Экономика

Қаржы мен қайтарым

Елбасымыз дағдарысқа қарамастан шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударды. Бұл бағытта Үкімет қомақты қаржы бөліп, бірқатар жұмыстар атқарылды. Әсіресе, аудан, ауылдардағы шағын шаруалардың жұмысын жолға қою мақсатында оларға  несиелер беріліп, өзге де бағыттарда көп көмек көрсетілуде. Ілгеріге қарағанда қазір аудандарда ұсақ кәсіпкерлікпен айналысатындар көп. Мәселен, Мәртөк ауданында 465 шағын кәсіпкерлік жұмыс істейді. Олардың бірқатары егін, мал, құс шаруашылығымен айналысса, енді бірі көкөніс өсірумен шұғылданады. Жуырда осы ауданда шағын шаруашылықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде семинар өтті. Басқосуға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері және аудандардан кәсіпкерлер қатысты. Семинар барысында қатысушылар бірқатар серіктестіктердің жұмысымен танысты.

«Кейс» пен «Патриот»

Алдымен олар Байнасай селолық округіндегі «Шанды» серіктестігіне барды. Бұл жерде серіктестік басшысы Мұхтар Ермұханов жиналғандарға шаруа жайы және қолданысқа енгізілген жаңа технологиялар жөнінде әңгімеледі. Соңғы үш жылда серіктестік «ҚазАгроҚаржы», «АПК-Инвест» акционерлік қоғамдары арқылы 475 миллион теңгеге жаңа техника сатып алған.

Серіктестікте қазіргі күні ескі техникалардан бөлек төрт «Кейс» және бір  америкалық «Патриот» атты алқапты улайтын машина бар. Техниканың барлығын лизингке алдық. Жаңа техниканың пайдасы ұшан-теңіз. Бір күнде мың гектар жерді өңдеп шығасың. Әрі өнімнің шығымы жақсы болады. Мәселен, бір  гектарға 3-4 центнер өнім қосылады. Биыл ауа райы ыстық болып тұр. Көктемде дымқыл жақсы түскенмен, жаз басталысымен жаңбыр  тамбады. Қазір жерді химиялық өңдеуден өткізіп, күздік бидай егуге дайындап жатырмыз. Тамыз айының соңында егу жұмыстары басталады. Әзірге дайындықтың қарқыны мықты. Серіктестікте 70 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жастар. Отбасын құрған жастарға қолдау көрсетіп, тұрмыстарының түзеліп кетуіне жағдай жасаймыз, – деді серіктестік басшысы.

Құрылғанына он жыл болған серіктестік алғашқыда 750 гектар жерге егін ексе, қазіргі күні игерілген жер көлемі 14 мың гектарға жеткен.  Болашақта мал шаруашылығымен де айналысу жоспарда бар. Алайда шаруа жайын білетін серіктестік басшысының бірі Мұхит Ермұханов алдымен егін шаруашылығын оң жолға қойып алғысы келеді.

Ауданның табиғаты мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Егер осы жұмысты қолға алсақ, дөңгелентіп әкетуге болады. Бірақ әзірге егінді бір ізге келтіріп алуды жөн санап отырмыз, – деді ол.

Сырттан келген өкілдер серіктестіктің жаңа техникаларының жұмыс істеу қарқынын бақылады.

2 тонна қияр, 5 мың балапан

Бұдан кейін олар осы округке қарасты «Огородник» серіктестігінің жұмысымен танысты.  Серіктестік  басшысы Виктор Терентьев шаруашылық жайын баян етті. Өткен жылы осы жерге екі жылыжай салған екен. Қазір бұнда голландиялық тұқымды қияр өсіріледі. Бір жылыжайдың ұзындығы – 100, ені – 14 метр. Тамшылатып суару әдісі арқылы екі күнде сегіз тонна су жұмсалады. Күніне екі тонна қияр алынады. Қазір бұнда 20 адам жұмыс істейді.

Жылыжай жұмысын алғаш рет қолға алғандықтан алдымен қияр егуді құп көрдік.  Әзірге өнімнің шығымы жақсы. Күзге дейін өнім алуды тоқтатпаймыз. Қараша айында қиярдың  орнына қызанақ егіледі. Жылыжайдағы қиярдан бөлек осы маңға картоп, жүгері өнімдерін егуді  қолға алдық. Бірінші жыл болғандықтан өнімнің қалай шығатынын, қандай көкөніс еккен тиімді болатынын  анықтап алуымыз керек. Дегенмен қазіргі өнімнің өзі  көңіл қуантады.  Болашақта жұмыс ауқымын кеңейтіп, осы жерден көкөніс қоймасын салуды көздеп отырмын, – деді серіктестік басшысы.

Сондай-ақ, биыл Виктор Терентьев осы маңға шағын құс фирмасын салыпты. Қазір бұнда екі мың үйрек, үш мың тауық балапаны өсіріліп жатыр. Алдағы 15 күнде алғашқы өнім саудаға шығарылады. Серіктестік басшысының айтуынша, өнімді өткізу қиын емес. Аудандағы балабақша, интернат, кафе, өзге де орталықтармен байланыс орнатылған. Серіктестік  болашақта  мал шаруашылығымен де айналыспақ.

Аудан әкімі Алтынбек Әмірғалиев «Огородник» серіктестігіне көкөніс егуге қажетті жерді аудан орталығынан қашық Байнасай селолық округінен бекер берілмегенін жеткізді. Өйткені осы аймақта шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары сирек. Егер өңірден жұмыс орны ашылса, Байнасайдан бөлек осы маңға жақын Он үш жылдық, Новомихайловка ауылдарының халқы да жұмысқа тартылады. Қазірдің өзінде серіктестікте біраз адам еңбек етеді.

