеті жеткілікті

Үкіметтің таяуда өткен кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев импортты азайтып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығатын тауарларды молайтуға шақырды. Ел ішінде жеткілікті тауар түрлерін шығарып қана қоймай, патриот болып, сол отандық тауарларды сатып алу шараларын ұйымдастыруды міндеттеді. Мемлекет басшысы көрсеткен ел экономикасын қолдаудың бұл белсенді жолдары біздің облысымызда қызу қолдау табуда. Өткен аптада Ақтөбе қаласының ірі сауда орындары «Қазақстанда жасалған» акциясын бастап та кетті. Сауда желілерінде тек қазақстандық тауарлар тұратын сөрелер ашылуда. Бұған ақтөбеліктердің қосып отырған үлесі қандай? Жергілікті тауарларды молайта беруге Ақтөбенің әлеуеті жеткілікті ме? Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегеновпен осы бағытта әңгімелескен едік.

— Соғыстан кейінгі, тіпті кешегі алпысыншы жылдарға дейінгі елдің жағдайы, тұрмысы бала болсақ та біздің есімізде мықтап сақталып қалған. Сығырайған май шам, бықсып жанған отын… Отын түгілі, соны тұтататын сіріңке болмай, әйелдер от сұрап үй жағалап кететін («Отқа барған әйелдің отыз ауыз сөзі бар»). Қазір «от сұрау», «отқа барған әйел» деген сөздер әлдеқашан архаизмге айналды. Халық жоқшылықты ұмытты. Бүгінгі заман басқа, аста-төк молшылық. Сауда орындарының сөрелері қайысып тұр. Ол кезбен салыстырғанда, Ақтөбенің өзі бір мемлекеттің тауарын шығарады емес пе?
— Тек өткен жылы бөлшек сауда айналым көлемі 389,7 миллиард теңге құрады. Немесе алдыңғы жылғы деңгеймен салыстығанда 8,8 пайызға өсті. Мұның ішінде Ақтөбе қаласының бөлшек сауда айналым көлемі 368,7 миллиард теңгеге жетіп, көзделген меже 108,7 пайыз орындалды.
Аймақта көтерме сауданың көлемі 607,7 миллиард теңге болды.
Қазіргі кезде облыста 100-ден астам кәсіпорын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты цехтар жұмыс жасайды және өз өнімдерін шығарады.
— Бұл кәсіпорындар алуан түрлі өнім шығарады нарыққа, солардың белгілерін атап өтсеңіз?
— Қазір жергілікті өңдеу орындары үлкен көлемде сүт өнімдерін ұсынады. Олардың қатарында «Айс», «Молочные истории», «Мәртөк сүт», «Алғабас», «Қарасор А», «Айс Фуд Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Ақжол» шаруа қожалығы, «ДГОК» агрофирмасы, «Ақбөбек» сүт кешені бар. Ал шұжық бұйымдары мен ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын «Силла» сауда белгісімен «Рокос Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарады. Сондай-ақ, «БалЮн», «Степное», «Адель и М» «Абрамян», «Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Мейірманова» жеке кәсіпорны да осы шаруамен айналысады. Бұл аталған кәсіпорындар жартылай фабрикаттардың, шұжық бұйымдарының, жеңсік ет тағамдарының 60-тан астам түрін сауда орындарына салады.
Мұнымен бірге, облыста құс шаруашылығы табысты дамып келеді. «Аққұс» құс фабрикасы өзінің өнімдерін тұтынушы үшін ыңғайлы орамаға түріп ұсынады. Бұл аталған кәсіпорынның шығаратын өнімдері халықаралық талаптарға толық жауап береді және экспортқа бағыт ұсталады.
Қазіргі кезде Бестамақтағы «Парижская коммуна XX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығы кешенінің табыстары көпшілікке мәлім. Оның өнімдері облыс халқының бір бөлігінің шошқа етіне деген сұранысын қанағаттандыруға арналған. Сонымен бірге, ол Қазақстанның аймақтарына, одан сырт жерлерге де өз өнімін шығарып сатады.
Облыстың су тоғандарында балық өсіру арқылы жергілікті нарықта жас және тоңазытылған балық болуы да қарастырылған. Осы мақсатты көздеп «Ардағым», «НаурызСим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айтарлықтай жұмыстар ұйымдастырып келеді.
