Экономика

Ірі жобалар

Ақтөбеде «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.  Өткен аптада Ақтөбеге іссапармен келген аталған банктің басшылық құрамы осы  жобалардың жұмысымен танысты. Шара барысында журналистерге арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. 

 

Рельс арқалығы зауыты — Орта Азияда баламасы жоқ өндіріс

 

«Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының басшысы Болат Жәмішев алдымен құрылысы жүргізіліп жатқан рельс арқалығы зауытына барды. Жылына 400 мың тоннадан астам өнім шығаратын кәсіпорын қазақ теміржолы тарихындағы ең алып жобалардың бірі болып есептеледі. Мұндай баламалы зауыт тұтас Орта Азияда жоқ. Сондықтан ол толық қуатында жұмыс жасаған жағдайда өнімдері экспортқа да шығарылады. Б.Жәмішевтің айтуынша,  жалпы құны 399 млн. доллар болатын жоба құнының 60 пайыздан астамы Қазақстанның даму банкінің несие қаржысы, қалғаны бастамашы компанияның өз қаражаты.

—   Сапасы жоғары өнімдерді жаңа технология бойынша өндіреміз. Еліміз Кеден одағына енгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақ стандарттары талаптарына сай  кейбір нормативтік құжаттарға өзгеріс енгіздік. Мемлекеттік стандарттарға өзгеріс енгізу өнімнің өзіндік құнына айтарлықтай әсер еткен жоқ, бірақ сапасының жоғарылауына септігін тигізді. Жоба құны артты. Қажетті жабдықтар тұтас дерлік әкелінді деуге болады. Қосымша жабдықтар енді әкелінеді, —  дейді «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті Ермек Қизатов.

Зауыттың құрылыс жұмыстарының тоқсан пайызы аяқталды. Ол желтоқсан айының басында жұмыс режиміне қосылып, сынақтан өткізіледі.

Зауыт алдағы жылдың ортасында толықтай пайдалануға берілмек. Жылына 430  тонна өнім өндіреді, оның 200 мың тоннаға жуығы теміржол рельсі, қалған 230 мың тоннасы бір қалыпта құйылған прокат.

Зауыттың технология жөніндегі директоры Марат Ибрагимовтың айтуынша, кәсіпорын Қазақстан теміржолы акционерлік қоғамымен он жыл мерзімге келісімшартқа қол қойған.

—   Яғни өнімдеріміздің негізгі тұтынушысы Қазақстан  теміржолы. Біздің өнімдер елімізде теміржол құрылысын салуға, ескі теміржолдарды жөндеуге жетеді. Бұл өнімдерді нарықта өткізу жөнінен проблема болмайды деген сөз. Одан өзге бірқатар құрылыс компанияларымен де келісімге келдік. Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей нарықтарына шығаруды да жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Барлық қажетті жабдықтарды италиялық «Siemens Vai» компаниясы жеткізді. Өзара келісімшарт бойынша зертханаға қажетті жабдықтарды да аталған компания жеткізіп отыр.

Ақтөбе рельс арқалығы зауыты бақылау кеңесінің төрағасы Қабдол Шапиевтің айтуынша, мамандар Қарағандыдағы «Арселор Миттал» компаниясынан, басқа да металлургиялық кәсіпорындардан шақыртылған. Ресей, Беларусь, Украинадан келген мамандар да бар. Алайда, олардың саны зауыттың жалпы жұмысшыларының он бес пайызынан аспайды. Қалғаны жергілікті кадрлар, олар негізінен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Қарағанды мемлекеттік технологиялық университетінің түлектері. Зауыт толық қуатына шыққанда мұнда 700-ден астам  адам қызмет ететін болады, қазір 244 адам жұмыс жасап жатыр.

 

Феррохром өндірісі екі жарым есеге дейін артады

 

Бұдан соң қонақтар «Қазхром» трансұлттық компаниясының жаңа ферроқорытпа зауытына барды. 843 млн. АҚШ долларына бағаланған бұл жоба қаржысының 40 пайызы — Қазақстанның даму банкінің несие  қаражаты.

Феррохром өндірісі маңыздылығы жөнінен әлемдегі үздік ондық қатарына кіреді. Сондықтан хром қоры мол Ақтөбе үшін, тұтас Қазақстан үшін аталған өндірістің маңызы үлкен. Маусым айында жаңа ферроқорытпа зауытының іске қосу-жолға қою жұмыстарын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бастап берген болатын. Қазіргі күні бірінші пеш іске қосылды.

—  Жоғары көмірсутекті феррохром өндірісі орнының құрылысы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының базасында жүргізіліп жатқанымен, ол дербес үлкен зауыт болып есептеледі. Жобаны жүзеге асыру қаржысының 350 млн. доллары Қазақстанның даму банкінің несие қаражаты, қалғаны бастамашы компанияның, басқа да несиегерлердің қаражаты. Рас, біздің банк аталған жоба құрылысы аяқталуға жақын қалғанда қатысып жатыр, дегенмен бұл да жобаның тиімді қаржыландырылуына оң ықпал ететіндігіне сенімдіміз, —  деді Б.Жәмішев.

Жаңа зауыт әлемдік стандарттарға сай келетін аса қуатты тұрақты токты төрт пештен тұрады. Онда отандық шикізатты, яғни ұсақ кен мен Шұбаркөл арнайы коксы қолданыла отырып, жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром шығарылады.

«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тильдің айтуынша, әлемдегі баламалы кәсіпорындарда мұндай қуатты пеш жоқ.

—  Бірінші пеш іске қосылды. Осы уақытқа дейін бірінші пеште төрт мың тоннадан астам өнім өндірілді. Қазір екінші пешті іске қосуға  дайындап жатырмыз. Алдағы күндері оны қыздыру режиміне қосамыз. Үшінші пеш қаңтарда, төртіншісі сәуір айына қарай толықтай қосылады деген жоспар бар, — дейді В.Тиль.

Зауыт толық іске қосылғанда, онда жылына 430 мың тонна өнім шығарылады. Егер бұрынғы ескі зауытта жылына шамамен 300 мың тонна өнім шығарылатын болса, жаңа зауыттың іске қосылуымен феррохром өндірісі көлемі екі жарым есеге дейін артады.  Қосымша бес жүзге жуық жұмыс орны ашылады.

—  Ескі зауытта 3200  адам жұмыс жасайды, ал жаңа зауытта 450 адам жұмыс істейтін болады. Себебі мұнда барлығы автоматтандырылған, зауыт заманауи озық технология бойынша жұмыс жасайды. Өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға мән беріліп отыр, ферроқорытпа газын және шаңды пайдаға жаратуға, қатты қалдықтардың мөлшерін төмендетуге мән берілді. Алдағы 4-5 айдың шамасында зауыт жобалық қуатына шығады, —  деді В.Тиль.

Әзірге ескі зауыт та жұмыс жасай бермек. Техникалық сараптама нәтижесінде оның жұмысын тағы екі жылға созу ұйғарылды.

Зауыт басшысының айтуынша, өнім әлемнің түкпір-түкпіріне экспортқа шығарылады. Америка, Еуропа, Азия, Қытай, Жапония елдерінің нарығындағы сұраныс үлкен.

Бұл зауыт еліміздегі жоғары көмірсутекті феррохромның экспорттық әлеуетін 16 пайызға, ал Ақтөбе облысының әлеуетін 46 пайызға арттырады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button