Мәдениет

«Мақсат – арзан күлкі емес, салмақты ой»

«Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукенді қазақ тілді КТК-ның аяғынан тік тұрып, жоғары деңгейге жетуіне үлкен үлес қосқан азамат ретінде білеміз.

Ол 1973 жылы Шалқар ауданының Тахауи Ахтанов (бұрын – Карл Маркс) ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар Шымкент қаласында білім алып-еңбек еткен, қазір Алматыда тұратын ол туған жерін де ұмытқан емес. Туған жерге келген сапарларының бірінде Есенмен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Есен, мамандығыңыз инженер-автоматтандырушы екен, КТК әлеміне қалай келдіңіз?

– Мамандық мәселесіне келсек, о баста журналист болсам деп ойлаған едім. Бірақ мен мектеп бітірер тұста үлкен ағам науқастанып, дәрігерлер денсаулығына байланысты оған Шымкент қаласына қоныс аударуға кеңес берді. Ата-анам маған да «ағаңмен бірге боласың» деді. Ол кезде ата-ананың сөзі – заң. Сөйтіп, мен өзім ойлағандай, Алматыға, ҚазМУ-дың журфагына емес, Шымкенттегі химия-технология институтына түстім. Бұл да бұрынғы Одақта аты бар, бірегей оқу орындарының бірі еді. Институт бітірген соң аспирантурада оқыдым. Ал 1998 жылы Шымкентте «Юмакс» радиосына жүргізуші болып орналастым. Осы тұста жергілікті КТК командаларымен етене араластым. Ол кезде КТК ойындары, негізінен, орыс тілінде өтетін. Ал қазақ тілді КТК-ның туған күні – 1999 жылғы 23 желтоқсан. Нақ осы күні Алматыда алғаш рет қазақ тілінде КТК ойындары өткізілді. Ұйымдастырған марқұм Алматай Көздібаева апайымыз еді. Осы оқиғадан соң жан-жақта қазақ тілді КТК командалары құрыла бастады. 2000 жылы мен де Шымкенттен бір команда әзірлеп шығардым.

– «Қазақстан КТК Одағы» қалай дүниеге келді?

– «Қазақстан КТК одағы» 2005 жылы дүниеге келді. Алматай апай 2004 жылы көз жұмған еді. Біз ол кісінің ісін жалғастырып, жүйелі түрде жарыстар, чемпионаттар ұйымдастырып қана қоймай, теледидар, дискілер арқылы КТК-НЫ кеңінен насихаттауды көздейміз.

– Ал түпкі мақсат?..

– КТК – жастар таңдауы. Біз осы жайтты барынша пайдалануымыз керек. Ауылдан келген қазақ балалары әдетте ұяң болады. Қоғамдағы түрлі құбылыстарға өзіндік көзқарастары болғанымен, көбіне сыртқа жария ете бермейді. Біз  өнерлі, ойлы жастардың ашылуына, танылуына мүмкіндік берсек дейміз. КТК арқылы олар ортада, сахнада өздерін ұстауға, ой-пікірлерін әдемі әзілмен жеткізуге үйренеді. Болашақта олардың өмірден өз орындарын табуына бұл, сөз жоқ, көмектеседі. Мысалы, кезінде алғашқы қадамдарын КТК ойындарында бастап, қазір театрда, басқа да салаларда жемісті еңбек етіп жүрген жандар аз емес. КТК-ның тәрбиелік мәні талантты жастарға ғана емес, көпшілік көрермендерге де қатысты екенін және ескеріңіз. Көрермендеріміз де жастар. Сахнада түрлі жағымсыз құбылыстар, нашақорлық, қылмыс, арақ пен темекіге үйірлік секілді қоғамдық дертке айналған жаман әдеттер ұтқыр, ойлы әзілдер арқылы сыналып жатса, ол жастар санасына әсер етуі тиіс. Сондықтан біздің мақсатымыз – сахнаға арзан күлкі емес, әзіл астарында салмақты ой алып шығу.

– Сын мәселесіне келсек, жастар кейде сахнада артығырақ айтып қойып, соңынан дау туып жататын жағдайлар кездеспей ме?

