Білім

Балдырған

Отан

Аспанкөк, бүркіт айбар туымыз бар

Келесі аптаның соңында, 30 тамызда жылдағы әдетімізше Конституция күнін мерекелейміз. Ата Заңымыз қамтамасыз етіп отырған тәуелсіздігіміздің бір айбыны – Туымыз.

Ал біздің ата-бабаларымыз қандай ту ұстады? Осыны барлап көрелік.

Ислам дініне кірмей тұрғанда түзілген Ұлы түрік қағанаты ортасына бөрінің басы салынған жасыл ту көтерді. ІV ғасырда Еуропа жерінде пайда болған Хун мемлекетінің ақ туы болғаны белгілі. Тудың ортасын ала кереге қанатын кең жазып, ұшқалы тұрған бүркіттің суреті салынған. Бүркіттің басынан сәл жоғары түркі бөркі (тұмақ секілді) бейнеленген.

Ал хундардың ақ түсті байрағы болған. Оның сабына шендесер тұсында бес ұшты ақсары жұлдыз бейнесі салынған.

Қазіргі Жамбыл облысының аймағындағы Баласағұнда 800 жылдары Сатұқ Бұғархан құрған қара хандықтар әулеті қызғыш қоңыр реңдегі ту ұстап, оған жебенің суретін салып, төменінен жоғары қарай латынша «м» әрпін көзге елестететін ірілі-ұсақты үш белгіні бір-біріне жалғастыра салған.

Алтын Орданы 1236 жылы Батый хан түзді. 1802 жылы ол құлады. Алтын Орданың байрағы ақ түсті еді, ортасында – Жарты Ай, оның астында латынша «м» әрпі тәрізді таңба болды.

Ақсақ Темір көтерген туда Азияның, Еуропаның және Африканың сүйікті бояулары әсем жарасым тапты.

Осман түріктеріне келсек, олар XVІ ғасырда-ақ бойы 2 метр, ені 1 метр қызыл байрақтың жүрек тұсына Жарты Ай, оны қоршай сегіз бірдей бесжұлдыз салды. 1922 жылы Түркияның байрағы қызыл түстегі матаға Жарты Ай және бесжұлдыз салынған ту болып қайта ауыстырылды. Кейбір аңыздарға қарағанда, туға Жарты Ай белгісін салу осы Осман түріктерінен қалған. Еуропалықтармен, әсіресе, Константинополь жасақтарымен соғыста олар ұрысты көбіне түнде Ай туа бастап, ылғи жеңіске жетіп жүргендіктен, оны белгі етіп алған көрінеді. Соңынан араб елдерін және бірқатар мұсылман мемлекеттерін басып алғанда бәріне де өз туын қадаған. Содан өзге ел мұсылмандықтың белгісі Жарты Ай деп таныған.

Ғылым

Жыланның уы

Қазіргі медицина төлтаңбасында (эмблемасында) тостағанды денесімен орай көтерілген жыланның бейнесі бар. Ал бұл қайдан шыққан?

Ежелгі гректер өсімдіктердің шипалы қасиетін жыландар ғана біледі деп есептеген. Ал ол «құпияны» білу үшін адам ең алдымен жыланға айналуы шарт. Көне аңыздарда Асклепий атты гректің жылан кейпіне енетін сиқырды үйреніп, тәуіпшілдіктің тамаша тәсілдерін меңгергендігі баяндалады. Жылан кейпіндегі Асклепий  тостағанға құйылған дәрмек сұйықтың шипалық қасиетін тексеріп тұр.

Ал енді жай адам тұрмақ, атан түйені мұрттай ұшыратын жыланның уының да емдік қасиеті барын  емші тәуіптер бағзы замандарда-ақ білген. Мәселен, өз кезеңіндегі ұлы емшілердің бірі Клавдий Галеннің жазбаларында  Понтий патшасы Митридат VІ Эвпатор (б.д.д. 132-163 ж.ж.) түрлі жылан уының адам ағзасына әсерін мұқият зерттеумен айналысқаны айтылады. Ол өлім жазасына кесілген қылмыскерлерді жыланға шақтырып, оларды аман алып қалудың жолын іздеген көптеген тәжірибе жасаған. Соның нәтижесінде  удың уытын қайтаратын «терьк» атты дәрі ойлап тапқан. Исі түркілер ғылымының атасы Әбу Әли ибн Сина да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлген.

Алайда көне заманғы зерттеушілердің қай-қайсысы да жылан уының патофизиологиялық тетігін, яғни адам ағзасына әсерін нақты білмегендіктен оған қарсы қалай және қай кезде қандай ем қолдану керектігін тап басып айта алмады. Олар «жылан салқын улы болған соң шаққанын өлтіреді» деген жаңсақ пікір қалыптастырды. ХІІ ғасырда өмір сүрген тәжік ғалымы Зейнуддин Әбу Журжани бұл байламды теріске шығарып, «Хорезм шахтың қазынасы» атты еңбегінде: «Жылан уының тез өлтіретін себебі – оның салқындығынан емес, удың әп-сәтте жүректегі қанды тез ұйытып жіберетіндігінен», – деп жазды. Медицина тарихындағы осынау зор жаңалық негізінде француз ғалымдары А.Кальметт пен И.Физами ХХ ғасырдың басында жылан уының ағзаға әсерін жоятын дәрмек ойлап тапты.

Оқушының өлеңі

МЕнің қалам

Тәңірімнің сыйы ма бабамызға,

Пайда болды бір шаһар даламызда.

Ғасыр-алып шығармай уысынан,

Көркем әлем орнатты қаламызға.

Туған қалам айналды ертегіге,

Өріс болды өсетін өркеніме.

Қиял-тұлпар жұлқынып ала шапты,

Мен асығып келемін ертеңіме.

А.САҒЫНБЕКОВА,

№31 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Күтпеген оқиға

Жаралы кептер

Көктем кезі еді. Адамдар қанша жеңіл киім киюге асыққанымен, біресе қар, біресе жаңбыр жауып тұрған. Сабақтан қайтып келе жатқанымда қатты жел болған соң ыққа тығылдым. Ық жерде бір кептер қанатын қаға алмай, аяғын бүгіп алған екен. Мен оны ұстап алып, қалтамдағы бет орамалыма орап алдым.

Ата-анам менің туған күніме тоты құс алып беруге уәде еткен. Үйде соған арналған тор бар еді. Ойым кептердің аяғын емдеп, соған бағу болды. Үйге әкелген соң кептердің алдына тамақ қойып, бүрісіп жатқан аяғын қарап едім, әйнек кіріп кеткен екен. Кептердің тамаққа тәбеті болмады. Алдына су қойдым. Ол су ішіп жатқанда әйнекті жұлып алдым. Ол қанатын қағып қалғанда жүрегім аузыма тығылды. Жарақатын таңып тастадым. Күніне жанына батқанша, бір рет ауырсын. Сосын кептерім жаймен аяғын да баса бастады. Екеуміз дос болып кеттік. Менің торыма тоты құс емес, кептер осылай келіп қалды. Бұл менің туған күніме сыйлық болды.

Мария ЖАҚЫП,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button