Денсаулық

Қатерлі ісіктен сақтан!

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің кіші ғылыми залында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның ұйымдастыруымен «Обыр ауруларын ерте анықтауға қатысты медицина қызметкерлерінің онкологиялық сақтығын арттыру» тақырыбында конференция өтті.
Шараға облыстың емдеу-алдын алу ұйымдарының бас дәрігерлері мен орынбасарлары, әлеуметтік-психологиялық бөлімдерінің меңгерушілері, скринингке жауапты мамандар мен дәрігер-онкологтар қатысты.
Конференцияда алғаш сөз алған «Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның директоры Дәмеш Қайдарова онкологиялық аурулардың алдын алу және оны ерте кезде анықтау, облыс тұрғындарын уақтылы скринингтік тексеруден өткізу қажеттілігі жөнінде сөз қозғап, қатерлі ісік ауруларының 40 пайызы салауатты өмір салтын ұстанбаудан болатынын атап өтті.
Бұдан кейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі Әріп Қойшыбаев облыста онкологиялық аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, ақпараттандыру-түсіндіру шаралары жасалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол қала, аудандардағы емханалар мен облыстық онкологиялық диспансер қатерлі ісіктің алдын алу жолында арнайы тексеру жұмыстарына ден қойып, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде аймақ тұрғындарына скринингтік зерттеулер жүргізіліп жатқанын айтты.
— Өкінішке қарай, бүгінгі күні облыс бойынша онкологиялық аурулардың арасында өткен жыл қорытындысы бойынша сүт бездері қатерлі ісігі 1-орында тұр. Былтырғы көрсеткіш бойынша облыста 156 адам осы дертке шалдығып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ал биылғы жылы 50 жастан жоғары әйелдер арасында скрининг жүргізіліп жатыр. Өткен жылы скринингтен өтіп, тексеру барысында 32 адам осы ауруға шалдыққаны анықталды.
Қазір қыз-келіншектер арасында уақытында тексерістен өтпей, өз денсаулығына салғырт қарап, емделу мерзімін өткізіп алатындары да кездеседі. Сол үшін барлық тұрғын жыл сайын тексерістен өтіп тұруы қажет, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маммологы Нұргүл Кереева.
Айта кету керек, қатерлі сырқаттың салдарынан еліміздегі 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасатын көрінеді. Сол үшін өмірді сүйетін әр әйел заты қатерлі ісіктен сақ болғаны жөн.
Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button