– «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дегендей, жастар жан-жағында болып жатқан ұнамсыз жайттардың бәріне қарсы өз пікірлерін білдіріп, үн қатқылары келеді. Кейде артықтау кетіп те жатады. Әсіресе, сахнаға жаңа шыққан, тәжірибесі жоқ ойыншылар… Өмір шындығын лақ еткізіп айта салмай, астарлап, ұтымды жеткізу керектігін, әрине, үйретеміз. Арнайы семинарлар, сабақтар ұйымдастырып жүрміз.

– Белгілі сатириктеріміз бар. Олармен байланыстарыңыз қаншалықты?

– Сатириктеріміздің көпшілігі бұрынғы стильмен жазады. Ал бізге керегі – аз сөзбен көп ой жеткізетін, қысқа да нұсқа дүниелер. Сондықтан жастар көбіне тақырыпты өздері іздеп, әзіл-қалжыңды өздері «жасайды». Көріп жүрсіздер, олар ең бір өткір мәселелерді көтеруге құмар.

– Туған ауыл, өскен ортаңыз жөнінде не айтасыз?

– Сөздің қадірін білетін, шешендікке, ұтқыр, шебер сөзге бейім ортадан, мықты «мектептен» шықтым деп айта аламын. Ауылымыз – Тахауи Ахтановтың туған ауылы. Тіпті, ұлы жазушы туған үйдің орны да бар. Ауыл адамдары арасында ауыздан ауызға тараған әдемі қалжыңдар көп болатын. КТК ойындарын әзірлеу кезінде сол қалжыңдардың кейбірін пайдаландық. Жалпы, ойлаймын: кезінде КТК ойындары дәл қазіргідей кең қанат жайған болса, біздің ауылдан бір мықты команда шыққан болар еді. Ал қазір… бұрынғы ауыл жоқ қой. Ауыл тұрғындарының үштен екісі дерлік қалаға, басқа жақтарға көшіп кеткен. Капитализм ауыл өмірін танымастай өзгерткен. Бұл өз ауылыма қатысты емес, жалпы, қазақ ауылы туралы сөз деп қабылдарсыз.

Ал туған үйіме келсек, отбасында он бір бала өстік. Әкем Баймұханбет – ұзақ жылдар қой баққан, бақ-берекеге еңбегімен ғана жетуді ойлаған шаруа адам. Өз атам да, нағашы атам да ешкімге сөзден есе жібермеген, әзілге шебер адамдар екен. Жұрт аузында солардан қалыпты деген сөздер бар, бірақ қағаз бетіне түсірмеппін. Солардан жұққан ба отбасындағы он бір баланың бәрі де өнерге жақын өстік. Екі-үшеуміз болмаса, басқалары музыкалық аспаптарда да ойнайды.

– Бойыңызда туған топырақтан жұққан қандай қасиет бар?

– Ешқашан ешкімге алақан жайғым келмейді.

– Егер Шымкент емес, Ақтөбеде жүрген болсаңыз, осы үлкен шаруаның тізгінін ұстар ма едіңіз?

– Жоқ. Өйткені Шымкентте жүрген ортам мені осы іске бағыттады. Жалпы, мен Қазақстанның көп қалаларында болдым. Әр жердің өз ерекшелігі бар. Солтүстік облыстар енді ғана қазақыланып келеді. Қазір ол жақтарда да орыс қана емес, қазақ тілінде де салмақты дүние ұсына алатын КТК командалары бар.

– Ал тіл мәселесі төңірегіндегі ойларыңызды білсек…

– Туған тіліміз кей тұста «жетімсіреп» жүр десек, мәселе – қажеттілікте. Мысалы, Өзбекстанда өзбек тілін білмесең, өзбекше сөйлемесең, күн көре алмайсың. Өзбектер ешқашан «Неге өзбекше білмейсің?» деп ашу шақырмайды, шу да шығармайды. Бірақ басқа тілде сөйлеген адамға еш жауап қатпай, бетіне күліп қарап қана тұра береді. Амал жоқ, өзің үшін өзбек тілін үйренуге тырысасың. Ағылшын тілін неге жастар 2-3 ай ішінде үйреніп алады? Өйткені ағылшын тілін меңгеру арқылы үлкен жетістіктерге, табыстарға қол жеткізе алатынын біледі. Қазақ тілі үшін де жұрттың бәрі қажеттіліктен үйренуге тырысатын жағдай жасау керек.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button