Экономика

«Темір жәрмеңкесі» жарыққа шықты

Өткен бейсенбіде С. Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Беркін Құрманбековтің «Темір жәрмеңкесі» кітабының тұсаукесер рәсімі болды.

Бұл шараға тарихшылар, кітапхана оқырмандары, сондай-ақ Темір ауданынан арнайы келген қонақтар қатысты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Құрманбековтің бұған дейін Көкжар жәрмеңкесі, Алтай батыр, патшалық Ресей кезінде Думаға депутат болған Алпысбай Қалменов туралы, т.б. зерттеулері жеке кітап болып жарық көрген еді. Уақытында біздің өңіріміздегі  ірі сауда орталықтарының бірі болған Қарақамыс жәрмеңкесі туралы зерттеу жұмыстарын тарихшы темірліктердің өтінішімен қолға алыпты.

– Қарақамыс жәрмеңкесінің, сонымен қатар барша қазақтың рухани-мәдени өмірінде өзіндік үлкен ролі болған Темір қаласының тарихын зерттеу бүгінгі жастар, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды іс деп білемін. Міне, тарихшы Беркін Құрманбековтің «Темір жәрмеңкесі» кітабы жарыққа шығып отыр. Бұл – үлкен еңбек, үлкен қуаныш. Есімі халқымыздың мақтанышына айналған таудай тұлғаларды тәрбиелеп өсірген өңірдің тарихына қатысты әр дерек біз үшін қымбат, – деді облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы Ахат Мырзалин тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Сонымен бірге Ахат Мырзалин: «Тарихшы осы бағыттағы зерттеулерін әрі қарай жалғастырса», – деп тілек айтты.

Ал Темір аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Шаһмардан Есжанов жуырда «Темір» энциклопедиясының жарыққа шығатыны жөнінде жақсы хабар жеткізді. Ол Беркін Құрманбековке аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан Алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ, тарихшы ғалымдар, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар «Темір жәрмеңкесі» кітабы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button