Денсаулық

ЭНДОПРОТЕЗ немесе буын неге ауырады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі әрбір үшінші адам буын ауруына шалдыққан. Бүгінгі күні Қазақстанда 200 мыңнан астам адам осы аурудың зардабын тартып отыр. Ілгеріде аталған сырқатқа елуді еңсеріп, алпыстан асқандар ғана шалдығатын болса, қазір жиырмадағы жастың да буыны сырқырайды. Консервативтік ем дауа болмаған жағдайда бұндай науқастарға ота жасалып, буыны ауыстырылады. Облыстық көпсалалы аурухананың травматология бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі травматолог дәрігер, ортопед, медицина ғылымының кандидаты Серік Исаевтың айтуынша, қазір ауру жас талғамайды, егер науқас дер кезінде дәрігерге қаралмаса, сырқат асқынып, отаның көмегінсіз жүре алмайтын халге жетеді.

ТІЗЕ СЫРҚЫРАП, ЖАМБАС ЖЕЛІНСЕ…

Мамандардың айтуынша, аурудың пайда болу себебі әртүрлі. Мәселен, буындардағы шеміршек майының таусылуы, сүйектің қисаюы, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревмотологиялық аурулар, остеартроз салдарынан, экологиялық ахуалдың нашарлығынан, жейтін тағам мен ішетін судың сапасыздығынан, қимыл-қозғалыстың аздығынан, салмақтың көптігінен, буындарға дұрыс салмақ салмау немесе артық салмақ салу, салқын тию, радиация сынды түрлі жайттар мен ағзаға әртүрлі инфекциялардың түсуі буын ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Серік Исаевтың айтуынша, буын ауырса, омыртқаға әсер етеді, ал ол тұтас ағзаның қалыпты жұмысын бұзады. Егер ауру алғашқы сатысында анықталып, ем жасалмаса, кейін науқастың мүгедек болу қаупі жоғары. Сондықтан буын ауруларына бей-жай қарауға болмайды.
— Буын ауруы әртүрлі себепке байланысты туындауы мүмкін және буын ауруының түрі көп. Мәселен, дені сау адамдағы жамбас буынының ауруы, яғни коксартроздың неден пайда болатыны әлі күнге дейін ғылымда белгісіз. Жақында ғана жас жігіт келді. Денсаулығы жақсы, жарақат алмаған. Бірақ жамбас буынының өзгеруінен әрең жүреді. Рентген зерттеуінің қорытындысын қарап, кешенді ем алуға кеңес бердім. Жалпы буын ауруына қырық жастан асқан азаматтар жиі шалдығады. Аурудың төрт сатысы бар. Алғашқыда сырқат жанға батып ауырмағандықтан, көпшілігі мән бермейді. Мәселен, кейде ауыр жұмыс істегенде, көп жүргенде, баспалдақпен жоғары көтерілгенде адамның буын-буыны сырқырап, бел мен жамбас сүйектерде ауырсынулар болады. Бірақ демалғаннан кейін, ауырғаны басылады. Осылай жалғаса береді. Ал соңғы сатысына жақындағанда, адамның буыны үнемі ауырып, кейде адам ақсап жүреді, — дейді Серік Исаев.
Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары жамбас, тізе буындары ауыратын науқастар саны көбейіп барады. Буындардың шеміршегі ыдырап жойылып, сүйек беті жалаңаштануынан пайда болатын буын шеміршегінің дегенерациясы, яғни остеоартроз, жамбас буындары кішірейіп, сүйек солып, адамды ақсақ етуге әкелетін некроз да, туғаннан пайда болатын диспластикалық және жүре пайда болатын коксартроз да көп. Қазір екінің бірінің тізесі қақсаса, жамбасы желініп, төсекке таңылғандар қаншама. Емші жағалап ауруын асқындырып алғандар немесе жарақат алып, буынына зақым келгендер дәрігерге дер кезінде қаралмайды. Ал бұның соңы көп жағдайда мүгедектікке әкеліп соқтырады.

