Мәдениет

Мәнерлі мектеп

Халық әртісі, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, этнограф, педагог Ғарифолла  Құрманғалиевтің орындаушылық мәнері этностық мәдени генофондымызға  қосыл-ған дәстүрлі әншілік мектептің озық үлгісінің бірі екені белгілі. Олай болса, оны ұрпақ тәрбие-сінде пайдаланып жалғастыру – қажеттілік. Ән созып, жыр айту өнерін индивидті әлеуметтендірудің негізгі құралдары қатарында қолдану бұрынғылардан  келе жатқан сабақтастық, дәстүр еді. Енді осы тұрғыдағы кейбір мәселелерді таразыламақпыз.

Сан алуан дәстүрлеріміз ғасырлар бойы халықтық педагогика тағылымдары арқылы сабақтасты. Оның адам бойында өмірде аса қажет әдет-дағдыларды қалыптастырар өзіндік амалдары мол еді. Ол ұрпаққа тәрбие беру ісінде үлкен роль атқарды. Атқара да бермек.

Халықтық педагогика – ұлттық тәжірибелер мен тағылымдар жиынтығы, тәлім- тәрбие мұратына жетудің нұсқа жолы -тын.

Қазақ жұртының бағзыдан желі тартқан әнші-жыршылыққа баулу педагогикасы өзгеше бітімімен дараланады. Оның әдіс-тәсілдері материалдарды жадта ұстап қалуын қамтамасыз ететін процестермен, яғни есту қабілеті арқылы қабылдау барысында музыкалы дыбыстың жоғарғы күшін, биіктігін, ұзақтығын, тембрін қапысыз тани білу, ажырата алу, ұғып қалу қасиеттерімен ұштасады, жүзеге асырылады.

Бұрынғы әнші -жыршылардың бәрісі осы жолдан, осы үрдістен өткен. Бұған олардың шығармашылық өмірі, қалдырған деректері нақты мысал-куәлік болады.

«Қырымның қырық батырын» жырлап өткен атақты Мұрын жырау былай дейді, өзінің ұстаздарының бірі Мұрат Мөңкеұлы турасында: «Маған жыр үйреткенде Мұрат ақын екі түрлі әдіс қолданды. Бірінші әдісі: Ол кісі етікші болатын. Ұсақ-түйек жұмыстарын маған істетеді де, өзі тігіп отырып, айтылатын жырдың шығу тарихын маған түсіндіріп айтып береді.  Содан кейін: «Ал, бала, енді дайындал, жыр толғауына ілесіп отыруға әзір бол», – деп ескертеді.

Бір кезде әдемі, жұмсақ қоңыр дауыспен сайрай жөнелер еді. Мен ақынның ырғағына ілесіп, іштей қосылып отырамын. Бұл әдісті көбіне қысты күні қолданар еді. Ал жазды күні шөп шабу, егін ору, жылқы бағу сияқты жұмыстарды жақсы көретін. Ондайда мені қасынан қалдырмайтын. Кең сахараға шыққан соң ақын ерекше көңілденіп, масайрап кетер еді. Даусы да шабытты, тартымды болып шығатын.

– Бүгін мына жырды бастаймыз, – деп тағы да айтылмыш жырдың тарихын қысқаша айтып береді де, жыр тиегін ағытып, аңырата жөнеледі. «Үніңді шығарып, маған қосылып отыр! » – деп ескертіп алатын. Мен де ақын сынынан өту үшін барымды салып бағамын. Бір кереметі, жыр айтқанда әр сөзін сабырлы, салмақты, терең ойлы, «Тыңдасаң да, тыңдамасаң да – тыңда» дегендей шегелеп, шегендеп айтар еді. Менің бір байқағаным, қыстай үйде отырып үйренген жырларымнан сахарада жүріп үйренген жырларды тез айтып жаттығып кеттім… Мен Мұрат ақыннан тек қана жыр үйреніп қойғаным жоқ, сонымен қатар еңбеккер-лікке де үйрендім, қамқорым бол-ған ақынға еріп жүріп шөп те шаптым, егін де ордым, бау да байладым, жылқы да бақтым.  …Қандай ұзақ жырларды үш қайтара тыңдағаннан кейін, өздеріне домбыраға қосып түгелдей айтып беретін едім. Күндіз қолым еңбекпен жарысса, көкірегім күндіз-түні жыр ағынымен жарысар еді. Соған ұстаздарым қуанып: «Сенің иең бар жыршысың», деп бағалар еді. Жаттап үйренген жырларымды ай бойы айтқызып, тыңдап, сарапқа салар еді. Нұрым, Қашаған, Мұрат ақындардан үйренген отыз алты жырдың отыз алты мақамы бар. Әрбір жырды өзіне лайық әр түрлі сарынмен айтсаң, тыңдаушылар жалықпай, құмарлана тыңдайды деп үйрететін де солар болатын».

