Әлеумет

Қуаңшылық салқыны

Астық

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Көктемнің жылы қабақ танытқанынан қарап, егіс көлемін ұлғайтқан диқан қауымының үміті ақталмады. Ақтөбе өңірінде жаз бойы жауын-шашын  болмады. «Тәуекел аймағын» былай қойғанда, астықты өңір аталатын аудандардың өзі  қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Егістің көп бөлігі жауын-шашынсыз келген аптапты ыстықтан күйіп кетті. Әрине, жерге шыққан астыққа шама келсе орақ салу талабы қойылып отыр. Түсім аз болғанмен, жерде орылмаған астық қалмауы керек. Облыс бойынша егін орағы басталып та кетті.

Алдыңғы күнге берілген мәліметтерге қарағанда, облыс бойынша 88 мың гектар жердің астығы орып бастырылған.  Сол күнге Мәртөк ауданы – 25,2 мың гектар, Қобда – 13 мың, Алға – 12,9 мың, Әйтеке би 11,3 мың гектар алқаптың астығын жинап үлгерді. Орылған алқаптан облыс бойынша әзірге 40 мың тонна жаңа егіннің астығы қырманға түсті. Өзге аудандарға қарағанда Мәртөк ауданында егін орағының қарқыны ширақ. Мұнда тәулігіне 1,3 мың гектар жердің егіні жиналады.

Орақтың алғашқы қадамында астықтың әр гектарға шаққандағы түсімі қалай болып отыр? Биылғы ең жоғарғы өнім күні бүгін Қарғалы ауданының еншісінде. Бұл ауданда дәнді дақыл егісінің түсімі әр гектарға 8,5 центнерден айналуда. Содан кейінгі орынды Хромтау – 7,5, Алға – 4,8, Мәртөк – 4,5, Ақтөбе қаласы – 4,3 алады. Қобда, Темір аудандары әр гектар дәнді дақылдан 2 центнердің үстінде ғана астық алып отыр. Алғашқы нәтиже дәнді дақылдардың түсімі жөнінен Қарғалы ауданына тиесілі сияқты. Мұнда арпа егісінің әр гектарынан 8,6,бидайдан – 8,3 центнерден өнім алынуда.

Жалпы, биыл былтырғыдай астық жоқ. Оны мына мәліметтерден көруге болады. Өткен жылы осы уақытта 177 мың гектардан астам дәнді дақыл егісі жиналып, 162,5 мың тонна астық қырманға түскен. Әр гектардан орта есеппен 9,1 центнерден өнім алынған. Сол кезеңмен салыстырғанда, бір күнде өткен жылы 22,8 мың гектар жердің егіні орылса, биыл бар болғаны күніге 3,2 мың гектар жердің ғана егіні орылады.

Қазіргі замандағы ең кенеулі, денсаулыққа пайдалы тағам сұлы дақылы болып отыр. Әзірге бұл дақылға Мәртөк ауданы, Ақтөбе қаласы егіншілері ғана орақ салды. Бұл екі өңір 0,9 мың гектар алқаптың сұлы дақылын бастырып, 0,5 мың тонна  жалпы өнім жинады. Күздік дақылдар жинауды Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандары және Ақтөбе қаласы қолға алды. Өткен жылға қарағанда түсім төмен болғанмен, күздік дақылдардың жиналуы, жалпы өнім мөлшері биыл едәуір артық. Қазір 11 мың гектар күздік дақылдар бастырылып, одан 4,7 мың тонна өнім жиналды.

Енді егін орағының қазіргі барысы, жай-күйі жөнінде жергілікті жерде шаруаның басы-қасында жүрген мамандардың өз аузынан тыңдайық.

Әйтеке би ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шмит Өтеуов:

– Қанша егіс салдыңыздар?

– 192 мың гектар жерге дәнді дақыл ектік.

– Егістің шығымдылығы қалай?

Маусымның соңы мен шілденің басындағы аптапты ыстық егістің бір бөлегін мүлде күйдіріп жіберді. Қазір аудан бойынша 54 мың гектар дәнді дақыл алқабын есептен шығаруға ұсынып отырмыз. Қуаңшылық салдарынан егістері шықпай қалған серіктестіктер мен шаруа қожалықтары сақтандыру орындарына құжаттарын тапсырып, көмек көрсетуді сұрап, өтініштер түсіруде.

– Есептен шығарылған дәнді дақыл алқабын мүлде шаппайсыздар ма?

– Ол жерлер шабылмайды. Себебі орақ салуға келмейді деп есептейміз.

– Қандай дақылдар егіп едіңіздер?

– Негізінен бидай, арпа дақылдары. Шамалап тары еккенбіз. Майлы дақылдар, оның ішінде күнбағыс салғанбыз.

– Есептен шығарылғандардың ішінде қай дақыл басым?

Бидай. Жалпы, биыл қай дақылдың болсын шығымдылығы төмен. Рас, «Жамбыл С», «Ярослав А» сияқты төрт-бес шаруа қожалықтарының егісінің түсімі жоғары болатын түрі бар. Бұл шаруашылықтардың егістері гектарына 4-5 центнерден өнім берер деп жобалап отырмыз. Керісінше, биыл «Құмқұдық», «Щербаков» сияқты ірі шаруашылықтардың егіс алқаптарында өнім оларға қарағанда көш төмен. Есептен шығарылатын алқаптар да негізінен осы шаруашылықтарға тиесілі.

Мұғалжар ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Нәкеш Сармұханов:

– Аудан бойынша биыл біз дәнді дақыл алқабының көлемін едәуір өсірген едік. Өкінішке орай, егіннің шығымдылығы ойдағыдай болмай отыр. Қазіргі күнге 6,5 мың гектардай алқаптың астығы жиналды. Әр гектарға шаққанда 4 центнерден келіп тұр. Шамамен тәулігіне 600 гектардай алқаптың астығы орылуда. Бұл – орақтың алғашқы  күндеріндегі қарқын. Алда үдеуге тиіс. Негізінен орақ арпа дақылына түсіп отыр. Алғашқы орылған жердің 4,2 мың гектары – арпа дақылы, 2,3 мың гектары – бидай. Арпа дақылының әр гектарынан 4,2 центнерден, бидайдан 3,8 центнерден өнім алынуда.

Биылғы  жылдың жаңа астығына «Арыс», «Орқаш» шаруашылықтары алғашқылардың қатарында орақ салды.

– Суармалы егістегі жағдай қалай?

– Биыл едәуір жерге картоп, көкөніс салынғаны белгілі. Олардың көктемгі, жазғы күтіміне үлкен мән берілді. Шығымы біржоба тәуір сияқты еді. Бірақ кеше танап басынан жайсыздау хабар алдық. Бұршақ жауып, жақсы шығып тұрған көкөніс алқабын едәуір бүлдіргенге ұқсайды.

Міне, биылғы жылғы егін орағының алғашқы бастауында қалыптасып отырған жағдай осындай. Мамандар астық түсімі төмен болғанмен, облысқа қажетті астықты, жемді толық жинап алуға аймақта мүмкіндік бар деп есептейді. Тек жұдырықтай жұмылып, маусымның әр күнін тиімді пайдаланып жұмыс істеу керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button