Денсаулық

Денсаулық: 9 нысан, 720 жұмыс орны

Жол картасы

Дағдарыс кезеңінде азаматтардың жұмыссыз қалмауы үшін Елбасымыздың тапсырмасымен  Үкімет «Жол картасы» деп аталатын бағдарлама қабылдағанын жұртшылық жақсы біледі. Қазір бұл жоба жер-жерде жүзеге асуда. Бағдарлама аясында  ауруханалар мен білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтіп жатыр.  Оның ішінде денсаулық сақтау саласына баса назар аударылды. Жыл аяғына дейін осы бағыттағы жұмыстарға 720 адам тартылмақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров бағдарлама аясында облыс аумағында  жұмыстың  қызу жүріп жатқанын айтты.

«Жол картасы» және тоғыз нысан

Аталған бағдарлама аясында  осы салаға 350 миллион теңге қаржы қарастырылса, оның 81 пайызы республикалық, 64 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінді. Бөлінген қаржыға халық тығыз қоныстанған аймақтардағы  ірі тоғыз нысан жөнделуде. Таратып айтсақ, көп жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған алты нысан аудандарда орналасқан. Яғни Қобда аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге  77 миллион теңге қаржы бөлінсе, Мәртөк аудандық орталық ауруханасына – 63 миллион,  Алға аудандық ауруханасының жанындағы  жұқпалы аурулар бөлімін жөндеуге – 20 миллион, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы  ауруханаға – 30 миллион, Темір аудандық ауруханасына – 30 миллион, ал Ырғыз орталық ауруханасының жылу беру қазандығын қалпына келтіруге 15 миллион теңге бөлінген. Ал қалған үш нысан облыс орталығында орналасқан. Олар – облыстық «Жедел жәрдем» ауруханасы мен облыстық туберкулез ауруханасының терапия бөлімі және №4 кеңес беру-диагностикалық емханасының Есет батыр көшесінде орналасқан филиалы.

Бүгінгі күні «Жол картасы» бойынша қолға алынған жұмыстардың барлығы қызу жүріп жатыр. Нысандарды жөндеуден өткізетін мекемелерге жұмысты үш айда аяқтауды тапсырдық. Қазір оның бір жарым айы өтіп кетті. Жұмыс қарқынына қарап, ғимараттардың барлығы уақытында аяқталады деген ойдамыз. Қаржының қалай игеріліп жатқаны да қатаң бақылауда.

Қаржы, сәулет-құрылыс бақылау басқармалары және біздің тарапымыздан да тексеру жұмыстары уақытында жүргізіледі.

Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында 720 адамды жұмысқа тарту міндеттелген болатын. Бүгінгі күні жұмыссыздар санатынан 546 адамды жұмысқа орналастырдық. Олар айына 35 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.  Жыл аяғына дейін белгіленген жоспарды орындаймыз. Өйткені алғашқы кезде қолмен атқарылатын жұмысқа қажетті адамдарды шақырдық та, арнаулы дайындығы бар мамандарды кейінге қалдырдық.

Айта кететін бір жайт, аталған нысандардың барлығы республикалық бюджеттің қаржысына салынып жатқандықтан, әр тиын қатаң бақылауда тұр. Әсіресе, жұмыстың сапасы жиі тексеріледі. Құрылысты жүргізіп жатқан мекемелерге де қояр талап көп.  Біріншіден, пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының тоқсан пайызы отандық өнім болуы тиіс. Басқарма тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізген кезде талаптарды бұзған мекемелер кездескен жоқ. Қажетті материалдың он пайызы, яғни елімізде жасалмайтын өнімдер ғана Ресей мен Қытайдан әкелінген. Қыркүйек айында қаржылық бақылау орындары арнайы тексеріс жүргізеді.  Олқылықтарға жол бермес үшін бақылауды күшейтіп отырмыз. Әрбір нысанда техникалық қадағалау мамандары жұмыс атқарады. Жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру, еңбекақының  уақытында төленуі де қадағаланып отырады.  Азаматтардың қауіпсіздігі де басты орында.

