Жаңалықтар

Қызмет сапасы қалай бағаланады?

Қазір шалғайдағы Бозой елді мекенінің тұрғындары мемлекеттік қызметтер көрсетудің қолжетімділігіне ие болып отыр. Аталған елді мекеннің тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін ауылдағы пошта байланысы торабы жанынан халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып, жүйелі жұмыс жасап жатыр. Аймақта мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы қандай, мұның тұрғындар үшін қолжетімділігі қаншалықты деңгейде? Бұл бағыттағы атқарылып жатқан шаруалар төңірегінде облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Жұмамұрат Алдашевты сөзге тартқан едік.

 

— Жұмамұрат Ердәулетұлы, соңғы кездері елімізде мемлекеттік қызметтер көрсетудің жаңа үлгісін қалыптастыруда игі шаралар қолға алынып жатыр. Алдымен осы жөнінде айтып берсеңіз.

— Мемлекеттік қызметтер көрсету — еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі. Елімізде болып жатқан әкімшілік реформаның негізгі стратегиялық бағыттары бар. Сол стратегиялық бағыттардың бірі — мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, енді Президент әкімшілігі жыл сайын мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалайтын болады. Елбасы Жарлығының негізінде 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі.  Сол жеті бағыттың бірі — мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау.

— Сонда бұл баға жергілікті әкімдер мен басқарма басшыларының жыл бойы атқарған жұмысы үшін беріле ме?

— Жоқ. Бұл баға облысқа ғана беріледі. Ол үшін Ақтөбе қаласы мен барлық аудан әкімдерінің, облыстық басқарма басшылары атқарған жұмыстардың нәтижесі облыс әкімдігіне берілген баға болып есептеледі.

Былтыр сәуір айында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңы қабылданды. Бұл Заң кім үшін керек? Бұл — қызмет ұсынушы және қызмет алушы үшін қажет. Яғни қызмет ұсынушының да, тұтынушының да құқығы, бостандығы мен барлық заңды мүдделлері осы Заңда көрсетілген.  Бұл Заңның мемлекеттік қызметтегі әрбір шенеунік үшін де маңызы зор. Себебі бірде-бір шенеунік бұл Заңнан тест тапсырмай, мемлекеттік қызметке қабылданбайды.

Бүгінгі күні тұтынушыларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасы қандай деңгейде екенін білу үшін арнайы өлшемдер бар. Соның бірі — көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа ауысуы. Екінші бір өлшем — көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы үлесі. Егер аталған өлшемдердің үлесі жоғарыласа, онда бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың да нәтижесі айқын көрінеді.

— Қазір халық жаңа жүйелердің игілігін көріп жатыр емес пе?

— Аймақта мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа үлгілері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың оң жолға қойылғаны, әрі жоғары нәтиже байқалады.  

Салыстырмалы түрде алсақ, осыдан екі жыл бұрын электронды қызмет көрсетудің үлесі облыста 1 пайызға да жеткен жоқ. Биыл соңғы тоғыз айдағы көрсеткіш бойынша аймақта электронды қызмет көрсетудің  үлесі  34 пайызға жетіп отыр. Ал  халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тұтынушыға сапалы қызмет көрсетудің үлесі 41 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш  өткен жылдың осы мерзімінде бар болғаны 30 пайыз мөлшерінде ғана болатын. Көрсетілетін қызметтің сапасы ғана емес, оның уақытылы орындалуы да — мемлекеттік қызметшілердің алдындағы басты міндет. Былтыр аймақта мемлекеттік қызметтер көрсетудің уақытылы орындалмауына қатысты 196 дерек тіркелсе, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша бұл жағдайға қатысты 19 дерек тіркелді. Яғни аталған  жағдайдың он есеге кемігені байқалады.

Мемлекеттік қызметтер көрсетуді электронды форматта, болмаса  халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы  жүргізгенде, сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытындағы шаралардың да қоса атқарылатынын айтуымыз керек. Өйткені мемлекеттік қызметтер көрсетудің бұл тәсілдері бойынша қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасында тікелей байланыс орнамайды. Себебі электронды тәсіл айтпаса да түсінікті. Бұл жерде тұтынушы интернет арқылы жұмыс жасайды. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына келген әрбір адам әуелі операторға тиісті құжаттарды ұсынады. Оператор құжаттарды қабылдап, қызмет түрі бойынша нақты мемлекеттік органдарға жолдайды. Одан кейінгі жұмыстармен тиісті мемлекеттік орган айналысады. Бұл жерде халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері диспетчер ретінде міндет атқарады.

Облыс тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің қолжетімділігі қаншалықты деңгейде?

— Бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталықтары Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында ғана жұмыс жасайды. Тұтынушыларға неғұрлым ыңғайлы болу үшін қазір шалғай ауылдарға мобилді халыққа қызмет көрсету орталықтары барып, қызмет көрсетеді.  Шалғайдағы ауыл тұрғындарының мемлекеттік қызметтер көрсетудің қолжетімділігіне ие болуы үшін Бозой және Қарабұтақ елді мекендерінде халыққа қызмет көрсету орталығы ауылдық пошта байланыс торабы жанынан ашылды. Алдағы күндері мұндай орталықтардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Тағы бір айта кететін жайт, әрбір тұтынушы үйде отырып-ақ электрондық сандық қолтаңба арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін тұтына алады. Қазір облыс әкімдігінің ресми сайтында (http://aktobe.gov.kz) арнайы мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімі бар. Сол сайтта барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрлері, оны тұтынудың жолдары жазылған.

— Рақмет!

 

Әңгімелескен Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button