Басты бет » Ресми » Үш мәселе және оларды шешу жолдары

Үш мәселе және оларды шешу жолдары

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақовтың  төрағалығымен өткен тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысында күн тәртібіне үш мәселе қойылды.

Медициналық қызмет құнын тұрақтандыру, жанар-жағармай бағасы мен жекелеген жанар-жағармай құю бекеттеріндегі баға саясаты және алдағы өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жөнінде әңгіме болды.

Статистикалық деректер бойынша, кейбір жекелеген медицина мекемелерінде қызмет бағасы өскен. Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қ.Сабыр жеке медициналық мекемелердегі қызмет бағасы тұрақты екендігін, статистикалық көрсеткіштердің нақты көрсеткіштерге сәйкес келмейтіндігін, бұл мәселені статистика басқармасымен бірігіп шешетіндіктерін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған саладағы аяғынан жаңа тұрып келе жатқан жас кәсіпкерлерді тым тұншықтырып алмай, бұл бағыттағы бағаны тұрақтандыруды тапсырды.

Тамыз айы басталғалы жанар-жағармайдың бағасы да 2-3 теңгеге артқан. Бұл жағдай еліміздің басқа аймақтарында да байқалып отыр. Мамандар мұны жанар-жағармайдың тапшылығынан деп түсіндіреді. Облыста А-80 маркалы бензин жеткілікті, ал 92, 93, 95 маркалы бензиннің тапшылығы салдарынан кейбірі жанар- жағармай құю бекеттері талонмен жұмыс жасауға көшкен. Штаб төрағасы бұл жағдайды тереңірек зерттеп,  баға деңгейінің өсіп кетуін болдырмау шараларын алуды тапсырды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – 29 тамызда өткізілетін күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне дайындық жөнінде. І.Өмірзақов жаңадан ашылатын «Табыс» базарының алдындағы алаңда өткізілетін бұл жәрмеңке бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең масштабты түрде өтетіндігін айтты. Оған облыс аудандарының ауыл шаруашылығы мамандары да қатысады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.