Жалпы, өткен жыл мәртөктік шаруалар үшін берекелі болды. Егін бітік шығып, орташа есеппен әр гектардан 14-16 центнерден өнім алынды. Аудан әкімі биыл да жағдайдың тәуір екенін айтты.

Өткен жылы егілген барлық өнімнің шығымы жақсы болды. Ақтөбе қаласы  мен Мәртөк ауданының халқын көкөніспен қамтамасыз етуге біздің кәсіпкерлер үлкен үлес қосты. Әсіресе, картоп жақсы шықты. Биыл аудан бойынша 456 гектар жерге көкөніс егілді. Егін, мал, құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің де қимылы іркілген жоқ. Алайда жаз бойы жаңбыр тамбай, шаруалар астықты уайым қылуда. Бірақ соған қарамастан өнімнің шығымы жаман емес.

Мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазір шаруалар қысқа қажет жем-шөпті әзірлеп қойды.

Жалпы, ауданның табиғаты шаруашылықтың қай түріне де өте қолайлы. Аудан тұрғындарының басым бөлігі құс асырап,  көкөніс егеді. Ұсақ шаруашылықпен айналысатындар да көп. Егер кәсіпкерлікпен айналысып, істі іліп әкетем деушілер  болса, аудандық әкімшілік көмек қолын созуға дайын.  Мәселен, «Огородник» серіктестігіне жер беріп, несие алу тәрізді шаруаларына  жәрдем бердік. Сол ауылға баратын  жол жөнделді. Құс фирмасын салуға да қол ұшын создық, – деді аудан әкімі.

«Солдатенконың» жиһазы. Ірімшік одағы

Бұдан кейінгі сапар аудан орталығындағы шағын кәсіпкерліктерді аралаумен жалғасты. Семинарға қатысушылар алдымен жиһаз шығаратын «Солдатенко» цехына  барды. Цех шебері Алексей Гусев осыдан 3-4 жыл бұрын цех басшысы Николай Солдатенконың бос тұрған ғимаратты қайта жөндеп, жиһаз цехын ашқанын  айтты.  Қазір бұнда он адам жұмыс істейді. Олар 30 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Жиһазға тапсырыс беретіндердің басым бөлігі – аудан тұрғындары. Қажетті материалдарды цех Ресей мен өз елімізден алады.

Бұдан кейін сырттан келген өкілдер «Ремонтник», «Мәртөк-сүт» ЖШС-ларының жұмысымен танысты. Мәселен, «Ремонтник» серіктестігінде 50 адам жұмыс істеп, айына  30-40 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Ал  «Мәртөк-сүт» шаруашылығында 30 адам еңбек етеді. Бұнда сүт пен айран фин технологиясымен арнайы пакетке құйылып, дайын өнім Ақтөбе қаласы мен аудандағы сауда орындарына жөнелтіледі. Сүтті сатып алу мен оны өткізуде ешқандай кедергі жоқ, барлығы оң жолға қойылған.

Сондай-ақ, қонақтар Рамай Иззамудинов ашқан «Норд» кафесін тамашалап, «Алғабас» ЖШС-ның жұмысын көрді. Қазіргі күні «Алғабас» серіктестігі қала мен ауданды ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта ірімшік шығару жұмысы қолға алынбақ.

Жуырда жиырмаға жуық фирма қосылып, одақ құрамыз. Осы одақ ірімшік шығару жұмысын бастайды. Алдағы екі-үш айда өнім  нарыққа шығады. Алғашқы уақытта 3-5 тоннадай шығарсақ, кейін өнімді 30 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Қазіргі күні өтіміне қарай 1-2 тонна сүт, 2-3 тонна ет өнімдері саудаға жіберіледі. Серіктестікте 150 адам жұмыс істейді. Жай жұмысшының еңбекақысы15-20 мың теңге көлемінде болса, тәжірибелі мамандардікі бұдан жоғары,- деді серіктестік басшысы Самат Садуанов.

Өз кезегінде сырт ауданнан келген өкілдер мәртөктік кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, өздерін толғандырған мәселелерді сұрады. Оларды бұл жақта  өнімді сатып алу мен өткізу жұмыстарында ешқандай қиындықтардың жоқ екені қызықтырды. Бұдан соң  «Агроөнеркәсіп кешеніндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арқылы  жаңа технология енгізу» тақырыбында семинар өтті. Кәсіпкерлер өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Қатарға қосылыңыз…

Жалпы, соңғы жылдары Мәртөк ауданында шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары артып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова батыс аймақтағы өзге облыстармен салыстырғанда Ақтөбенің ет, сүт өнімдерін шығаруда   алда екенін айтты. Ал көкөніспен қамтуда  қиындықтар кездескенмен, соңғы уақытта бұл мәселе де шешімін тауып келе жатыр. Мәселен, биыл «Изет Грин Хаус» ЖШС Тәжірибе стансасында көкөніс жылыжайын салуды қолға алды. Бұнда 500 тоннаға дейін томат түрлері, оның ішінде қызанақ голландиялық технологиямен өсіріледі.  Сондай-ақ, құс етін өндіруде «Аққұс», «Рамазан» фирмаларының үлесі зор. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы екі-үш жылдықта бұндай шаруашылықтардың қатары арта түспек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button