Құқық

Жаңа құжаттар: қандай өзгерістер бар?

 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстердің жаңа редакциядағы нұсқасы қолданысқа енгізіледі.  

Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беру қажеттігін, соған сай ұлттық құқықтық жүйені халықаралық құқықтық ортамен сәйкестендіре отырып, бұл құжаттарды ізгілендіру жөніндегі реформалар жүргізу керектігін айтқан болатын. Соған сай елімізде біраз уақыт бойы төрт кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқылаудан өтіп, құжаттарға Президенттің қолы қойылды. 

Мамандардың айтуынша, жаңа заңнамалардың өндіріске енгізілуі қылмыстық іс-әрекеттердің азаюына септігін тигізеді. Статистика бойынша, соңғы жылдары елімізде қылмыс саны азайып келеді. Мәселен, осы жылдың басынан бергі тоғыз айында қылмыс деңгейі 5,1 пайызға азайған. Алғашқы жарты жылдықта әкімшіліктік құқықбұзушылық 2,5 есеге төмендеген. Жаңа кодекстердегі ізгілендіру амалдарының нәтижесінде, бұл статистика әлі де төмендей беруі керек.

«Осылайша мемлекеттік органдарымыз біртіндеп адамды айыптау амалынан ауытқып, шын мәнінде құқын қорғау арнасына түсіп келеді. Мұның бәрі ауыр дәрежелі қылмыстарды орта дәрежелі қылмыстарға ауыстыру арқылы жүзеге асып жатыр. Оның себебі кейбір қылмыстарға заңда көрсетілген жаза өте ауыр. Сәйкес емес. Адам қылмыс жасағаны үшін айыбын өтеуі тиіс, бірақ оған азап шегетін қасақана қиындық, қорлау жасалмауы керек, яғни жеке басының құқы тапталмауы қажет», — дейді ақпарат құралдарына берген сұхбатында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов.

Келер жылдың басынан қолданысқа енгізілетін заңнамалар туралы жергілікті мамандардың пікірін білген едік:

 

 

Нұрилә Сатыбалдина,

Ақтөбе облыстық сотының судьясы:  

 

Істің созылып кетпеуіне септігін тигізеді

 

Жаңа кодекстің  қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстен біраз айырмашылығы бар. Ол біріншіден Қылмыстық кодекстің құрылымдық өзгешілігіне қатысты. Бүгінгі қолданыстағы  кодексте 393 бап болса, жаңа Кодексте 467 бап көрсетілген,  жалпы бөлімінде қосымша  үш бап, ал негізгі бөлімінде  «медициналық қылмыстық құқықбұзушылық» атты жаңа тарау қосылып отыр.

Қылмыстық кодекстегі ең басты жаңалықтардың бірі ретінде қылмыстық жазаға тартылуға жатқызатын әрекеттерді  екі буынды дейгейде, яғни қылмыс және қылмыстық әрекет деп қарастыруды айтуға болады. Жаңа құжат бойынша  «қылмыстық әрекеттерге» — қоғам үшін соншалықты ауыр қауіп-қатер төндірмейтін құқықбұзушылықтар жатады. Соған сай қылмыс және қылмыстық әрекет үшін тағайындалатын жазалар да нақты айқындалған.

Тағы бір басты өзгешілік — қылмыстық жауапкершілікке  байланысты  жаңа түсініктердің  қосылуы. Мәселен, «аса және ірі көлемде залал келтіру» түсінігімен бірге «ұсақ залал келтіру» түсінігі енгізілген.

Жаңа заңнамада айыппұл төлету арқылы жазаға тарту басымдығы көзделген. Айыппұл көлемі де қолданыстағы заңмен салыстырғанда едәуір артып отыр.  Енді азаматтар қылмыстық әрекет жасағаны үшін 5-50 айлық есептік  көрсеткіш мөлшерінде, ал қылмыс жасағаны үшін 500-10 000 айлық есептік мөлшерінде  айыппұл төлейтін болады.

Істі зерттеуде тергеу жүргізуші судья қызметінің енгізілуі сотқа келетін істің сапалы қаралуына септігін тигізетін болады. Тергеу жүргізуші судья бірінші сатыдағы судья болып саналады, жаңа құжатта оның  міндеттері мен құзыреті нақты айқындалған. Айта кететін болсақ, оның құзыреті тек санкция берумен шектелмейді, ол тергеу жүргізуге байланысты тергеушінің теріс әрекеті немесе әрекетсіздігі жайында жазылған арыз-шағымдарды қарай алады. Сонымен қатар, қорғаушының ұсынысы бойынша сот мәжілісіне қатыстырылуы қиын куәларды құзыретті орган арқылы сотқа мәжбүрлеп келтіру мәселесін қарастырады.

Жаңа құжаттағы тағы бір елеулі өзгерістердің бірі — қылмыстық әрекетке байланысты істердің созылып кетуіне жол бермеу мақсатындағы талаптар. Яғни ендігі жерде тергеуге дейін қылмыстық іс қозғау жөніндегі қаулы шығару деген болмайды, яғни тергеу, тінту сияқты тергеу шараларының барлығы  арыз тіркелген сәттен бастап уақыт оздырмай бірден жүргізілетін болады. Мұндай тәжірибе батыстың көптеген елдерінде көптен бері қолданылып келеді.

Сонымен қатар, қылмыстық сот процесіне қатысушылардың арасында бәсекелестік пен теңқұқықтылықты қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс өндірісін қосымша тексеруге жіберу де алынып тасталған. Бұл да істің созылып кетпеуіне септігін тигізеді.