Бұдан өзге «Жол картасы» бағдарламасы аясында  медицина саласында бұрын қызмет етіп, кейін кейбір себептермен жұмыстан қол үзіп қалған кадрларды қайта даярлап жатырмыз. Бұл үшін республикалық бюджеттен 29 миллион 700 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күні 12 миллион теңге көлеміндегі қаржыға 160 адамды қайта оқыттық. Жыл аяғына дейін 233 медицина маманын қайта даярлаудан өткіземіз. Оқуға жіберілетін мамандардың қатарына бірінші кезекте жұмыссыз жүрген дәрігерлер, медбике, акушерлер бала күтіміне байланысты демалыстан шыққан мамандар және толық емес жұмыс күнінде еңбек етіп жүрген дәрігерлер тартылады. Оның ішінде оралмандар да  бар. Әзірге мамандар М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде білімдерін толықтыруда. Алдағы уақытта кадрларды Алматы мен Семей қалаларындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында оқытуды көздеп отырмыз. Олардың оқу ақысы, жүріп-тұру, тамақтану шығындары осы қаржыдан төленеді, – деді Самат Данияров.

Құрылыс қарқыны мықты

Елбасымыздың бастамасымен елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы жүзеге асуда. Алайда осыдан біраз уақыт бұрын  кейбір облыстар аталған мәселеге салғырт қарап, Елбасының ескертуін алды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылып, ел аумағында әлеуметтік нысандардың қатары артып келеді. Бұл тұрғыда біздің аймақта қолға алынған жұмыстың қарқыны зор. Яғни өңірде бес денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Оның бірі – өткен жылы іске қосылған Ойыл аудандық ауруханасы. 60 кереуеттік аурухананың жанында бір мезетте 200 адамды қабылдайтын емханасы бар. Аурухана жаңа заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазір аудан халқы алысқа жүгірмей-ақ, орталықтан сапалы ем қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Аталған нысанның құрылысына 671 миллион теңге жұмсалды.

Бұдан өзге Тұрғындар қалашығы мен Әуе қалашығы аудандарында ауысымына 500 адам қабылдайтын екі емхана салынып жатыр. Бір емхана арнайы дәліз арқылы жалғасқан екі ғимараттан тұрады. Оның бір жағы ересектерге  арналса,  екінші жартысы бір мезетте 150 бала қабылдайтын балалар емханасы болмақ.  Екі емхананың құрылысы өткен жылдың маусым айында басталды.

Бекітілген мерзімге сәйкес Тұрғындар қалашығы ауданындағы емхана қараша айында, ал Әуе қалашығы ауданындағы нысан желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Құрылысты қарқынды жүргізіп жатқан  «Нұр-жол құрылыс» компаниясы Тұрғындар қалашығы ауданындағы емхананы межеленген мерзімінен бұрын, яғни қыркүйек айында аяқтамақ. Қазіргі күні нысанның сыртқы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Енді ішкі әрлеу, әктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар әкелініп, қазір монтаждалу үстінде. Ал Әуе қалашығы ауданындағы нысан өз уақытында салынып бітеді. Қазіргі күні «Потенциал-МС» серіктестігі қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Екі емхана іске қосылғанда, бұрынғыдай қиындықтар кездеспейді деген ойдамыз. Өйткені бұл нысандарда халықтың дұрыс ем қабылдауына және медицина қызметкерлерінің сапалы қызмет көрсетуіне бар жағдай жасалады.

Әр емхананың құны – 1 миллиард 300 миллион теңге, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.

Бұл екі нысаннан басқа қалада  екі үлкен облыстық көп салалы аурухананың құрылысы басталды.  Оның бірі – бұрынғы жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының жанында орналасатын  200 орындық облыстық балалар ауруханасы. Қазір «Мастак» серіктестігі аурухананың іргетасын қалап жатыр. Құрылыс келер жылы аяқталады. Екіншісі – Жаңақоныс  елді мекенінде салынып жатқан 300 орындық көп салалы аурухана. Өткен жылдың төртінші желтоқсанында «Интерстиль» серіктестігі құрылысты бастады. Аталған нысан 2011 жылы аяқталады.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаржысына облыс аумағында бірқатар денсаулық сақтау нысандары салынуда. Мәселен, Құрашасай ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылса, Заречный елді мекені мен Мәртөк ауданындағы Хазеретов ауылына дәрігерлік пункт салынды. Осындай нысандар Ойыл ауданы Сарбие ауылында және Әйтеке би ауданының Әйке, Тереңсай ауылдарында пайдалануға берілді. Бұдан өзге Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Хромтау, Байғанин, Темір, Алға  аудандарында салынып жатқан нысандардың құрылысы жыл соңына  дейін аяқталмақ. Сонымен қатар қаладағы облыстық бактериологиялық зертхананың да құрылысы аяқталуға жақын. Ал 8-шағын аудандағы отбасын жоспарлау орталығының үшінші қабаты салынып жатыр. 80 кереуеттік Қарғалы қалалық ауруханасының перзентхана бөлімі келер жылы пайдалануға беріледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button