Экономика

«ЫРЫС» БАР ЖЕРДЕ КІРІС БАР

Былтыр елімізде «Ырыс» бағдарламасы іске қосылған болатын. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кейбір кәсіпкерлер бүгінде сол бағдарламаның шарапатын сезініп, мемлекеттік қолдауға ие болды. «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалы республика бойынша аталған бағдарламаны жүзеге асыруда алғашқылардың бірі болды.

Несие: сүтті сиыр және сапалы техника

Филиал директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, «Агробизнес — 2020» салалық бағдарламасының аясында іске қосылған «Ырыс» бағдарламасы сүтті-тауарлы фермаларды құру және істі кеңейтуге арналған жобаларды қаржыландыруды көздейді.
— «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы — «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы. Қордың негізгі мақсаты — қаржылық қызметтер мен ресурстарға ауыл тұрғындарының қолжетімділігін арттыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнайтын жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта бизнеске, әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген түрде мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету қажеттігін баса айтады. Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктері айтылды. Былтырдан бері елімізде «Ырыс» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламаның шарапатын ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер көре алады. Өйткені бұл бағдарлама бойынша мемлекеттен берілетін қаражат сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мен қажетті техника, құрал-жабдықтар сатып алуға беріледі, — дейді Г.Ерғазина.

Отбасылық фермалар құрылады

Былтырдан бастап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы «Сүтті бағыттағы ірі қара өсіру саласын дамыту» жобасы аясында жұмыстанып жатыр. Бұл жоба үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт — асыл тұқымды бұқаның ұрығын пайдалану арқылы жергілікті ірі қара тұқымын жақсарту болса, екінші бағыт — сүт тауарлы фермалардағы табынды жаңарту, яғни асыл тұқымды сиырмен алмастыру. Үшінші бағыт — 2014-2016 жылдары қосымша сүт-тауарлы фермалар мен отбасылық фермаларды құру.
— «Агробизнес — 2020» салалық бағдарламасы аясындағы пилотты бағдарлама саналатын «Ырыстың» несібесін ақтөбеліктер де көре бастады. Былтыр ақтөбелік кәсіпкерлер бұл бағдарламаға белсенді қатысты. Бүгінде мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған бірқатар кәсіпкерлер қазір бұл бағыттағы өз жұмыстарын жандандырып отыр, — деді Г.Ерғазина.
Оның айтуынша, «Ырыс» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің ең көп мөлшері — 60 миллион теңге. Несие мерзімі — 7 жыл. Сыйақы үстемесі субсидиялауды есептегенде — жылына 4 пайыз. Ол үшін қарыз алатын заңды және жеке тұлға төлеу қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын дәлелдеуі қажет. Атап айтқанда, оның бюджетке салық және басқа да төлемдер бойынша, екінші деңгейдегі банктер мен өзге де қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Сондай-ақ, несие алушыдан елді мекеннен тыс жер телімінде орналасқан сүтті-тауарлы фермасы мен жемшөп базасы болу талап етіледі. Аталған мал өсіретін аймақ инфрақұрылыммен, яғни электр және сумен толық қамтамасыз етілуі шарт. Тағы бір ескере кететін жайт, бағдарламаға қатысқан шаруашылықтар үшін ондағы малдың санитарлық жағдайына да арнайы талаптар қойылатын болады.

«Жаңа тұрмыстың» жағдайы

Бүгінгі күні қор тарапынан 115,9 миллион теңгеге 3 жоба қаржыландырылып үлгерді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша бірінші болып қаржыландырылған жобалардың қатарында Қарғалы ауданындағы «Жаңа Тұрмыс» шаруа қожалығы мен Ақтөбе қаласына қарасты Благодарный селолық округіндегі «Анисан», Қурайлы селолық округіне қарасты «Еңбек» шаруа қожалықтары бар. Аталған шаруа қожалықтарының жүзеге асырған жобаларының нәтижесінде 230 сүтті бағыттағы ірі қара мен сүт-тауарлы фермаға қажетті 16 бірлік техника және өзге де құрал-жабдықтар сатып алынған.
Былтыр «Жаңа Тұрмыс» шаруа қожалығының иесі «Ырыс» бағдарламасы арқылы 105 сүтті симменталь тұқымды ірі қара сатып алыпты. Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовтың айтуынша, биыл бұл шаруашылық ауданда 100 ірі қараға арналған сүт-тауарлы фермасын құруды ойластырып отыр.

P.S. Қазір қор мамандары кәсіпкерлерге «Ырыс» бағдарламасының тиімділігі мен оған қатысудың жолдарын түсіндіруде. Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниет еткен азаматтарға қор арқылы несие сәуір айынан бастап беріледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button