Ұстаз Ғарифолла Құр-манғалиевтың мына мәліметінен де халықтық педагогика болмысын тани түсеміз.

«Әнді , – дейтін ол, – Мұхиттың немересі Шайқыдан үйрендім. Торы төбел аты болды оның. Баламын. Қайда той-топыр сонда әкететін міңгестіріп. Жазық далаға шыққан соң  ән салады. Даусы cұмдық еді. Үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін… Шайқы әнді салған сайын: «Ал, Ғарифолла, енді сен айт», – деп маған қайталаттырып отыратын. Мен қайыра қайталап бергенде, марқұм риза боп,
бауырына қысатын…

Жарылқаған, Нұрмахан, Әбуғалидың Құмары сынды атақты жыршыларды да көрдім. Тыңдадым. Босағада отырып-ақ олардың саздарын қағып алатынмын».

Келтірілген   бұл   мәліметтер  бағзылық   педагогиканың амал-жолдарынан мағлұматтар береді.

Ән-жырдың  сазды әуезін осылайша тікелей бетпе-бет үйрену тәсілі әуенді айқын түйсінуге, нота арқылы еш көрсетуге келмейтін айшықты дыбыстарды, дауыс бояуын  анық естіп, сезініп, оның куәсі болуға толық мүмкіндік туғызатыны талассыз шындық.

Бұл пікірімізді  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтжан Тоқтағанның мына сөзі де растап, қуаттай түседі: «Қазіргі шәкірттер Динаны, Оразғалиды, Қалиды, Нәбиді тыңдамай-ақ домбырашы болғысы келеді. Қазіргі шәкірт неге қағазға бейім? Нота бермей күйтабақ берсе, мың рет тыңдап ала алмайтын бейшара. Осының себебі неден? Көкірегімен күйді сезе алатын адамның бірде-біреуі мен: «Күй көз үшін емес, құлақ үшін, жүрек үшін жаратылған», – десем дау-ласа, қоймас деп ойлаймын. …көбінесе нотамен ғана ойнайтын оқушыларды тәрбиелеп шығардық. Нота үйрену сонша керек болса, қазақтың ескі замандағы домбырашылары іргеде тұрған қытайдың сандық нотасын алуға өресі жетер еді. Бірақ көшпелі халық ешқандай нотаны алған жоқ, қабылдаған жоқ, құлақпен естіп, көкірекпен ұғынып, сол аталар салған қасқа жолмен жүре берді. Жүре беру керек еді. Бірақ қасіретімізге орай, бізге батыс еуропа мәдениеті келді. Сол мәдениетпен бірге шығыс, оның ішінде қазақтың мәдениетіне мүлдем жат, дыбысты көзбен түйсіну дәстүрі келді, – дей келіп, білікті ұстаз одан әрі, – Нота үйрену қалсын, сақталсын, бірақ нота жазу мәдениеті кейін келген… соған сәйкес орнын тапсын. Ал күй үйренудегі байырғы дәстүр, күйді көзбен емес, құлақпен тыңдау дәстүрі, сол арқылы әрбір дыбысты мидан, жүректен өткізіп сіңіру қазақтың төл дәстүрі деп танылсын және бірінші ретке қойылсын. Ал енді нақты педагогика саласында бұл мәселе қалай шешілуі керек? Құдайға шүкір… ұлы орындаушылардың өзі болмаса да, көзі бар. Таспаға түсірілген, күйтабақтарға жазылған күйлері бар. Ұрпақ санасы… о бастағы сыны бұзылмаған, қуатты әрбір дыбысының илеуі қанған, сұлу нұсқаларды тыңдау арқылы қалыптасуы керек», – дейді.

Бұл – бүгінге дейін сабақтасып келген бағзылық әншілік дәстүр қалыбын үйрету, оқыту жағдайындағы да мәселе. Енді  соған  тоқталайық.

Музыкалық білім беруде халық педагогикасының жоғарыда Мұрын жырау, Ғарифолла баян еткен әдістері үйренуші бо-йында мына қасиеттердің берік қалыптасуына негіз қалайды:

а) дағды;

ә) байқағыштық.

Дағды әдепкіде саналы түрде орындауды қажет ететін әрекеттің жаттыға беру нәтижесінде автоматты қалыптасуы болса, байқағыштық – танымдық құрыл-ғы және соған сай шындықты қабылдауды орнықтыратын қасиет. Анықтамасында: «Байқағыштық – заттың, құбылыстың егжей-тегжейін аңғартатын адам қабілеті», – делінген. Бұларды музыка, өнер мектептерінде Ғарифолла Құрманғалиевтің стиль-мәнері негізінде ашылған кластарда оқитын шәкірттерге оның орындауында жазылып қалдырылған фонотекамыздағы халық шығармаларын әр сабақ үстінде әлденеше рет тыңдата отырып, оқытушы көмегімен олардың назарын мына жағдайларға аударту барысында орнықтырып, дамыта түсуге болады:

а) мелодияның  ладтық пішін -құрылымын зерделету;

ә) ән фразаларындағы дауыс регистрін, дыбыс өлшемдерін, тыныс алу кезеңдерін бағамдату;

б) үн тембрін, оның айшықтанып құлпыру қалыбын пайымдатып сезіндіру;

в) әуен үзінділеріндегі орын-даушы даусының динамикалық дәрежесін ұғындыру;

г) мәтін сөздерінің орфоэпиясын бажайлату;

д) аспап сүйемеліндегі қағыстарды, перне дыбыстарын қадағалату.

