Әлеумет

Жер атаулары жүйеге түсе ме?

Елдігіміздің бір белгісі ретінде байқалатын жер атаулары қашаннан бабаларымыздың бұл мәселеге байыппен қарап, табиғи ерекшеліктер мен өлке өзгешелігін тап басып, сол арқылы түйін жасағанын білдіреді.

Бір өкініштісі, кешегі кеңестік кезеңде, тіпті, одан арғы патшалық отарлау саясатымен біраз елді мекендер басқаша атауларды иеленіп, содан күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқанымыз егемендігімізге кіреуке түсіріп тұрғандай әсер қалдырады.

Дегенмен бастапқы қалпынан табаны таймайтын халықтық сана ежелгі атауларды қайта оралтуға қарай, сөйтіп тарихи әділеттілікті орнықтыруға бет бұрды. Бұл ретте ел тілегін ескере отырып, сондай-ақ қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа алып, ономастикалық комиссиялар жүйелі түрде жұмыс істеуге көшті.

2005 жылы Республика Үкіметі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасын» бекітті. Осы маңызды құжат атау беру кезінде республикаға айрықша еңбегі сіңген және оның тарихына, ғылымына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне елеулі үлес қосқан мемлекет пен қоғам қайраткерлеріне, әлем деңгейіндегі адамдарға ғана көше, нысан есімдерін беруді міндеттейді.

Қазақ жеріндегі жер атауларының өзгеріске ұшырауы көп жағдайда сырттан қоныс аударушылардың келуімен байланыстырылады. Шындығында да солай.

Бүгінде біздің облысымыздағы бір ғана Мәртөк ауданында жиырмадан астам тарихи жүктемесі жоқ, мән-мағына бермейтін, қазақы намысыңды қайрайтын атаулар бар. Мысалы, Казанка, Родниковка, Калиновка, Горноводск, Веренка, Андреевка, Рыбаковка, Черемушки, Драгомировка, Новопокровка… Міне, осылай жалғаса береді.

Кейбір атаулардың шығу тарихына көз салсақ, қоныстанушылардың келуімен өзгеріс болғандығы байқалады. Мәселен, 1902 жылы Украинадан келген шаруалар Родниковка деп атап кеткен ауыл бұрынырақта Қарабұлақ деп аталыпты. Сондай-ақ, Горноводск – Бұлақтысай, Чайда – Шаңды, Степановка – Құрмансай, Целинное – Көкпекті атауларын алмастырған.

Бұндай «жаңалықтардан» Қарғалы ауданы да қалыспайды. Бұл өңірдің топонимикасында Анастасьевка, Григорьевка, Херсон, Бородиновка, Велиховка, Эрзерум, Преображеновка, тағы да басқа осындай бірнеше атаулар назар аударады. Күні кешеге дейін бұл жердің топонимикалық жүйесі таза орыс ойконимдерімен бейнеленіп келді. Тарихи деректерге жүгінсек, оның қалыптасуының басы негізінен қоныстандыру кезеңінен басталады.

Соңғы он жылдық көлемінде ғана бұл аймақта қазақыландыру процесі жүре бастады. Мәселен, Эрзерум поселкесі Сарыбұлақ ауылы деп аталды, Бородиновка Қайрақты болып өзгертілді, Александровкаға Шәмші Қалдаяқов аты берілді.

– Елді мекендердің тарихи атауларын кейін қайтаруға кедергі келтіріп отырған ештеңе жоқ, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы, облыстық ономастика комиссиясының хатшысы Алмат Пангереев. – Рас, заңнама талаптары жергілікті тұрғындардың пікірін ескеруді талап етеді. Ал мұның өзі кезінде жерімізге қоныстанып келгендердің «қытығына» тиетіні анық. Демек, тіл саясатының бір бөлігі ретінде ономастика саласын тұрғындарға ұдайы түсіндіріп отыру қажет етіледі. Тіпті, бұрынғы жер атауларын қойғанда да ата-бабамыз сол жердің өзіне тән белгісін ескерген. Айталық, облыс аудандарының біріндегі Тікқайың деген атау Ивановкаға қалай ауысып кетті? Немесе Қоршанды Рыбаков атауы қалай жаулап алды? Федоровкалар, Веренкалар, Михайловкалар, Дмитриевкалар қалай пайда болды?

