Жаңалықтар

ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІМЕН ҚОШТАСТЫ

Кеше облыс жұртшылығы соғыс және еңбек ардагері, өңірдің экономикасын дамытуға еңбек сіңірген, облыстық мүгедектер қоғамының бұрынғы төрағасы, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы  Федор Евгеньевич Чемодановты ақырғы сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов жиналғандарды марқұмның өмірбаянымен таныстырды.

Федор Евгеньевич өзінің еңбек жолын 1941 жылы, 14 жасында Қобда ауданында бастаған. 1944 жылы 17 жасында ел қорғауға майданға аттанады. Фашистік Германияны жеңгеннен кейін Қиыр Шығыстағы әскери қимылдарға қатысады. Жауынгерлік батылдығына сай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол елге 1951 жылы оралады.

Ұзақ жылдар бойы Қобда ауданының ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ол Қарабұтақ, Комсомол аудандарында атқару комитеті мен партия ұйымына жетекшілік етеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан лайықты үлесі үшін КСРО-ның және тәуелсіз Қазақстанның орден-медальдарымен марапатталды.

Өмірінің соңғы кезіне дейін облыстық мүгедектер қоғамын басқарды.

Майдангердің алдағы атап өтілетін Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында дүниеден озғаны өкінішпен аталды. Оның есімінің облыс тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны да сөзге арқау болды.

Федор Евгеньевич Чемодановтың балалары мен немерелеріне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, марқұмның жолдастары көңіл айтты.

Абат ҚАРАТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button