Білім

Халықаралық білім және биік белес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде орын алған қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, қазақстандықтарға, оның ішінде жастарға барлық мүмкіндіктерді жасады.  «Болашақ» бағдарламасымен  жастардың шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарында білім алуы — осының айқын айғағы. Бұл тұста «Сапалы білім — болашаққа салынатын инвестиция» деген ұстаным басты мақсат саналды.

Ақтөбелік Жанна Қайшығұлова — ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Ресей Білім Академиясының Білімді басқару институтында оқып келген Жанна Тілеуқызы  қазір

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында қызмет етеді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жанна Қайшығұловамен сөйлесудің реті түсті.

 

— «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға қалай қол жеткіздіңіз?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына тек жоғары оқу орындары мен мектеп түлектері ғана емес, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер де, ғылыми-педагогика саласының мамандары мен ауыл жастары да қатыса алады. Аталған бағдарлама аясында басым бағыттағы салалар тізбесіне енетін мамандықтар бойынша білім алу жүзеге асырылған. Ал мұндай тізімдер жергілікті және атқарушы органдардың, мемлекеттік ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының тапсырысы негізінде қалыптасады. 2009 жылдың көктемінде елімізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурс жарияланды. Ол кезде менің мемлекеттік жоғары оқу орнында жасаған еңбек өтіліме  3-4 ай жетпей қалып, конкурсқа қатыса алмадым. Сол жылы қыркүйек айында  бағдарлама бойынша тағы конкурс жарияланды. Бұл жолы мен Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының атынан Қытай еліне арнайы іссапармен жол жүріп кетіп, конкурсқа үлгере алмай қалдым. Кейін конкурстың мерзімі ұзартылғаны жайында ақпаратты естідім. Сол кезде институт ректоры марқұм Ғалымжан Нұрышев менің осы конкурсқа қатысуыма сәттілік тілеп, өз рұқсатын берген еді. Сөйтіп, құжаттарымды лезде әзірлеп, тиісті жерге электрондық пошта арқылы жолдап үлгердім. Өйткені «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау уақыты аяқталуға жақын қалған еді.

2010 жылдың қаңтар айында қазақ тілінен, психологиялық және интеллектті сенімді тексеруге арналған IQ тестілеуден өтіп, Білім және ғылым министрлігінде бірнеше адамнан құрылған комиссияның алдында Ата Заңымыз бен тарихымыз, таңдап алған мамандығымыз бойынша әңгімелесуден өттік.  Бір қызығы, мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу үшін құжат жинағанымды, Астанада сынақ тапсырғанымды туыстарым мен достарымның ешбіріне айтқан жоқпын. Олар мендегі жаңалықты конкурстың нәтижесі шыққан кезде бір-ақ білді.

Егер өзіңе нық сенімді болсаң, қай жерге барсаң да саған есік ашық болатынын ұқтым. Нақты мақсатқа жету үшін бойыңда талпыныс пен ұмтылыс болса болғаны.

Мәселен, былтыр облыс бойынша Ақтөбе қаласы Новый орта мектебінің директоры Ақгүл Қисықова мектеп мұғалімдері арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Ол — облыстағы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған  мектептен шыққан жалғыз стипендиат.

— «Болашақпен» білім алудың артықшылығы неде?

— Біріншіден, бұл бағдарлама әлемдік рейтингісі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында білім алуға зор мүмкіндік береді. Екіншіден, қажет болған жағдайда тіл үйренуге жағдай жасалып, дайындық курсынан өту құқығына ие боласың. Әр саланың мықтыларынан білім алу, олармен жақын пікір алмасу, заманауи зертханаларда жұмыс жасауға жағдай жасалады. Әрине, бұл орайда мемлекет толығымен сенің шығыныңды көтереді.

Мен Ресей Білім Академиясының Білімді басқару институтында және академия жанындағы Экономика жоғары мектебінде болған барлық семинарларға қатыстым. Бұл жерде мен ғалымдардың, жалпы адамдардың қарапайымдылығына тәнті болдым. Өйткені ғалымдардың қай-қайсысы да  сенімен тең дәрежеде сөйлеседі. Егер бір мәселе көтерілсе, оны бүге-шүгесіне дейін талқылап, тақырыпқа байланысты ойларын ашық айтады. Көтерілген мәселеге байланысты ой-пікірлерін айтып қана қоймай, сол проблеманы шешуге атсалысады. Ғалымдардан бастап қарапайым мұғалімге дейін көтерілген проблеманы жоғарыға жеткізіп, оны шешудің жолдарын ұсынады. Менің ресейлік ғалымдардың  ғылыми мақала жазумен ғана айналыспай, мәселені жан-жақты талқылап, оны шешудің жолдарын іздестіретініне көзім анық жетті. Барлық  семинарлар Ресей Білім Академиясының вице-президенті Виктор Болотовтың басшылығымен өтетін.

— Семинар кезінде сонда қандай мәселелер көтеріледі?

