Билік

«Жас ұлан» 200 достың еншісі

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП жанынан ашылған «Жас ұлан» аула клубының жабылу рәсімі өтті. Бір жарым ай жұмыс жасаған демалыс орнының жабылуына аула клубына келген балалардың ата-аналары, облыстық мәслихат депутаттары, партия мүшелері мен қонақтар қатысты.

Жеткіншектердің демалысын тиімді ұйымдастыру үшін құрылған клубқа аз уақыттың ішінде 200-ге жуық бала тартылған. «Нұр Отан» ХДП ғимаратының маңындағы отбасылардың балаларынан басқа өзге облыстардан қыдырып келген балғындар да аула клубының қызығына куә болды.

Бір жарым айда көптеген баланы қамтыған аула клубының балаларға бергені көп. Түрлі ойындар мен қаланың  әсем жерлеріне саяхаттаған  балғындардың қуанышты екенін бал-бұл жанған жүздерінен байқауға болады.  Олардың  әр  күндерінің қызықты өтуіне қолымыздан келгенше жағдайлар жасадық. Облысымыздың танымал адамдарымен жүздестіріп,  кітапханамен жұмысты күшейттік.  Бүгінгі шараны жеткіншектеріміздің өз ойларын ашық айта білуі, үлкендер  алдында көрген-білгендерін еркін жеткізуі мақсатында брифинг түрінде өткізіп отырмыз. Биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған шараның тиімді жағы басымырақ болып жатса,  әр жылы дәстүрлі өткізбек ойымыз да бар, – дейді «Нұр Отан» ХДП қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сейталина.

Бастапқыда аула клубын жұмыс жасап, ақша табатын орын екен деп аяқ астынан келіп қалған Ақниет Абашев мұнда келгеніне еш өкінбейтінін жеткізді.

Әуелгіде «Жас ұлан» жайлы толық ешнәрсе білмеген  інім екеуміз  ата-анамыздан  тығылып кеп, жұмыс жасап,  ақша тапсақ  деп ойладық. Сөйтсек, бұл жер оқушылардың демалатын орны екен. Сол кезден  бастап біз де күнделікті  аула клубынан қалмайтын болдық. Достарыңмен, тәрбиешілермен түрлі қызықтарды бастан кешкен кімге жаман болсын, – дейді ол.

Балғындардың аула клубы жайлы пікірлерін ерекше ықыласпен тыңдаған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есіркепов осы шараға қаржылай көмек көрсеткендерге зор ризашылығын білдірді.

Елбасымыздың қолдауымен атқарылып жатқан игі шаралар жетерлік. Бүгінгі жабылғалы отырған аула клубы да еліміздің болашағы боп табылатын балғындарға аз да болса қолдау көрсетуге бағытталған. Аула клубына қаржылай көмек көрсеткен азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Амангелді Қабашұлы.

Қолдау көрсеткен азаматтарға балалар атынан естелік сыйлықтар табысталды. Қонақтар атынан сөз алған Қазақстан Республикасының  Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Тобыл-Торғай экологиялық департаментінің бастығы Ақылбек Дадин жеткіншектерге жақсы демалған  баланың жақсы оқуы тиіс екенін ескертті.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button