Спорт

Ардагерлер кездесуі – 5:5

Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өткен сейсенбі күні Ақтөбе қаласы құрамасы мен Мәскеудің «Столица» командасының ардагерлері футболдан жолдастық кездесу өткізді. Ойын өте тартысты өтті, сондықтан да болар, жанкүйерлер бір сәтке де байыз тауып отыра алмады.

Қонақтар командасы құрамында Сергей Горлукович, Валентин Афонин, Сергей Деркач, Валерий Масалитин, Юрий Суслопаров, Сергей Некрасов, Владимир Букиевский, Сергей Тимофеев, Владимир Татарчук, Дмитрий Корсаков, Виктор Самохин секілді жұртшылыққа жақсы таныс жұлдыздар алаңға шықты. Ал ақтөбеліктер сапында ардагерлермен қатар облыс және қала басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер оларға қарсы тұрды.

Әдетте матч инспекторы мәжіліс құратын жерден он-лайн режимінде атақты футбол шолушысы Владимир Перетурин ойын барысына түсінік беріп отырды. Владимир Ивановичтің көпшілікке бұрыннан жақсы таныс ойын барысын баяндау әдісі мен жеңіл әзілдері жанкүйерлер тарапынан жылы қабылданды.

Ақтөбеліктер ойынды қарқынды бастады. Содан да болар, тайм ортасында қонақтар қақпасына қайтарымсыз үш гол соғылып үлгерген еді. Бастапқыда жартылай қорғаушы Бақыт Қызылбаев көш бастаса, оның жолын «Ақтөбе» футбол клубының аға жаттықтырушысы Валерий Семенов жалғастырды. Алайда қуануға әлі ерте болатын. Өйткені, мәскеулік Валерий Масалитин біздің қақпаға қатарынан үш доп соғып, есепті теңестірді. Бірінші айналымның соңында ғана төртінші доп соғуға қол жеткізген ақтөбеліктер жанкүйерлер үмітін үрлегендей болды.

Үзілістен кейінгі ойын аса сақтықпен басталды. Кездесуде өзінің шеберлігін қапысыз таныта білген Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов аса тартысты осындай сәттердің бірінде қарсыластар қақпасына доп соғу мүмкіндігіне ие болғандай еді, алайда ол мүлт кетті.

Тартысты ойын 5:5 есебімен тең аяқталды.       

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button