Білім

Мемлекеттік тіл: ілгері қадамдар

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша облыс мемлекеттік органдарындағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесіне мониторингтік талдау жасады. Нәтижесінде құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 80-82 пайызға жетіп отырғаны анықталды. Оның басқару деңгейі бойынша құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі облыстық  бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік басқару органдарында – 82, әкімдік аппараттарында – 77, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде 80 пайызды құрап отыр.

Облыстық бюджетке қарасты мемлекеттік мекемелер арасынды құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесін біртіндеп арттыру ісінде жұмылдыру даярлығы және төтенше жағдайлар (+100 пайыз), табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу (+100 пайыз), біржолғы талондар беру (+100 пайыз) басқармалары оң жетістіктерге жетіп отыр. Керісінше, құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 50 пайыздан төмен басқармалар бар. Мысалы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп – 36 пайыз, мемлекеттік сәулет-құрылыс – 39 пайыз.

Орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері бойынша тәуір үлгіні  «Батыс» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті (+100 пайыз), ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясы (+98 пайыз) көрсетсе, керісінше, автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменті – 27 пайыз, облыс бойынша техникалық реттеу және метрология комитетінің басқармасы – 34 пайыз, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысы бойынша өңіраралық инспекциясы – 30 пайыз, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің облыстық басқармасы 33 пайыз шамасын ұстануда.

Іс жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылу жайын бақылау мақсатында 2009 жылы 25 мемлекеттік мекеме, 1 аудан, 27 кәсіпкерлік пен банктерге тексеру жүргізілді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының орындалуын қадағалау мақсатында Ақтөбе көлік прокуратурасымен бірлесіп «Вокзал қызметі» АҚ Батыс аймақтық телімі, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ, «Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» ММ, «Батыс өңіраралық теміржол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті» ММ, облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ, облыстық кедендік бақылау департаментінде, Жайсан кедендік теміржол, автомобиль жолдары бекетінде тексерулер жүргізілсе, басқарма қызметкерлері «БТА» банк, «Қазкоммерцбанк», «Каспийбанк», «Банк центкредит», «АТФ», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Нұр банк», «Альянс банк», «Халық банк», «Еуразиялық банкі», «Цесна банк», «Ресей жинақ банкі», «Дельта банк», «Метракомбанк» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалдарында да тексерулер жүргізді.

Құқық қорғау органдары және жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл және заңнама», облыстағы БАҚ құралдары өкілдері арасында «Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру» тақырыбында дөңгелек үстелдер, «Инновациялық технологиялар арқылы демократиядан білім берудің орталығымен» бірлесе отырып, колледж оқушыларынан жасақталған командалар арасында «Үш тұғырлы тіл: бүгіні мен болашағы» тақырыбында пікірсайыс турнирі, «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тіл фестивалінің аясында 6 номинация бойынша байқаулар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілдің пәрменділігін арттыруда облыс әкімі жанындағы тілдерді қолдану мен дамыту мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінде Хромтау ауданында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді жүзеге асыру, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде білім беруде мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы есептері тыңдалды.

Облыста Қазақстан халықтары тілдерінің жарасымды дамуына іс жүзінде қамқорлық жасау жалғасын табуда. Облыстағы 6 ұлттық-мәдени орталық жанындағы құрылған жексенбілік мектептерге өздерінің ана тілдері – украин, неміс, татар, корей, әзірбайжан, орыс тілдерімен қатар мемлекеттік тілді де үйрену мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Атап айтқанда, 2009 жылы 6500,0 мың теңге қарастырылды.

«Тілдің үш тұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында мектеп жасындағы балаларға тіл үйретуге арналған үш тілде «Ерте, ерте, ертеде» атты қазақ ертегілерінің 2 кітабы, «Қазақ тілін үйренейік» оқулығы баспадан шығарылды.

Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Үш тұғырлы тіл мәдени жобасын іске асыру» тақырынба әлеуметтік зерттеу жүргізу жұмыстары қолға алынса, «Қазақ тілін үйренеміз» айдарымен оқыту сипатындағы теле және радиохабар, қазақ тілінде жастар мен балалардың түпнұсқалық ойын-сауық және танымдық телебағдарламалар дайындалып, қазіргі таңда эфирде көрсетілуде. Мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында «Диапазон» газетінде апта сайын тіл үйренушілердің бастауыш тобына арналған сабақтар циклі, балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық радиохабар, жалғастырушы топқа арналған «Сөйле, тілім», «Тіл әлеміне саяхат», «Ана тілім – дана тілім» телехабары ұйымдастырылды, мемлекеттік тілді насихаттауға жарнамалық-имидждік ролик шығарылды.

Жалғастырушы топқа арналған «РИКА-ТВ» телеарнасындағы «Сөйле, тілім» телесабағы «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауында ІІ орынға ие болды.

Н.ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button