Экономика

Үш жақты меморандумға қол қойылды

Былтыр Ақтөбеде қаласы әкімдігі мен өкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларының нәтижесінде 45 кәсіпорында 4615 жұмысшыға 246 миллион теңге көлемінде еңбекақы берешегі өтелген. Бұл туралы кеше Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың қатысуымен жұмыс берушілер, кәсіподақ өкілдері және қалалық әкімдік арасындағы өндірістік жүйені реттеу бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қою мақсатында өткен жиында мәлім болды. 

Қалалық әкімдікте өткен жиынға облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов,  сондай-ақ Ақтөбедегі ірі кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері, қала әкімдігі жанындағы үшжақты әлеуметтік-әріптестік және еңбек қатынастарын реттейтін комиссия мүшелері мен кәсіпкерлер палатасының мамандары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Басқосуда қала әкімі Ерхан Омаров бұл жиынның маңыздылығына тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында экономикалық әлемдік дағдарыстың жағымсыз тұстарының халқымыздың әл-ауқатына әсерін тигізбеу үшін алдын ала шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Сондықтан бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар бірқатар ауқымды шаралар өткізуде. Соның ең бастысы — жұмыс берушілер, кәсіподақ өкілдері мен қалалық әкімдік арасындағы өндірістік жүйені реттеу мақсатында өзара түсіністік меморандумына қол қою. Бұл меморандумның мақсаты — өндіріс орындарында жұмыс қарқынын төмендетпеу, өндірістің қажетті көлемін сақтау, қала халқының мұқтажын есепке алу мен әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу, отбасы бірлігі мен бейбітшілікті сақтау, — деді Ерхан Болатжанұлы.

Басқосу кезінде аймақтағы өндіріс орындарында еңбек шиеленістерінің алдын алу және болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева баяндады. Ол өз сөзінде Президенттің «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Қалалық әкімдік және өкілетті мемлекеттік органдар Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындар мен мекемелердегі еңбек қатынастарына үнемі мониторинг жасап отырады. Соның ішінде әлеуметтік маңызы зор еңбекақы берешектерінің өтелу шаралары және әртүрлі себептермен жұмыскерлердің жұмыстан босатылуы, ұжымдық шарт жасақталу барысы үнемі бақылауда. Былтыр қала әкімдігі жанындағы үшжақты әлеуметтік-әріптестік және еңбек қатынастарын реттейтін комиссияның 4 отырысы, сонымен қатар қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және әлеуметтік еңбек дауларының алдын алу жөніндегі штаттың бірлескен жиындары өткізілді. Бұл отырыстарға 100-ден астам кәсіпорын басшылары шақыртылды. Әрбір жиында еңбек заңнамаларын сақтау аясында еңбекақы берешектеріне жол бермеу, еңбек қауіпсіздігін қорғау, ұжымдық келісімшарт жасақтау барысы, еңбекақы мөлшерін 10 пайызға арттыру, негізгі азық-түлік бағаларын тұрақты сақтау, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасын орындау, әлеуметтік нысандарда мүгедектерге жағдай жасау секілді өзге де мәселелер қаралды. Отырыстарда талқыланған мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды, — деді Н.Бөртебаева.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр Үкімет отырысында ірі өндіріс кәсіпорындарында жұмыскерлерге жалақыны 10 пайызға көтеру жөніндегі берілген тапсырмасының қатаң қадағаланғанын айтты. Соның нәтижесінде өткен жылы Ақтөбеде  қызметкерлері мен жұмыскерлерінің саны 250-ден асатын барлық 74

ірі кәсіпорында еңбек ететін 46116 адамның еңбекақысы 10 пайызға өсірілген.

Жұмыскерлердің уақытылы еңбекақы алу мүмкіншіліктері үнемі назарда. Жалпы қала бойынша былтыр қала әкімдігі мен өкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шаралары арқасында 45 кәсіпорында 4615 жұмысшыға 246 миллион теңге мөлшерінде еңбекақы берешегі  өтелді. Биыл да қалалық кіріс басқармасы, облыстық еңбек инспекциясы және статистика органдарымен осы бағыттағы жұмыстарды  әрі қарай жалғастыратын боламыз, —  дейді Нәйлә Бөртебаева.

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде еңбек ұжымдарына ұжымдық шарт жасақтау қарастырылған және аталған құжат заңнама аясында облыстық еңбек инспекциясында тіркелуі қажет. Былтыр Ақтөбеде жұмыскерлер саны 21 адамнан асатын 1338 кәсіпорын тіркелген. Өткен жылдың  1 шілдесінде  сондай кәсіпорындардың 789-ы ғана  ұжымдық шарт жасасса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш — 68 пайыз, яғни 917 мекеме өз жұмыскерлерімен ұжымдық шарт жасасқан.

Ұжымдық шарт кәсіпорындардың арасында әлеуметтік келеңсіздіктерге жол бермейді және еңбек қатынастарының ахуалын бірқалыпты сақтауға, басшы мен жұмыскердің өзара әлеуметтік міндеттерін айқындауға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар да алдағы уақытта өз жалғасын тауып, қатаң бақылауда болады, — дейді Н.Бөртебаева.

Ақтөбе қаласында әлі де болса жұмыскерлер алдында берешегі бар мекемелер бар. Солардың бірі — «ОйлТехноГрупп» серіктестігі. Бұл мекеменің жұмысшылар алдындағы берешегі — 15,6 миллион теңге. Аталған мекеме басшылығына қалалық әкімдік тарапынан ҚР Еңбек Кодексі бойынша нақтылы іс-шаралар қабылдау қажеттілігі ескертіліп, келеңсіз жағдайлар прокуратура органдарына хабарланған.

Жиын соңында қала әкімі Ерхан Омаров, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов және бірқатар ірі кәсіпорын өкілдері  өндірістік жүйені реттеу мақсатындағы өзара түсіністік шеңберінде үшжақты меморандумға қол қойды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button