22 АДАМҒА ОТА ЖАСАЛДЫ

Серік Исаевтың айтуынша, буын ауруы соңғы сатысында анықталса, тек қана ота жасап, жасанды буын орнату арқылы ғана науқасты аяққа тұрғызуға болады.
Ілгеріде бұндай күрделі ота түрі Ресейде жасалатын. Ал қазір бұл мүмкіндік біздің елімізде де іске аса бастады. Тізе мен жамбас буындарын ауыстыру отасы Ақтөбеде 2010 жылдан бастап қолға алынды. Осы күнге дейін екі жүзге жуық адамға ота жасалса, оның ішінде ең жасы — 20, үлкені 76 жастағы қарт адам болып отыр. Бұл ота түрі бұған дейін тек қана қаладағы жедел жәрдем ауруханасында жасалып келсе, өткен жылдан бастап облыстық көп салалы ауруханада да буын ауыстырыла бастады. Былтыр облыстық емдеу мекемесінде 22 азаматқа ота жасалыпты. Биыл жүз адамға, оның ішінде елу тізе буынға ота жасау үшін мемлекеттік тапсырыс берілген.
Серік Исаевтың айтуынша, бұрын ота жасау кезінде қарапайым пластиналар пайдаланылса, қазір жетілдірілген металл түрлері қолданылады. Бұрын науқасқа протез салмас бұрын алдымен гипс орнатылса, бүгінде жаңа технологияның арқасында протезді бірден салуға мүмкіндік бар.
— Протездердің керамика, полиэтилен, металл секілді түрлері бар. Көпшілігі Ресей, Қытай, Еуропа мен Америкада жасалады. Біздің ауруханаларда бес жылдан бері американдық «Stryker» фирмасының протездері пайдаланылады. Протездер арнайы металл мен полиэтиленнен жасалған. Адамның өмір сүру салтына байланысты полиэтилен протездер 20-25 жылға дейін желінбейді. Уақыт өткеннен кейін буын ортасындағы қозғалмалы пластина желінеді, оны ауыстырамыз. Дегенмен біздің бұндай отаны жасағанымызға небәрі бес жыл болды. Сондықтан нақты ұзақ жылға кепілдік бере алмаймыз. Барлығы адамның өмір сүру салтына байланысты. Артық салмақ, шамадан тыс қозғалыс пластинаның тез мүжілуіне әкеледі, — дейді дәрігер.
Бұндай ота түрі өте қымбат. Шамамен бір миллион теңге тұрады. Науқастардың оны өздігінен сатып алуы қиын. Олар тек мемлекеттік тапсырыс негізінде арнайы квотамен емделеді. Ота жасатуға бел буған науқас алдымен жергілікті емхана арқылы медициналық тексеруден өтіп, порталға тіркеліп, кезегін күтеді.
— Науқастың буынын ауыстырмас бұрын отаның тиімділігі мен отадан кейінгі асқынулар болатынын ескертеміз. Себебі буын ауыстыру оңай жасалатын оталардың қатарына кірмейді. Алдымен бұндай жағдайға науқастың өзі психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Отадан кейін түрлі асқынулар болуы мүмкін. Мәселен, кейбір науқасқа протез салғаннан кейін организм оны қабылдамайды. Бұндай жағдай науқас үшін өте қиын, ол буынсыз қалады. Ем ұзақ жүреді әрі қымбатқа түседі. Протезді алып тастау үшін Астана қаласына жібереміз. Ол жердегі дәрігерлер протезді алып, орнына цемент құяды. Кейін қайта салады. Сондай- ақ, протез дұрыс орнықпаса, шығып кетуі, түрлі инфекциялардың салдарынан іріңдеуі, ота кезінде сүйек сынып, жүрек тоқтауы мүмкін. Инфекциялық, яғни бронхит, өкпе қабынуы секілді аурулар отадан кейін асқынып, буынға зақым келтіруі мүмкін. Осындай жағдайлардың барлығын біз науқасқа ескертеміз. Ота жасалғаннан кейін науқас адам үш айға дейін жүруіне болмайды. Себебі протез сүйекке орнығып кету үшін артық қозғалыс жасамау керек. Сондықтан осы кезде сүйек қатайтатын, қан сұйылтатын дәрілер ішеді. Жалпы осы уақытқа дейін жасаған оталардың ішінде бұндай асқынулар көп болмағанымен, науқастар да кездесті. Буын ауыстырылғаннан кейін емделуші біздің бақылауымызда болады. Санкт- Петербургте оқығанымызда бізге дәріс берген профессордың айтқаны есімде. «Өзің ота жасаған науқастан қол үзбей, оны үнемі бақылауыңда ұста, сонда салыстырып, өмір бойы тәжірибе жинақтайсың» деген. Білікті маманның осы сөзі әлі жадымда. Ота жасатқан азаматтар қандай жағдай болмасын келіп кеңес алып, денсаулығының қандай күйде екенін айтып отырады, — дейді бөлім меңгерушісі.
Сондай –ақ, науқастар жасанды буынды Астана қаласындағы ҚР Травматология және ортопедия республикалық ғылыми-зерттеу институты, Астана қалалық ауруханасы, ҚР Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми зерттеу орталығында салдыртады. Облыс ауруханасының мүмкіндігі келмейтін күрделі ота түрі осы емдеу мекемелеріне жолдама арқылы жіберіледі.

