Құқық

Жалтарсаң – жазаланасың!

Қылмыс пен жаза

«Горадиз» ЖШС директоры М. Гулиев 2007 жылдың қаңтары мен маусым айлары аралығында декларацияға немесе төлеумен байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық төлеуден жалпы сомасы 17,2 миллион теңгеге жалтарған. Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті осы іске байланысты тергеуді аяқтады.

Ақтөбе қалалық №2 соты М. Гулиевті екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, одан мемлекет пайдасына  төленбеген 17,2 миллион теңге салық сомасын өндіріп алуға үкім шығарды.

Бұдан бұрын М. Гулиев заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе басқа мүлікті жария етуге қатысты баппен 763,8 мың теңгеге айып тартқан еді.

Қорға қол тигізген кім?

Мемлекеттік орман қорының жерін басқа мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Алайда Ақтөбе – Орск және Ақтөбе – Алға бағытындағы автокөлік жолдарының бойына орналасқан осындай учаскелер «ҚазМұнайГаз сауда үйі» АҚ меншігіне беріліп кеткен. Мұны табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Тексеру кезінде жалпы аумағы 9 мың шаршы метр төрт жер учаскесі қосымша көркейту аумақтарымен автокөлік май құю бекеттерінің құрылысы үшін бөлінгендігі белгілі болды.

Жер учаскелерін иелену туралы жергілікті билік органының қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жоюға қатысты талап-арыз сотқа берілді.

Н. ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button