Білім

«Мектепке жол» 13 бала 115 200 теңгеге киінді

Басталғанына екі аптадан асқан «Мектепке жол» акциясының барысында облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары ұйымдастырған рейдтік шаралар, сенім телефондарына келіп түскен қоңыраулар негізінде балаларын мектепке дайындауда көмекке жүгінетін 59 отбасы, 170 бала анықталды. Солардың ішіндегі «Кривое озеро» саяжай аумағындағы, Россовхоз елді мекеніндегі және Әйтеке би ауданының Сарат ауылында тұратын 13 балғынға өткен жұмада «Шығыс сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 115 200 теңгенің көлемінде мектеп киімдерін алып берді.

Акцияны ұйымдастырушылар қасиетті Рамазан айының алдында жасалған қолдаудың сауабы үлкен болатынын айтады.

Акция басталғалы көмекке мұқтаж 68 балаға 1 050 200 теңгенің көлемінде көмек жасалды. Біздің үндеуімізге алғаш үн қатқан азаматтардың бірі жеке кәсіпкер С. Степаненко көмекке зәру отбасыларға 300 200 теңгеге киім-кешек үлестірді. Сонымен қоса «Трансэнерго», «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы 1-сыныпқа қабылданатын 20 жетім баланы мектепке даярлау жұмыстарына кірісіп кетті. Аталмыш қоғам мүшелері көрсетілетін көмектің 300 000 теңгені құрайтынын айтады. Облыс әкімінің орынбасары С. Нұрқатованың үндеу хатына орай облыстық мәдениет басқармасы, облыстық прокуратура, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық құрылыс, әділет басқармалары, табиғи монополияларды реттеу департаменті, техникалық реттеу және метрология департаменті, «Батыс» өңірлік дәрменсіз борышкерлермен жұмыс, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменттері тұрмысы ауыр, көп балалы отбасылардың 22 бүлдіршінін мектепке дайындау үшін жұмыстар жүргізуде. Бүгін «Шығыс сервис ЛТД» ЖШС осындай  игілікті істі жүзеге асырып отыр,- дейді облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Бағдат Орынбаева.

Балғындарға қолдау көрсетіп отырған «Шығыс сервис ЛТД» ЖШС басшысы Берік Есенов мұндай игі шараның әлі де жалғасын табатынын айтады.

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру – әрбір адамның азаматтық борышы. Сіздерді алдағы білім күнімен құттықтай отырып, үлгілі оқушы болыңдар деп тілек білдіремін,– дейді ол.

«Шығыс» базарынан кейуана Ұрқия Қойшыбаеваның да бір немересі толық мектеп киімін киіп кетті. Әже осындай жобаны іске асырушыларға, ел тыныштығы мен бірлігін сақтап отырған Елбасына аналық алғысын білдірді.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button