Баяндап отырған жайт-тарды академик Ахмет Жұбановтың пікірі де қуаттай түседі, ол: « …музыканы қайталап көп тыңдау керек және сол тыңдаған музыканы қайталап айтып дағдылану керек. Түгел айту қиын болса, бөлшектеп, қайталап үйрену керек. Бұл слухтың (есту қабілеті – Б.К.) дамуына үлкен жәрдем етеді. Кейбір қиын болған кездерде аспаптың жәрдемі де тиеді. Қандай аспапты ойнай алатын болсаңыз, сол аспапта есіткен музыканы тартып көру керек. Бірақ соның өзінде де үнемі дауысты қосып отыру қажет.

Біздің әндеріміздің өзі де біркелкі болып келмейді. …тыңдағанда осы жақтарын айыруға тырысу керек. Кейбір әндер өлең шумағының екі жолымен бітіп қалады. Біреулерінде қайырма болады. Біреулерінде қайырма орнына шумақтың соңғы жолы қайталанады. Ал біреулері үш-төрт шумақ бойына кетеді (Мысалы, «Қорлан», «Алтыбасар», «Қаракөз», т.б.). Бір әндер қоңырлата басталады («Жайма қоңыр», «Жай қоңыр»), бір әндер бірден шырқала басталады («Жанбота», «Бала Ораз», «Ардақ», т.т.). Осыларды айыра білу керек. Сөйте-сөйте ән тыңдауға адам машықтанады», – дейді.

Демек, Ғарифолланың ән салу мәнер-стилін үйренуге ден қойған талапкерлерге  оның орындауында шығармалар жазылған бейнетаспаларды, үнтаспаларды мүмкін-дігінше жиі тыңдатқан жөн. Себебі осындай педагогикалық іс-әрекеттің  негізінде шәкірт жадында игерілмек әуенге қатысты елестер жақсы қалыптасады. «Елестету  дегеніміз – ол қазіргі сезім мүшелеріне  тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын олар белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік образы», – дейді  ғылыми анықтамада. Мұның шығарманы меңгеруге жұмыстану сәтінде оқушыға  көп  көмегін тигізері даусыз, яғни ол санада қабылдаудан пайда болған көру елестері  арқылы саусақтардың қимылына, пернелерде орналасу тәртібіне, қолдың қағыстағы  қозғалыс тұрпатына, ал есту
елестері арқылы дыбыстың тембріне, айшықтанып  құлпыру қалыбына, созылу  мөлшеріне, т.б. имитация жасай отырып, соған  ұқсас  әрекет көрінісін қайталауға, әуез шығаруға талпынады.

Қазақтың бұлбұл қызы Бибігүл Төлегеновамен даусының ерекшелігі жайында  пікірлескенімізде: «Үнімнің биіктігі – үшінші октаваның ми нотасы. Мұның негізі  мынадан болар: әкем  Ахмет домбырадан басқа да бірнеше аспапта ойнаған өнерлі  кісі еді. Скрипканы да тартты. Даусымның осы аспаптың тембріне ұқсастығы, биік болуы бала кезде көп тыңдап, жадымда мықты сақталып қалған сол жағымды үнге  еліктеуден де шығар», – деп еді  бізге.

Әйгілі әншінің пікірі ойымызды толық бекітіп тұр әрі ғылыми анықтамаға сәйкес.

Ән-жыр айту өнері, машығы шығарманың формасы мен мазмұнын сақтап орындау әдетінде меңгеріледі, сонда ғана оның эмоциялық-эстетикалық күші тыңдаушыға жағымды әсер қалдырады. Бұл нәтиже баяндап өткен жағдаяттарды берік ұстанғанда, оларды дағдыға айнал-дырғанда іс жүзінде көрініп, дәлелденеді.

Сөз түйіні: халықтық пе-дагогиканы бүгінгі күн талабына сай ұрпаққа тәрбие беріп, оқыту тәжірибесінде жеткен жетістіктермен ұштастырып пайдалану – ән өнері дәстүрін берік сақтаудың бірден-бір кепілі.

Бөрібай КӘРТЕН,

музыка пәні бойынша жоғары санатты мұғалім,

№3 музыка мектебі. Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button