Экономика

Мұнай тасымалының майталманы

Құдайдың құтты күні оның күнделікті жұмысы Тауар тасымалдау қызметінің диспетчерлер бөлмесінен басталады. Түнімен кірпік қақпай мұнай тасымалының барысын бақылап отыратын диспетчерлер  Иванычтің бұл дағдысына әбден бой ұсынған.

– Түннен қалай шықтыңдар?  Құбырларда не өзгеріс бар? – дейді   әдеттегідей.

– Технологиялық параметрлерде өзгеріс жоқ. Қысым бірқалыпты. Мұнай тасымалында іркіліс байқалмады.

Жауапқа  көңілі толса да, диспетчердің түні бойы толтырып шыққан үстелдің бетімен бет келетін қағазына  бір үңілмей кетпейді ол. Біреулерге тек құжынаған сандар болуы мүмкін, ал оның көзімен қарағанда мына көсіліп жатқан қағаз  «Жаңажол-Кеңқияқ», «Кеңқияқ-Атырау», «Әлібекмола-Кеңқияқ»,  «Кеңқияқ-Орск» мұнай құбырларының тынысы. Қабылданған мұнай көлемі қанша?   Температурасы, тығыздығы, қысымы қандай? Бәрі сайрап тұр. Соны өз көзімен көрмейінше, көңілі көншімейді. Кісіге сенбегендігінен емес, әрине, бұл қырық бес жылғы еңбек жолында мұқияттылық қалыптастырған дағдысы болса керек.

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Батыс филиалының Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Валерий Иванович Шевлягиннің есімін осы өңірде мұнайға қатысы бар мекемелердің бәрі біледі десек, артық айтқандық емес. Пайғамбар жасына келгенде өткен өмір жолдарын көз алдынан бір өткерсе, қайда да қайнаған бастамалардың басында жүрген екен. Өз ісіне адалдық, жауапкершілік пен талап етушілік оның есімін бүгінгі күні «ҚазТрансОйл» компаниясында құрметпен атауға лайық қылды. Бәлкім, осы асыл қасиеттердің бастауын ол жастық шағынан қалыптастырған шығар.

Валерий Иванович қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьевте мұнайшы отбасында дүниеге келіпті. Отбасындағы алты баланың ең кішісі. 1964 жылы Гурьевтің мұнай техникумында оқып жүргенінде Маңғышлақ геологиялық барлау басқармасы ашылып,  сырттай бөлімге ауысқан ол ұңғыма бұрғылаушының көмекшісі боп Жетібайдан бір шығады. Сол шақтан бастап алғаш рет мұнайдың исін де сезді, еңбектің ащы терін де төкті, тәтті нанын да жеді.

Ағаштан соққан барақ жатақханаларда орысы, қазағы, шешені, грузині, әзірбайжаны мен армяны аралас үлкен ұжым тұрды. Бір кісінің баларындай, бірлікке келгенде – бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін.

Еңбек майданында  шыңдалған жас кейін Мәскеуден мұнай институтын тәмәмдап, Батыс Қазақстанның мұнай саласында ауысым бастығы, апаттық бригада бастығы, магистральды құбырларды пайдалану қызметінің  бастығы, директордың орынбасары  сияқты небір лауазымды  қызметтердің сатысынан өтті.

Сонау 1933 жылы салынған «Каспий-Орск» мұнай құбырының Ұлы Отан соғысы жылдарында стратегиялық маңызы зор еді. Оның бір бөлігі Батыс Қазақстанның жерінде жатты.  Сол құбырды неміс десанттарының   жоймақ болған астыртын әрекеттері тарихтан белгілі. Тіпті, көркем фильмге арқау болған.

