Экономика

КЕРІ ТАРТАТЫН КЕДЕРГІЛЕР

Кәсіпкерлік

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңесі отырысында 2014 жылы жасалған жұмыстар қорытындыланды.
Былтыр аталған палата сарапшылары 347 мәселені қарап, 80 өтініш бойынша оңды шешім қабылдаған, 9 мәселе әлі қаралып жатыр. Кәсіпкерлердің қалған өтініш-арыздары бойынша нақты жауап берілген.
Аталған палатаның бөлім басшысы Мирлан Бисенғалиевтің айтуынша, өткен жылы бизнес өкілдерінің мүдделерін қорғау бағытында кәсіпкерлерге 4 миллион теңгеден астам көмек көрсетілген.
— Алты түйінді мәселе кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес отырыстарында қаралды, олардың бесеуі оң шешімін тапты. Облыстық прокуратураға кәсіпкерлердің 28 ұсынысы жолданды. Бұған қоса палата сарапшылары бизнестің құқын қорғау үшін 12 рет сот отырысына қатысып, оның алтауында жеңіске жетті. Аймақтағы кәсіпкерлік саласының дамуына тұсау болып отырған жергілікті деңгейде — 19, республикалық деңгейде 52 әкімшілік кедергі анықталды. Бүгінде жергілікті деңгейдегі 10 әкімшілік кедергі жойылды, — дейді бөлім басшысы Мирлан Бисенғалиев.
Отырыс барысында, сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бірқатар мәселе қаралды. Оның бірі «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының тарифтеріне қатысты. Жергілікті кәсіпкерлер аталған компанияға тариф саясатына өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, себебі оның тым жоғарылығы кәсіпорындардың жұмысына кедергі.
Мәселен, «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты ай сайын 10.000 тонна астық қабылдайды және 50 вагон ұн жөнелтеді. Ол үшін кәсіпорын «Қазақстан теміржолы» компаниясының қызметін пайдаланады. «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты 30 шақырым жердегі Ақтөбе станциясынан кәсіпорынға дейінгі аралық үшін қосымша құн салығын қоса алғанда 1 вагонға 65 мың теңгеге жуық қаражат төлейді.
Ал шын мәнінде кәсіпорын пайдаланылған қызметіне байланысты бұдан екі есе аз төлеуге тиісті екен.
— Кәсіпорын вагондарды өнімін 10-15 шақырым жерге тасу үшін ғана пайдаланады, ал сол қызметі үшін 30-40 шақырым жолға ақы төлейді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан вагондарды Ақтөбе станциясынан емес, бұрынғыдай 41-разъезден бастап жөнелту дұрыс. Осы мәселені алға тартып, теміржол компаниясының батыс Қазақстандағы филиалына ұсыныспен шықтық. Алайда филиал бұл мәселені компанияның орталық кеңсесі шешетінін айтты. Енді «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының орталық кеңсесіне хат әзірлеп жатырмыз, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің төрағасы Марат Итеғұлов.
Марат Итеғұловтың айтуынша, кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесіне «Дастан» серіктестігі, «Ақтөбе мұнай өңдеу» зауыты мен «Лидер» жанар-жағармай бекеттері сынды кәсіпорындар да осы мәселеге қатысты өз мүдделерін қорғау жөнінде ұсыныспен шыққан.
Мәжілісте, сондай-ақ, «Қазхром» трансұлттық компаниясының Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының ұсынысы да қаралды. Зауыт басшылары экспортқа шығарылатын өнім көлемін арттыруға Ақтөбе кедендік рәсімдеу орталығының жұмыс кестесі кедергі болып отырғанын айтады.
Өткен жылы жоғары көмірсутекті феррохром өнімінің экпорттық әлеуетін арттыру мақсатында аталған зауыттың №4 цехы іске қосылған болатын. Биыл зауыт 608 мыңнан астам феррохром өнімін экспорттауды жоспарлап отыр.
— Алайда зауыт басшылығы жөнелтілетін вагон санын 40-тан 50-ге дейін арттыруға Ақтөбе кедендік рәсімдеу орталығының тек күндізгі мезгілде жұмыс жасауы кедергі болып отырғанын айтады. Сондықтан ол түнгі мезгілде де жұмыс жасаса дейді. Біз бұл мәселені толыққанды зерттеп, оңды шешімге келеміз деп үміттенеміз, — дейді М.Итеғұлов.
Мәжілісте, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жаңадан ашылатын кәсіпорындар туралы да айтылды. Олардың қатарында Ақтөбе рельс-арқалық, металл конструкцияларын шығаратын «Ұлан компаниясы», «Қазақстанның құбыр компаниясы», «КазЭлектроСтиль» металлургия зауыты сынды өндіріс орындары бар.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button