Білім

13 бүлдіршін мектепке әзір

«Мектепке жол»

«Мектепке жол» акциясы аясында облысымызда аз қамтылған, жағдайы нашар, көп балалы  отбасы балаларына көмектесу, олардың мектептен қалмауына жол бермеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Өткен жұмада облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінде жеке кәсіпкер Светлана Степаненконың жетекшілігімен 13 оқушыға мектеп формалары мен оқу құралдары табыс етілді.

Облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жағдайы нашар, ата-анасыз қалған отбасылардың бірінші сыныпқа баратын балаларының тізімі жинақталып, көмек беру мақсатында меценаттарға арнайы өтініш-хаттар жолданды. Балаларға жәрдем ету мақсатында бірінші болып жеке кәсіпкер Светлана Степаненко хабарласып, 300 мың теңге көлеміндегі қаржыға киім-кешектер, құралдар табыс етті.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан біздің ұжымның қызметкерлері қызу жұмысқа кірісіп, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларын анықтады. Енді оларға көмек беру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Облысымыздағы белсенді кәсіпкерлердің біздің өтініштерімізді аяқсыз қалдырмайтынына сенім мол. Айта кетейін,  былтырғы акция кезінде де біздің кәсіпкерлерімізден қолдау көп болды. Өткен жылы 6 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына  8 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Арнайы ұйымдастырылған рейдтік шарада 27 жасөспірім мектеп партасына отырғызылды. Сонымен қатар «Қисық көл», АЗФ жәнен АЗХС саяжайларында тұратын отбасылардың балаларын мектепке тасымалдау мәселесі шешілды. Биыл да бұл шаралар жалғасын табады. Жеке кәсіпкер С.Степаненконың көмегімен 13 бала мектепке баруға әзір. Біздің өтінішімізді жауапсыз қалдырмай, қол ұшын созған кәсіпкер азаматтарға алғысымызды білдіреміз – дейді департамент директоры Күлпаршын Айдарханова.

Шара барысында жиналған ата-аналар мен бүлдіршіндер алғыстарын білдірді.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button