 

 

Шынар Айнабекова,

Ақтөбе әділет департаментінің  құқықтық  түсіндіру және  халыққа заңгерлік көмек  көрсету бөлімінің жетекші маманы:  

 

Істерді әділет органдары қарай алады

 

Алдағы жылдан бастап енгізілетін жаңа «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің негізгі қабылдану себептерінің бірі — тиісті заңнама ережелерін қылмыстық жауапкершіліктен әкімшілік тәртібіне өткізу, сонымен қатар, әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікті арттыру.

Жаңа кодексте жаңадан 61 бап енгізілген, 115 бап алынып тасталынған, барлығы 920 бап 53  тарау бар.

Қазіргі қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 357-4-бабында: «Заңнамада көзделген жағдайларда заңды тұлғаны, филиалды, өкiлдiктi қайта тiркемей қызметтi жүзеге асыра беру — шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде, ал iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Бұған қоса тiркеушi органға заңды тұлғаның тұрғылықты мекенжайының өзгергенi туралы уақытында хабарламау — шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға — он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға соқтырады», — делінген.

Ал жаңа кодекстің 466-бабында қолданыстағы аталған баптың екі тармағы, атап айтқанда, заңнамада көзделген жағдай­ларда заңды тұлғаны, филиалды, өкiлдiктi қайта тiркемей, қызметтi жүзеге асыру, тiркеушi органға заңды тұлғаның тұратын жерiнiң өзгергенi туралы уақытында хабарламау, бұл ережелердің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері болғандықтан өзгеріссіз қалып, ондағы шағын кәсіпкерлік субъектісіне салынатын айыппұл бірінші тармақта тиісінше жиырмадан он айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға, ал екінші тармақта оннан бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне өзгеріп отыр.

Сонымен қатар, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы әкімшілік жауапкершілік те артпақ. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясының 491-бабына сәйкес некеге тұруға кедергі келтіретін мән-жайларды жасырғаны немесе жалған мәліметтер бергені үшін азаматтық хал актілерін тіркеу органы бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуді талап етеді.

Атап өту керек, қазіргі қолданыстағы кодекс нормаларына сәйкес аталған әкімшілік құқықбұзушылықты жаса­ғаны үшін азаматтық хал актілерін тіркеу органы әкімшілік бұзушылық туралы хаттама толтырып, әкімшілік істі қарау үшін сотқа жолдайды. Ал енді жаңадан енгізілетін кодекс нормаларына сәйкес әділет органдары әкімшілік бұзушылық туралы хаттама толтырады және істерді өзі қарайтын болады. Бұл өзгерістер азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшерінің аздығымен (5 айлық есептік көрсеткіш), сондай-ақ, қазіргі таңда соттардағы азаматтық істердің қаралуының көптігімен байланысты деуге болады.

Некеге тұруға кедергі келтіретін ең басты себеп ретінде, арыз білдірушінің өтініш берген сәтте басқа адаммен некеде тұруын атауға болады, себебі қолданыстағы неке-отбасы заңнамасы байынша бір адамның бір мезгілде екі некеге тұруына  жол берілмейді.

Азаматтық хал актілерін тіркеу азаматтардың өтініштерінің және қажетті белгіленген құжаттар негізінде жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Азаматтық хал актілерін тіркеуге қажетті өтініштер тізімі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №99 бұйрығымен бекітілген. Өтінішке азаматтар өзі қол қояды. Өтініш нысандарының барлығында азаматтардың жалған ақпарат бергені туралы жауапкершіліктің бар екендігі, яғни азаматтық хал актісін тіркеген кезде азаматтар жалған ақпарат бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертіледі.

Өтініш берушінің некеде бар немесе жоқ екендігін тіркеуші орган рес­публика аумағында 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «АХАЖ» ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Өтініш берушіге қатысты некеге тұру фактісі анықталған жағдайда тіркеуші орган әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, айыппұл төлеу туралы қаулы шығарады және некені тіркеуден бас тартады.

Жаңа редакциядағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жұмысшылардың еңбекақысын уақытында толық өтемеген, міндетті еңбек демалысын бермеген, бірдей еңбек еткен жұмысшыларға әртүрлі айлық берген, жұмысшыларды алалауға жол берген және өндіріс орнындағы оқыс оқиғаларды, қайғылы жағдайларды жасырған жұмыс берушілерге жауаптылық  көзделіп отыр. Бұл жаңа редакциядағы құжаттың 87, 88, 89, 90, 95, 96-баптарында қарастырылған.

Ескеретін тағы бір жайт бар: мысалы, біз велосипед, қайықтарды уақытша кепілге алған уақытта өзіміздің жеке куәлігімізді немесе төлқұжатымызды қалдыруымызды талап етеді. Ал енді, біліп жүріңіз, жаңа  құжаттың 494-бабына сәйкес, азаматтардан төлқұжаттарды, жеке куәліктерді заңсыз алып қою немесе оларды кепілге қабылдау ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге алып келеді. Ал осындай әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мұндай әрекет қайтадан жасалатын болса,  он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз.

Жаңа заңнамадағы тағы бір жаңалық мынау: ендігі жерде жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін 500 айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды. Лауазымды адамға, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ, коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн 750 айлық есептiк көрсеткiштен, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн бір мың айлық есептiк көрсеткiштен, ірi кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button