Жер атауларын реттеу қалай дегенде де үстірт көзқарасты көтермейді. Мұнда мәселеге байыпты қарау, жан-жақты ойластыру қажет-ақ. Осы тұрғыдан келгенде тарихты тереңдеп түсіну, қазақы ұғымды қайтару ретімен, әйтеуір, бет алды байбалам жасамай, салқынқандылық танытқан да дұрыс деп білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша  «Ақтөбе облысының топонимиясы» деп аталатын кітаптың өткен жылы жарық көрген бірінші томы бізге көп көмек көрсете алар еді. Онда өңіріміздегі Ақтөбе қаласы мен Алға, Қобда, Қарғалы және Мәртөк аудандарының орысша топонимиясы туралы зерттеулердің нәтижелері жинақталып, топонимдердің тарихи-этимологиялық сипаттамасы, кезеңдерге бөлінуі және жіктелуі берілген, сондай-ақ тарихи-мәдени және лингвомәдени тәсілдердің принциптеріне негіздеме жасалған.

Елді мекендердің атауларының өзгертілуі орысша және қазақша топонимияларға салыстырмалы талдау жасау негізінде, топонимиканың қазіргі теориясы тұрғысынан қарастырылады.

Жоспарға сәйкес осы еңбектің заңды жалғасы болып табылмақшы екінші томда облыстағы тұтастай байырғы тұрғындар мекендеген Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар, Ырғыз, сондай-ақ аралас тұрғындар тіршілік ететін Темір және Хромтау аудандарының қазақ топонимиясына талдау жасау көзделуде. Алмат Пангереевтің айтуына қарағанда, екінші томның мақсат-міндеттері біріншіге ұқсас, яғни топонимияға тарихи-этимологиялық сипаттама беру. Бұл томның қажеттілігі топонимдерді көбінесе тілдік белгілер аспектісінде зерттеумен анықталады.

Үшінші том қазақ және орыс филологтарының Ақтөбе облысының топонимиялық жүйесін талдау, когнитивті топонимиялық таптаурындарды тұтастай зерттеу, топонимдердің құрамдас құрамын, олардың құрылымдық түрлерін және модельдерін зерттеу мақсатында бірлескен ғылыми еңбегі түрінде жоспарлануда.

Қолға алынып жатқан еңбектегі зерттеулер ғылыми негізге сүйеніп жасалады. Мысал ретінде айтатын болсақ, Алға ауданындағы Шибаевка елді мекені ақпарат көздеріне қарағанда бұрын Қарағаш деп аталған. 1856 жылға дейін бұл аймақ Батпақты болысына қараған. Ең алғашқы қатарда Шибаев деген көпес келіп орналасқандықтан, поселке атауы соның негізін алған.

Топонимикалық іздеулер, топонимиялық мекемелерді құру және атауларды өзгерту тәртібін стандарттаушы заңдар қабылдау біздің ғана аумақтың емес, сонымен қатар тұтас елдің тарихын зерттеуге кешенді, кең сипат берері анық. Осы тұрғыдан келгенде қолға алынып жатқан бұл еңбек Ақтөбе облысы топонимиясының дереккөздік базасын кеңейте түсері сөсіз.

…Жоғарыда айтылған әңгімеміздің желісін жалғастыратын болсақ, орысша атаулар Ақтөбе қаласына қарасты елді мекендерде де, қала көшелерінде де жыртылып айырылады. Пригородное, Садовое, Ясное Красносельское, Георгиевка, тағы басқа атаулары құлдықтан құтылмағандықтың белгісі іспетті. Қала маңындағы селолар өсіп, өркендеуінен  Заречный деген ауылдың бірнешеуі бар.

Ақтөбе қаласында әнебір кездерде беріле салған Весенняя, Водный, Ударная, Горем-23, Арматурная, Безымянный, т.с.с. мазақ еткен көше атауларыны  намысымызға тимей ме? Қаланың тек қана қызыл армияны, оған қатысушыларды дәріптеген Красная, Краснощеков, Красин,  Красногорская, Кобозев, Котовский, Лазо, Люксембург, Ряхов, тағы басқа ондаған көшелері кімді ойландырады екен? Дачная көшесінде бау-бақша өсірілмейтін шығар, ал  Декабристов көшесінің 1986 жылғы Алматыдағы оқиғаға байланысты қойылмағаны белгілі. «30 лет Казахстана» көшесі кеңестік дәуірдегі бодандық Қазақстанның «бұғауын» әлі мойнына салып келеді.

