Құқық

Абайлаңыз, өрт!

Дала алқаптарында түрлі шөптер, шөп қалдықтары, бұталар, қамыстар, т.б. үлкен көлемді жанғыш материалдар бар. Бұл материалдар, әсіресе, тұрақты құрғақ ауа райының өзінде де тез тұтануға бейім. Даладағы өрттер тез өршиді. Мұның себебі – өрттің таралу жылдамдығына желдің жылдамдығы ықпал етеді. Құрғақшылық ауа райында өрт жалынының таралуы биік өскен шөпті алқапта 500-600 м/минутқа жетеді. Сирек аласа өскен шөпті алқапта, сондай-ақ желсіз мезгілдерде өрттің таралу жылдамдығы 10-15 м/мин болады.

Дала өрті әдетте кеш байқалатындықтан, ол мыңдаған гектар аумақты шарпиды. Өрттің таралу барысында «құйындар» пайда болып, отты алыс қашықтыққа жеткізеді. Мұндай өрттің күштілігі соншалық, ені 12-15 метрге дейін жасанды және табиғи кедергілерді аттап өтеді.

Өртті сөндіру тактикасы және оны ұйымдастыру негіздері облыстық немесе аудандық жиын-терін, шөп шабу, жинау кезіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарында көрсетіледі. Бұл жоспарда тұрғындарды тарту тәртібі, өрт сөндіру техникаларын жұмылдыру, байланысты ұйымдастыру, дәрігерлік жәрдем, басқа да өртпен күресудің шаралары қарастырылады.

Өрт болған кезде көлік немесе авиацияны пайдалану арқылы барлау мәліметтері жергілікті жер картасына түсіріліп немесе өрттің шекарасы, таралу бағыты, табиғи кедергілер, жолдар, сумен қамтамасыз ету құралдары және т.б. белгіленген жүйе құрылады.

Дала өрттерін сөндірудің негізгі тәсілдері мен амалдарына тоқталсақ: жерді жырту. Бұл – бір. Екіншіден, өсімдіктерді сумен ылғалдандыру. Үшіншіден, өрттің таралу аумағының алдындағы шөпті алдын ала шабу.

Өрт кезінде өрттің таралу жылдамдығы 7 м/с және одан да артық болса, сөндірудің бір тәсілі қоршау кедергі белдеулерін, табиғи кедергілерді (жолдар, өзендер, көлдер, сайлар) пайдалана отырып жасау.

Айта кететін бір жайт, дала өртін байқаған әрбір адам ол туралы өрт сөндіру мекемелеріне дереу хабарлағаны жөн.

Базарбек ЕСЕНОВ,

№19 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button