— Өз жерімізден шығарылатын отандық тауарлардың түрлерінің молайып келе жатқаны қуанышты, әрине. Алайда көптеген тауарлардың түрлері әлі де қажеттілікті толық өтемейтінін де білеміз. Сондықтан да көп тауар сырттан келеді. Біздіңше, нан, нан бұйымдарына ғана олай деп айта алмасақ керек. Өйткені өзімізде шығатын өнімдер қажеттілікті біраз еңсеріп тұрған сияқты?
—Бізде нан және нан бұйымдарын шығаратын жергілікті кәсіпорындар аз емес. «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі макарон бұйымдарын шығарумен айналысады. Бұл аталған компания Қазақстанның тамақ өнімдері нарығында ірі тауар өндіруші болып саналады. Кәсіпорынның өндірістік базасының құрамында элеваторлар, диірмендер, макарондық және жарма цехтары, нан зауыты мен наубайхана, құс фабрикасы, қосалқы цех пен фирмалық дүкендер бар. Бұдан басқа, «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Pavan» компаниясы итальяндық технология бойынша, жаңа әлемдік стандартқа сай өнімдер шығарады. Сондай-ақ, «Тағам Регион» «Атамекен нан — 2000», «Брот мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Берюкова», «Матвеев» жеке кәсіпорындары нан бұйымдары нарығын жақсы меңгеріп отыр. Бұған қоса, әр ауданның өз наубайханалары, нан бұйымдарын шығаратын цехтар бар екенін де айта кету керек.
— Қазіргі тұтынушының тілегін қанағаттандыру үшін сауда орындарында тауар ассортименті көп болу керек. Сонымен байланысты болу керек, біздің супермаркеттерімізде өсімдік майының отандық та, шетелдік те түрлері толып тұр. Ал мұндай майлар біздің өзіміздегі кәсіпорындардан да жеткілікті көлемде ішкі және сыртқы саудаға салынатынын білеміз…
— Жоғары сапалы өсімдік майының түр-түрін шығаратын біздегі негізгі ірі өндіріс — «Савола Фудс СиАйЭс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сондай-ақ, компания «Метро Кэш энд Керри» фирмасымен бірігіп «Аро» күнбағыс майын өндіреді.
Ал «Ақтөбенің кондитер фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кондитер бұйымдарының 150 түрін саудаға шығарады.
— Бүгінгі артықшылығымыздың тағы бір көрінісі — жыл он екі ай көкөніс түрлері дастарқанымыздан үзілмейтін болды. Бұған жергілікті кәсіпорындар қаншалықты үлес қосып отыр?
— Жыл санап көкөніс молшылығын жасайтын жылыжай кешендері көбейе түсуде. «Izet Greenhouse», «Әлем Тағам» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Керемет-5» өндірістік кооперативі, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамы жылыжай кешендерінің қызметтері нарықты қолжетімді бағадағы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірістің өзге де салаларында шығарылып жатқан Ақтөбе тауарлары баршылық. Олардың қатарын көбейте беру бағытында мақсатты жұмыстар да тоқтаусыз жүргізіле бермек. Өйткені біз жергілікті жерде жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнімдерді арттыра беруге тиіспіз.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Редакциядан: Елбасы қойып отырған бүгінгі басты мақсат — импортты қысқартып, экспортқа шығатын халықаралық бәсекеге лайық жергілікті тауарларды молайту. Егер ресми орындардың дерегіне сүйенсек, өткен жылы экспортқа облыс бойынша 5377,0 миллион АҚШ долларының тауарлары шығарылған. Ал осы кезеңде импорт 1700,6 миллион доллар құрайды. Бұл алдыңғы жылғыдан 564,9 миллион долларға кем. Осының өзінен-ақ жергілікті өнімдердің сырттан келетін тауарларды ығыстыра бастағанын анық көруге болады. Алайда бұл — үлкен істің бастауы ғана. Облыс іскер топтарын алда көп жұмыстар күтіп тұр. Газетіміздің бетінде ашылып отырған «Ақтөбеде жасалған» акциясы айдары осы бағыттағы игілікті қадамдарды жүйелі жазып отырмақ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button