Әрине, бәрі бір күнде түзетілмейді. Солай десек те, осы орайда Астана қаласының жүздеген көшелерге бір мезетте қазақ халқының салты мен дәстүрін білдіретін, еліміздегі ауылдардың, қазақ ертегі, эпостарындағы кейіпкерлердің есімдерін бергені көбімізге үлгі болғандай.

– Республикаға айрықша еңбегі сіңгендерге елді мекендер мен көше атауларын берудің заңнамалық негіздері бойынша облыс көлемінде екіден, республика бойынша үштен аспайтындай болуы шарт, – дейді Алмат Пангереев. – Заңнама талаптары дұрыс түсіндірілмегендіктен қаладан Темірбек Жүргенов сынды қоғам қайраткеріне мектеп, көше сұраған хаттар келді. Осы кісінің есімімен  тек қана Ақтөбе облысында 5 бірдей объекті аталған екен.

…Сонымен, жер атаулары жүйеге түсе ме? Көше атаулары қалпына келтіріле ме? Бұл – кешеден келе жатқан, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерінің бірі. Бізді қуантатын бір жайт, жер атауларының тарихи-этимологиялық сипаттамасы, атауларды өзгертудің жіктелуі мен стратегиясы ғылыми негізде қолға алынуы. Әйтпесе «деген екенмен» жүріп, бұрмалаушылықтарға жол беріп алуымыз бек мүмкін.

Дерек көзі не дейді?

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімі облыс әкімі жанындағы ономастика комиссиясының жұмысын үйлестіруді жүзеге асырып келеді. Комиссияда 2004-2008 жылдары 75 ұсыныс қаралды. Мәселен, 2004 жылы – 8, 2005 жылы – 15, 2006 жылы – 10, 2007 жылы – 23, сондай-ақ, 2008 жылы 16 ұсыныс қаралса, биылғы жылдың осы кезеңіне дейін 19 ұсыныс комиссия талқысына түсті. Оның 46-cы елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, жаңа атаулар беруге қатысты.

Заңнама талаптарын парақтасақ

Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге республикаға айрықша еңбегi сiңген және оның тарихына, ғылымына, мәдениетіне, әдебиетi мен өнерiне елеулi үлес қосқан адамдардың аттарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам қайраткерлерiнiң және әлемдiк ауқымдағы ғылым мен мәдениет қайраткерлерiнiң есiмдерiн беру және оларды қайта атау кезiнде мынадай қағидаттар ескерiледi және сақталады:

қалаларға, қала үлгісiндегi кенттерге, аудандарға бұдан былай адам аттары берiлмейді;

бiр есiмнiң көп дүркiн қайталануына және көбейiп кетуiне жол бермеу мақсатында олар республика бойынша үштен аспайтын және олардың қайтыс болған күнiнен бастап бес жыл өткен жағдайда ғана берiледi; объектiлерге есiмдер беру ат берiлген (өзгертiлген) күнiнен бастап он жыл өткеннен кейiн ғана жүзеге асырылады. Жергілiктi өкiлдi және атқарушы органдарға мыналар ұсынылады:

1) қаладағы аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, орамдарға, парктерге, скверлерге, көпірлерге және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiне ат қою және оларды қайта атау туралы, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы шешiм қабылдау кезiнде:

республикаға айрықша еңбегі сiңген және оның тарихына, ғылымына, мәдениетіне, әдебиетi мен өнерiне елеулi үлес қосқан адам аттарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам қайраткерлерiнiң және әлем деңгейiндегі ғылым мен мәдениет қайраткерлерiнiң есiмдерiн әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана үшiн екiден аспайтын және олардың ќайтыс болғанына бес жыл толған жағдайда ғана бepу; көзi тiрi адамдардың атын бермеу; объектiлердi қайта атауды ат берiлген (өзгертiлген) күнiнен бастап кемiнде он жыл өткен жағдайда ғана жүзеге асыру;

Осы бағытта мынадай мiндеттердi жүзеге асыру көзделедi:

ежелгі халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға халықтың құрметпен қарауын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру және қалыптастыру, түрлi объектiлердiң: әкiмшiлiк-аумақтық және аумақтық-өнеркәсіптiк бiрлiктердiң, елдiмекендердiң, сондай-ақ көшелердiң, алаңдар мен мекемелердiң тарихи атауларын сақтау.

(ҚР Үкіметінің  2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасынан).

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button