АҚТӨБЕЛІК ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Серік Жаңабайұлының медицина саласында еңбек еткеніне биыл отыз үш жыл толады. Облыста буынға алғаш рет ота жасаған білікті маман. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей, Германия және Еуропаның бірқатар елдерінде осы бағытта тәжірибеден өтіп, білімін жетілдіріп келді. Білікті дәрігердің айтуынша, Еуропа елдерінде жасанды буын салу ісі өте жетілген. Бұл елдерде эндопротез 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.
— Дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесін үйреніп, оны пайдалана білу біздің медицинаның ілгері басуына үлкен ықпалын тигізеді. Мәселен, Австрияда оқып жүргенімде профессорлар университет жанындағы клиникада тізе буынын ауыстырудың қыр-сырын үйретті. Осы кезде мені таңғалдырғаны — біз отаны мәйітке жасадық. Мәйіт денесінің жоғарғы бөлігі жоқ. Бірақ тірі адамға жасап жатқан сияқтымыз. Бұндай әдіс ота жасаудың қиындықтарын тез үйренуге мүмкіндік береді екен. Ота кезінде жарық беретін, пайдаланатын медициналық құралдардың барлығы озық үлгіде. Осыларға қарап Еуропаның медицинасы бізден тым ілгері кеткенін аңғардық, — дейді Серік Исаев.
Серік Жаңабайұлы өз білгенін кейінгі жастарға үйретіп жүр. Ауруханадағы Бағдат Ғұмаров секілді жас мамандар білікті дәрігердің тәжірибесін өз бойларына сіңіруде. Тіпті тәжірибе жинақтаған бірқатар шәкірттері Астана қаласында еңбек етеді. Елордадағы ҚР Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты секілді ірі емдеу мекемелерінде буынға ота жасайтын білікті мамандардың көпшілігі ақтөбеліктер екенін де мақтанышпен айтуға болады.
Жалпы қазір қалада тәжірибелі мамандардың қатары көп. Мәселен, жедел жәрдем ауруханасында жасанды буын салу ісін меңгерген Ерғали Базарқұлов секілді білікті дәрігерлер халық ықыласына бөленіп жүр.

P.S.
Дертті емдеуге дәрменің болмаса, бір айналдырған ауру шыр айналдырары анық. Мәселен, коксартрозға шалдыққан адам оң аяғына ота жасатса, бір жылдан кейін екінші жамбас буынын да ауыстыру қажет екен. Себебі барлық салмақ сол аяққа түсетіндіктен, оның да шеміршегі мүжіледі. Сондықтан аурудың алдын алып, денсаулықтың қадірін білген жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button