Әлеумет

ЗЕЙНЕТАҚЫҢЫЗ КӨБЕЙДІ МЕ?

d0b7d0b5d0b9d0bdd0b5d182d0b0d0bad18b

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зейнетақының орташа мөлшері 25 пайызға көбейген болатын. Биылғы жылдың алғашқы зейнетақысы қолдарына тиген зейнеткерлер мен мемлекеттен арнаулы жәрдемақы алатын адамдардың арасында қайта есептеуден кейінгі қаражаттың мөлшеріне түсінбестік білдіріп жатқандары да бар. Осындай мақсатта редакциямызға хаттар да көптеп келуде.

Сол хаттардың бірқатарына «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қайрат Отаров жауап берді.

Сұрақ

Сегізай ЖАППАРОВА, Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғыны:

— Жолдасым Рахат Сатаев — І топ мүгедегі. 2008 жылдың желтоқсан айында ол 5410 теңге — іргелік, 18 408 теңге — негізгі зейнетақы мен 1636 теңге жеңілдік алып тұрды. Жыл басталғалы зейнетақыға біраз қосылғанын білеміз. Қаңтар айында алған зейнетақысына бар-жоғы 37 теңге қосылыпты. Іргелік зейнетақысы азайып — 5388 теңге болған, негізгі зейнетақысы да азайған — 18 320 теңге, жеңілдік қана өсіпті — 1783 теңге. Бұл есептеу дұрыс па?

Ал өз зейнетақыма 2361 теңге қосылыпты. Қазір 15 714 теңге аламын. Зейнетақымды қайта есептеткім келеді.

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап күнкөріс шамасы 12 025 теңге болып өзгерді. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығы үшін өтемақы төлеу 2008 жылдың 1 шілдесінен ай сайын желтоқсан айына дейін жүзеге асырылды. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап азамат Рахат Сатаевқа 2054 теңге қосымша өтемақы төлеу тоқтатылды. Қазір бұл кісіге мемлекеттен төленетін арнайы жәрдемақының мөлшері — 18 320 теңге. Жаңа жылдан бастап жәрдемақы өскенмен, өтемақы қысқартылды. Бұл жерде зейнеткерге жәрдемақы мөлшерінің өскені байқалмай тұр. Ал азаматша Сегізай Жаппарованың зейнетақысы жаңа жылдан бастап 30 пайызға көбейді.

Сұрақ

Ырғыздық бір топ әйел:

— Біз атаулы әлеуметтік көмекке құжат дайындағанда адам басына шаққанда кедейшілік шегі 4 729 теңге болды. Ал газетте кедейшілік шегі 13 мың теңге деп көрсетілген. Мұны қалай түсінуге болады?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Бұл сұрақ бойынша облыстық әлеуметтік қорғау басқармасы жауап береді. Басқарма қаладағы Маресьев көшесі, 101-үйде орналасқан.

Сұрақ

Жеңіс КӨЗДІБАЕВ, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Мен 2007 жылдың 24 ақпанында 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығуым керек еді. 2006 жылдың желтоқсан айында аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі бөлімшеге құжаттарымды көрсеттім. Мекеме қызметкерлері еңбек кітапшамның бір парағында қате кеткенін, соны облыстық басқармаға көрсетуім керектігін айтты. Облыстық басқарма «сот шешім шығарсын» дегенді айтты. Сот шешімі шығып, тиісті құжаттар тапсырылғаннан соң ғана мен алғашқы зейнетақымды 2007 жылдың маусым айынан бастап алдым. Неліктен маған наурыз, ақпан, сәуір айларындағы зейнетақым төленбей отыр? Бірінші жазған арызым жоққа шығарылған ба?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Еңбек кітапшасы — зейнетақы тағайындаудағы басты құжат. Еңбек кітапшасы қате толтырылса, еңбек өтілін есептеу мүмкін емес. Сондықтан бұл кісінің құжаттары расталу үшін сот шешімі арқылы қайта қаралды. Заң бойынша, бұл жағдайда сот шешімі шығып, тиісті құжат аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі орталыққа тапсырылған күннен бастап зейнетақы тағайындалады.