— Мысалы, бір ғана жайт, 2010 жылы PISA халықаралық зерттеудің қорытындысы шықты. Халықаралық зерттеудің мақсаты — 15 жастағы оқушылардың математикалық сауаттылығын, жаратылыстану мен оқудағы сауаттылығын бағалау. Зерттеудің негізі мектептің бағдарламасын меңгеру ғана емес, жеке тұлғаның дамуындағы білімін, танымын шыңдау, әртүрлі өмірлік жағдайларда шешім қабылдай алатын қабілеттерін дамытуға бағыттау. Зерттеу кезінде білім алушылардың білім жетістігімен қатар, бағдарламаға қатысатын елдердің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретін факторлар қарастырылады. Бұл жерде ғалымдар кеткен қателіктерді, оны түзету үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігін, стандартты қай бағытта өзгерту керектігін жан-жақты талқылады. Аталған мәселеге қатысты үлкен талдаулар жасалды. Бұл проблема ғалымдар арасында немесе бір ғана құзыретті органда талданып қойылған жоқ, Ресейдің барлық аймақтарында талқыланды.

Еліміз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге бел байлады. Бұл орайда осы мәселеге байланысты экспериментті бастаған оқушылар биыл мектеп бітіреді. Осы бағытта көптеген ғылыми орталықтар ашылды. Дегенмен еліміздің білім саласы бұл жүйеге толық көшкен жоқ. Қай жерден қателік жібердік?  Не себепті барлық мектептерде жаңа жүйе бойынша білім берілмейді?  Білім саласында осындай көптеген мәселелер туындап отыр. Меніңше, осы проблеманы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының әкімшіліктері көтеріп, өз орталарында талдап,  жоғарыға жеткізе білулері тиіс. Әрине, ол үшін орта керек. Сол ортаны ұйымдастыратын, басқаратын лидер керек.

— Қызметіңізді Астанаға ауыстырыпсыз? Бұл сіздің «Болашақпен» оқығаныңыздың нәтижесі ме әлде реті солай болды ма?

— Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығында қызмет етіп жатқаныма бір ай болды.

Орталықтағы негізгі қызметім — ұлттық тестілеу мен кешенді тестілеуді ұйымдастыру. Мен 2005 жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеу емтиханына  министрлік атынан өкіл ретінде еліміздің көптеген аймақтарында болдым.

Негізгі мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алайда 2001 жылдан бері Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында әкімшілік, яғни оқу процесін ұйымдастыру, қадағалау, бақылау жұмыстарымен айналыстым. Ақтөбе облысының білім сапасын бақылау департаментінде қызмет етіп жүрген кезімде Ұлттық тестілеу орталығынан ұсыныс түсті.  Қазір Елордада еңбек етіп жатқан жайым бар.

— Сіздің ойыңызша, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген стипендиаттар үшін елімізде оларға артылатын жүктің салмағы қаншалықты?

— Әрине, салмағы ауыр. Мыңдаған үміткердің ішінен таңдап, сенім артып, шетелге білім алуға жібергеннен кейін, еліңе сенің де пайдаң тиюі керек.  Ол үшін әрбір облыста «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандардың базасы жасақталып, олардың қандай қызметтерде жүргенін анықтау үшін мониторинг жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

— Сізге шетелде қызмет етудің  мүмкіндігі туды ма?

— Қызмет бойынша ұсыныс болмағанмен, педагогика бойынша оқуымды докторантурада жалғастыруға ұсыныс болды. Өкінішке қарай, елімізде ғылыми кадрларды дайындау процедурасы өзгеріп кетті.  Ал Ресейде докторантура бұрынғысынша қала берді.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түсті ме?

— 1990 жылы қыста Елбасының Ақтөбеге сапары болды. Ол кезде мен 1 курста оқыдым. Қазіргі облыс әкімдігінің ғимаратында студент жастардың атынан Президенттің алдында сөз сөйледім. Содан кейінгі кездесуім былтыр Астанада «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығы қарсаңында өткізілген форумда болды. Елбасының сөзі әрбір жастың санасына сіңіп, алға деген ұмтылысыңды, жігеріңді оятады. Президент сол форумда жастарға аянбай еңбек ету керектігін бірнеше мәрте айтты. «Қартайғыларың келмесе, жас болып көрінгілерің келсе, еңбектеніңдер, ерінбеңдер» деген сөзі әлі есімде.

— «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алу — ел Тәуелсіздігінің айқын жемісі. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

— Бұл пікірге ешкім де қарсы келе алмайды. Расында да, «Болашақ» — дүниежүзінде баламасы жоқ бағдарлама. Бұл бағдарлама Елбасының ұсынысы, тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде мыңдаған жас шетел асып, білім алды. Көршілес Ресейдің өзінде институт қызметкерлері мен  аспиранттар «сіздердің Президенттеріңіз жастарға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Қыруар қаржыны жастардың сапалы білім алуына жұмсап отыр» деп таңданатын.

— Ресейдегі дос-құрбыларыңызбен қазір байланысасыз ба?

— Институт қызметкерлерімен электрондық пошта арқылы хабарласып тұрамын. Әлі күнге дейін институт жанынан құрылған тренингтік орталықтың вебинарларына қатысамын. Қасымда жатақханада Якутиядан келген аспирант қыз болды. Қазір психологиядан кандидаттық диссертациясын қорғап, елінде жұмыс жасап жатыр. Апалы-сіңлідей болып кеттік, скайп арқылы сөйлесеміз. Якуттар қазаққа ұқсайды екен, басында мен оны қазақ деп, ал ол мені якут деп ойлаған екен.  Көшеге шыққанда ресейліктер екеумізді бір ұлттың өкілі деп ойлайтын.

— Рақмет!

 

Врезка:

Жанна Қайшығұлова Темір ауданы Алтықарасу ауылында туған. Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияны «Алтын белгімен» аяқтаған.

 

Әңгімелескен Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button