Құқық

«Анварды» тонағандар ұсталды

Құқық тәртібі

Тамыз айының 6-10 жұлдызы аралығында облыс аумағында «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасы өткізілді. Оның мақсаты – өңірдегі қылмыстық ахуалды бақылау, қоғамдық тәртіпті қадағалау және азаматтардың жеке басының және мүліктік қауіпсіздіктерін сақтау, сондай-ақ жасалған қылмыстардың бетін ашып, құқық бұзушылықтың алдын алу.

Қолға алынған осы шараның қалай жүзеге асқандығы туралы облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Мақсат Өсербаев баспасөз мәслихатында журналистерге баяндап берді.

Төрт тәулік ішінде облыс аумағында 126 құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиға тіркелген. Сонымен бірге 1799 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көше бойларына орнатылған бейнекамералар көмегімен төрт қылмыстық оқиға мен 416 әкімшілік құқық бұзушылық айқындалды.

Нақ осы күндерде бұрын жасалған 28 қылмыстық іс ашылып, іздеуде жүрген он төрт күдікті қылмыскер қолға түсті және бұрын жоғалған үш автокөлік табылды.

Алтыншы тамыз күні сағат 20.50 шамасында «Анвар» супермаркетіне қарақшылық әдіспен шабуыл жасалып, үлкен мөлшерде ақша ұрланды. Оқиға былай өрістеген. Супермаркеттің инкассаторлар ақша алып кететін қосымша есігі қағылғанда оны ақша санаушы қызметкер ашады. Сол кезде сыртта тұрған бес жігіттің төртеуі ішке кіреді де, қызметкерді пышақпен қорқытып, 1 миллион 498 мың теңгені алып кетеді. Шабуыл жасаушылар дереу іздерін суытады. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында сезіктілердің аты-жөндерін анықтап, олардың үшеуін қолға түсірді. Олардың біреуінен 20 мың теңге, ұялы телефон және оған қосымша тоналған ақшаның бір бөлегі тәркіленді.

Қазір күдікті үш адам уақытша қамау орнына алынып, қалған екеуі іздестірілу үстінде.

Сонымен қатар шара барысында бұрын ұрланған автокөлік табылды. 2007 жылы тамыз айында түнгі сағат 2.00 шамасында Есет батыр көшесінде тұратын отыз төрт жастағы азаматтың үйінің ауласынан «Hammer» көлігі ұрланған еді. Келтірілген шығын көлемі 9 миллион 300 мың теңге деп бағаланды. Ұрланған көлік Бішкек қаласынан шықты. Қазір көлікті елге қайтаруға байланысты шаралар алынуда.

Алтыншы тамыз күні Қобда аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Жигули» автокөлігін тоқтатқанда, көлікте отырған Терісаққан ауылының отыз алты жасар тұрғынынан 1 кг 200 грамм есірткі тәркіленеді. Күдіктінің айтуы бойынша, ол далалықтан жинаған есірткіні өзі пайдаланбақ болған.

Жетінші тамыз күні Шұбарқұдық селолық округінде заңсыз есірткі өсіру дерегі анықталды. Отыз алты жастағы ауыл тұрғыны өз бақшасында қияр мен қызанақ көшеттері арасына есірткі өсірген. Мұнда ұзындығы 150-170 см болатын 205 есірткі түйнегі алынды. Тәркіленген 17 сөмке сараптамаға жіберілді. Егер күдіктінің қылмыстық әрекеті дәлелденсе, ол 3-8 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Н. ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button