Сұрақ

Аты-жөні белгісіз:

— Зейнетақы қорындағы қаражатты басқа мақсатқа пайдалану мүмкіндігі бар ма? Айталық, ипотекаға салуға бола ма?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Жоқ, болмайды. Зейнетақы қорындағы қаражат үш жағдайда ғана алынады. Біріншісі — зейнетақы қорын зейнет жасына жеткенде ғана пайдалануға болады. Екіншісі — Қазақстаннан басқа мемлекетке қоныс аударғанда және зейнетақы қорына ақша аударған адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына ғана бұл қаражатты алуға мүмкіндік бар.

Сұрақ

Есенғали БЕРДІХАНОВ, Байғанин ауданының тұрғыны:

— Мен 3-топтағы мүгедекпін. Мемлекеттен алатын жәрдемақымды қайта есептеткім келеді.

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Бұл азаматқа мемлекеттен төленетін жәрдемақы белгіленген мөлшер бойынша тағайындалып отыр. Яғни жәрдемақы күнкөріс шамасының 0,74 мөлшері бойынша есептелді. Жаңа жылдан бастап азамат Есенғали Бердіханов 9968 теңге — әлеуметтік жәрдемақы, 764 теңге арнаулы жәрдемақы алуға тиіс.

Сұрақ

Айдархан АМАНБАЕВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—«Екінші номерлі тізім» дегенге түсінік беріңізші. Оны кімдер алады?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Бұл — 1998 жылғы қаңтардың 1-іне дейін қауіпті, зиянды және ауыр жағдайда жұмыс істеп, зейнетақыда жеңілдік алуға тиісті құқығын алып үлгермеген азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақы. Бұл жәрдемақыны алудың шарттары мынадай болып келеді. Оны 1998 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі еңбек өтілі 25 жылдан кемге соқпайтын, жасы 58-ге жеткен ер адамдар, осы уақытқа дейін еңбек өтілі 20 жылдан аз емес, жасы 53-ке жеткен әйелдер ала алады. №2 тізім бойынша ерлерге еңбек өтілінің 12 жыл 6 айдан аз емес мерзімі үшін, әйелдерге 10 жылдан аз емес мерзімі үшін жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы зейнетақыға қосымша төленбейді.

Сұрақ

Аты-жөні белгісіз:

— Жұмыс істемейтін аналар әлеуметтік жағынан қорғалған ба?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Баласы бір жасқа толмаған жұмыс істемейтін аналар мемлекеттік бюджеттен біржолғы жәрдемақы және нәресте жасқа толғанша ай сайынғы жәрдемақы ала алады. Ал мүлдем жұмыс істемей отырған аналарға біздің тарапымыздан зейнетақы да, жәрдемақы да төленбейді. Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі әрбір адамды ойландыруға тиіс. Себебі болашақта жақсы зейнетақы алу үшін жұмыс істеу керек, табыс табу керек, зейнетақы қорына ақша аударуың қажет.

Сұрақ

Дайр ЖӘЛІМБЕТОВ, Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылының тұрғыны:

— Кезінде 38 жыл тракторшы болып жұмыс істедім. Қазір 17900 теңге зейнетақы аламын. Жұмыс істеген кездері бірнеше рет Алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталдым. Зейнетақы тағайындау кезінде бұл марапаттарым ескерусіз қалған. Мұның себебі неде?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Жаңа жылдан бастап азамат Дайр Жәлімбетов 23 798 теңге алуға тиіс. Өйткені оның негізгі зейнетақысы — 18 410, іргелік зейнетақысы — 5388 теңге. Зейнеткердің зейнетақысы 2009 жылдан бастап 30 пайызға көбейіп отыр. Зейнетақы тағайындау кезінде бұл кісіге берілген марапаттар ескерілмегені рас. Бұл мақсатта мемлекеттен төленетін арнайы жәрдемақы Қазақстан Республикасы алдында еңбегі сіңген азаматтарға ғана тағайындалады.

Сұрақ

Аты-жөні белгісіз:

—Жұмысшының есебіне міндетті зейнетақы жарнасын аудармаған жұмыс берушіге қалай әсер етуге болады?

Жауап

Қ.ОТАРОВ:

— Қолданыстағы заңға сәйкес, міндетті зейнетақы жарнасын төлеуді салық органдары қадағалайды. Сондықтан жарна аударылмаған жағдайда салық органдарына жүгінуге тура келеді.

Р.S. Зейнетақы мен жәрдемақы төңірегіндегі мәселелер мазмұнында жазылған хаттар легі редакциямызға әлі де келіп жатыр. Бұл хаттарға болашақта да зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың басшылығы жауап беретін болады.

Хаттармен жұмыс істеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button