Жаңалықтар

Қажеттілікті қамтыған қарқын

Ақпараттық сағат

Кеше облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі кездесу одан әрі жалғасты. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыстық үш бірдей басқарманың бастықтарымен кездесті.

Кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин журналистердің назарын кездесудің күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге аударды.

Кездесуде облыстық қаржы басқармасының бастығы Сағат Еңсегенұлы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен қосымшалар хақында  әңгіме қозғады. Заңға өткен жылы «мемлекеттік сатып алудың веб-порталы» деген түсінік енгізілген еді. Бұл -электронды мемлекеттік сатып алудың электронды қызметіне қол жеткізудің бірыңғай көзін ұсынатын мемлекеттік ақпараттық жүйе. Істі мұндай әдіске көшірудің берер пайдасы көп. Ең бастысы, бұл мемлекеттік сатып алу ісінде орын алып жүрген құқық бұзушылықтың санын азайтады.

Осы Заңға сәйкес, 2010 жылдан бастап тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алу  қағаз қолданбай, тікелей веб-портал электрондық форматымен жүзеге асырылатын болады. Аталған заңды орындау үшін Ақтөбе облысы әкімдігі мен еліміздің Қаржы министрлігі арасында келісім шарт жасалып, биылғы 2009 жылдың өзінде 50 пайыз осы әдіспен жұмыс жасау белгіленген болатын. Бұл жұмыстардың қалай жүріп жатқаны жөнінде облыстық қаржы басқармасының бастығы Сағат Еңсегенұлы былай деді:

– Мемлекеттік сатып алуға байланысты өзгерістер өткен жылы қараша айында енгізілді. Біз биылғы  жылдың басынан бастап осы жұмыстарға кірістік. Себебі, осы жылы 50 пайызға дейін веб-порталды электрондық форматпен   алуымыз керек еді. Бүгінгі таңға бұған бірде бір жеке мекемелер қатыспай отыр.Мемлекеттік мекемелер ғана ыждағатты жұмыс жүргізді. Біздегі 1198 мемлекеттік мекемелердің 1193-і бизнес номерді, электрондық сандық  қол қою қолтаңбасын алды. Тек 5 мекеме ғана әзірге ала қойған жоқ. Олардың әрқайысының бұған дәлелді себептері бар. Яғни,  жаңа өзгерістер арқылы жұмыс жасауға мемлекеттік мекемелер дайын деуге болады. Бұл жерде бізге қолбайлау болып отырған жеке мекемелер екенін айтуымыз керек. Олардың арасында құрылыспен айналысатын, кең көлемде тауарлар жеткізетін әлеуетті жеткізушілер, үлкен кәсіпорындар, компаниялар бар.

Осы жұмыстарды ыждағаттау, көпшілікке жеткізу мақсатында біз облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне арнайы хабарландырулар бердік. Онда бизнес номер мен электрондық сандық қол қою қолтаңбасын  қай мекемеден, қандай мекен-жайға барып алатынына дейін көрсетілген.

Бұл шаруалар әділет басқармасы, тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары арқылы бітеді. Бірақ әлі күнге дейін бұған жеке тауар жеткізушілер, кәсіпорындар мен компаниялар назар аударып отырған жоқ.Біз биылдың өзінде тауарлар сатып алуға, құрылыстарды көтеруге,  жұмыстар мен қызмет көрсетулерді өткізуге мемлекеттік сатып алу  жөніндегі берген хабарландыруларға 50 пайызға дейін жаңа өзгерістер бойынша қатысуымыз керек еді. Алайда іс жүзінде олай болмады,  жеке мекемелердің бұл іске енжар қарауынан жұмыс жүрмеді.  Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен осы хабарды көпшілікке, мекемелерге тағы да  жеткізуді сұраймыз.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін «100 мектеп, 100 аурухана» жобасына сәйкес білім саласындағы салынып жатқан құрылыс нысандарынан хабардар етті. Жаңа оқу жылына әзірліктің барысына тоқталды.