Уақыт өте келе осы құбыр ескірді. 70-80 жылдары «Ембімұнайға» қарасты бұрғылау кәсіпорындарының жер бетіне шығарған мұнайы арнасынан асып төгіліп, қалқыған қара май қайықпен жүзетіндей күйге жеткен. Автокөлікпен, теміржолмен тасыған өнімді болсын ба?  Сол себеппен кеңестер кезіндегі «Главтранснефть» 1983 жылы «Жаңажол-Кеңқияқ-Орск» мұнай құбырын салуды күн тәртібіне қояды.   Осы тұста құрылыстың тиянақты жүруіне бас-көз болуға таңдаудың Валерий Шевлягинге түсуі тегін емес-ті. Егер білікті басшы басында жүрмегенде, бас-аяғы екі жылда «Кеңқияқ», «Темір», №6 (қазіргі Н.Н.Шманов атындағы), №7 мұнай айдау стансалары, шеті Орск мұнай өңдеу зауытына дейін баратын ұзындығы 360 шақырым қуатты магистраль құбырының іске қосылуы екіталай еді.

Қазіргі таңда осы құбырлардың бойымен бүлкілдеп «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» «ҚазақОйл»-Ақтөбе, «Алтиес Петролиум» «Ланкастер Петролиум» кен орындарының мұнайы әлі тасымалданып жатыр. Тек Кеңестер Одағы ыдыраған соң – Орскіге қарай ғана мұнай айдау  тоқтатылды. Есесіне 2004 жылы «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры іске қосылды.

Мұнайдың сапасына келгенде де Валерий Ивановичтің «қолтаңбасы» анық көрінеді. Өзі тікелей басшылық жасайтын тауар тасымалдау қызметі, әр қабылдау-тапсыру пункттеріндегі тауар операторлары, химиялық талдау лаборанттары – бәрі бір кісідей жұмылып, мұнайдың тұзсыз, меркаптансыз, бөлек-салақ қоспасыз қабылдануын жіті бақылайды. Бастапқыда талай-талай «қырғын» болған ғой. «Арам қаннан» арылмаған мұнайды қабылдауға  тыйым салған да күндері болды. Мұнай құбыры «мусоропровод» емес. Бұл пікірден таймайды да. Қарамағындағыларды сол үшін «қуырмаған» кезі жоқ. Есесіне мұнай тапсырушылар осы тәртіпке мойынсұнды. Өйтпесе Шевлягин бола ма? «Шәкіртсіз ұстаз тұл». Тәрбиесін көрген  жетекші инженер Абай Бейсенбаев, мұнай сапасы жөніндегі инженер Маргарита Кунатырова, «Кеңқияқ» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасының қабылдау-тапсыру пунктінің бастығы Арман Қуанышалиевтің есімдерін ол аса ілтипатпен атайды. Олар бүгінде  Атыраудағы Батыс филиалында, тіпті, республика көлемінде   өтетін «Мамандығы бойынша таңдаулы» байқауларының алқа мүшелері болып  жүр. Ұстаз осындай болса керек.

Мұнай тасымалының  бүгіні мен келешегі ардагер мұнайшыны көп толғандырады.  Мұнай ұрлығы өршіп барады. Бұрын мұнай алған жер былғанып, із кесушілер ұрыларды ұзатпай құрықтаса, қазіргі  әккілер бір тамшы тамызбай қыруар мұнайды қолды қылатын болған. Алюминий қабылдау пункттері жабылып, бір кездері бағана басындағы сымдарға дейін ұрлағандардың жолы кесіліп еді. Шикі мұнай қабылдау орындарын жаппайынша, кірекесулерден әзірше көз ашылмақ емес. Ойы осы. Бұл келешекке жасалар игі қадам болар еді. Таяу күндері «Кеңқияқ-Құмкөл» құбыры іске қосылмақ. Егер мұнайымыз кемімей, күре тамыр соғып тұрса, келешекте бұл алып құбырмен Ресей мұнайы да тасымалдануы мүмкін. Ол кезде «Кеңқияқ-Орск» бағыты қайта жандануы ғажап емес.  Мұнай тасымалының ертеңі егеменді елімізге қызмет етеріне сенімі мол.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button