– Биылғы жылы, – деді басқарма бастығы –  білім ордаларын жөндеуге қаржы өткен жылғыдан екі есе көп бөлінді. Соның нәтижесінде 196 нысанда қызу жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 44 нысан «Жол картасы»  бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Осы жерде назар аударарлық жай, он жылдап шешімін таппаған мәселелердің оң шешіліп отырғаны дер едік. Мәселен, Тамды көмекші мектеп интернатында қанша жылдан бері қалыпты ауыз су болған жоқ еді. Тасып ішіп келді. Ауылдың өзінде ауыз су қат. Енді осы интернаттың өзінің су көзі  болады.  Сондай-ақ апатты, құлап қалу жағдайындағы мектептер азайды. Бұрынғы жылдары 17-ден 21-ге дейін осындай жағдайдағы білім ордалары кездесетін еді. Биылғы жылы одан төрт-бесеу ғана қалды. Олардың өзін ауыстыратын мүмкіндіктер қарастырылды, жаңа мектеп салынады, не күрделі жөндеу жүргізіледі. Дағдарыс жағдайының өзінде білім саласына қаржы бөлу осы қарқынмен жүретін болса,  біз бір-бір жарым жылда «апатты жағдайдағы мектеп» атауын білмейтін боламыз.  Тағы бір оң бағыт –  әр ауданда, Ойыл ауданынан басқа, бір-екіден бала бақша ашылатын болады. Қазір бізде 161 бала бақша жұмыс істеп тұр. Бала бақшамен қамту 62 пайызды құрайды. Ал, бұл көрсеткіш республикада 35 пайыздың үстінде. Бала бақшамен қамту жөнінде біз республикада алдыңғы орында келеміз.

Енді құрылыс нысандары туралы айтсам, республика есебінен үш ірі нысан: Хромтауда орта мектеп, Әйтеке би ауданының Құмқұдық аулында  Қарашатау, Аралтөбе аулында Қызылжұлдыз орта мектептері  салынуда. Жергілікті бюджет есебінен  биылғы жылы білім беру саласының әр түрлі көлемдегі 7 құрылысын аяқтаймыз. Олардың ішінде үш мектеп, интернат нысандары бар.

Мектептерге орасан зор қамқорлық көрсетілуде. Компьтерлік техникалар, оқу құралдары алынуда. Тек биылғы жылы біз қомақты қаржыға мектептерге жеткілікті дәрежеде оқулықтар алып отырмыз. Біздің мектептеріміз  96,8  пайыз  Интернет желісіне қосылған. Ал қанша оқушыға бір компьютерден келеді? Өткен жылы ол 23 болған еді. Биыл бір компьютерге 16 баладан келіп отыр.

Қиындықтар да бар. Мектеп құрылыстарын жүргізіп жатқан қайсыбір мердігерлер жұмыс кестесінен қалып келеді. Оқу жылы болса  басталуға таяу қалды. Бірақ мұны біз түзетеміз. Оның әр түрлі себептері бар, құрылыс материалдары уақытылы жетпеді, техникалық себептер де болды. Қалай болғанда да, барлық нысандар жаңа оқу жылына дайын болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша денсаулық саласында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды жинақтап айтты. Бұл бағытта Ақтөбе қаласында әрқайсысы ауысымына 500 адам қабылдайтын екі емхана және әр қайсысы 300-200 төсектік көп профильді екі аурухана салынуда. Бұл нысандардың жалпы құны 13. 95 млрд. теңгені құрайды.

Тұрғындар қалашығындағы қалалық емхананың құрылысы бекітілген кестеге сай жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде үш қабатты кешен бой көтерді. Ішкі жұмыстары, құрылыс аумағын көріктендіру  жүргізілуде. Әуежай қалашығындағы 500 орындық емхана құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан осы жылдың қараша айында іске қосылуға тиіс.

Денсаулық  сақтау басқармасы бастығының әңгімесіне қарағанда, облыстағы 407 денсаулық мекемелерінде де жағдай қалыпты. Барлығында қысқа дайындық жүргізілуде.  Отын жеткізілген. Олардың ішінде 57 денсаулық сақтау саласы ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілуде. Тек осы бағытқа 1 млрд, теңге қаржы бөлінген. Ауылдық жерлердегі емдеу орындарын жөндеу жұмыстары да қарқын ала түсті.

БАҚ өкілдері басқарма бастықтарының хабарламаларынан кейін де оларға көптеген сауалдар қойып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерге жауаптар алды. Журналистердің сұрақтары күнделікті өміріміздегі әр саланы қамтыды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button