Ауыл

Астықты өңірдің үміті

Аудан

Біз астықты ауданды бетке алып жолға шықтық. Мақсат биылғы егіннің жай-күйін білу еді.

Қала төңірегіндегі жаңартылған және тәуір күтімдегі,  жарқыраған асфальт жолдармен жүріп келіп, Кеңес Нокин ауылынан әрі асып, Орск бағытына көлігіміз бұрылғанда жағдай өзгере берді. Біріншіден, жолдың кедір-бұдыры көп. Екіншіден, жазық дала бірте-бірте биіктеп, тауға қарай өрлей береді. Жүйрік көлікті тежеуге тура келді. Бұл бағыттағы жол кеңес кезіндегі ең дұрыс жол еді. Әрине, кейінгі жылдары төселген ең тәуір жолдармен салыстырмасақ, мұны да төмен деуге болмайды. Соңғы жылдары ойдым-ойдым жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жол мекемелерінің бұған да көңіл бөліп жатқаны байқалады. Жолдың екі беті жалғасып отыратын егістік. Арпа егісі аппақ, құп-қу болып, ал  әлі де бояуын жоғалтпаған бидай егісі көгеріп көрінеді. Арпа дақылы аласа әрі қатты ыстықтан күйіп, қурап құлаған. Сірә, сондай жағдайда оруға келмеген болар, алқаптың маңында комбайн байқалмайды. Бұған қарағанда жолдың екінші бетіндегі бидай егісі жақсы әсер қалдырды. Биік болмағанмен, әлі де көк егістің дәні толысқаны, арамшөп баспай таза сақталғаны көрініп-ақ тұр. Мақсатымыз Қарғалы ауданы болып жолға шыққан біздің жолда егіс көрсек, шұқшия үңіліп келе жатқанымыз – бұл ауданның жылда тәуір астық өсіріп жүргенін білетінімізден. Кейінгі бес-алты жылда аталған аудан жылына 100 мың гектардан кем дәнді дақыл салып көрген жоқ.  Егінді егу бар да, одан өнім алу бар. Бұл жағынан да қарғалылықтар облыста алдыңғы орында келеді. Тек өткен жылдың өзінде мұнда дәнді дақыл егісінің түсімі облыстың барлық аудандарынан жоғары болды. Ал биыл қалай? Бізді алаңдатып келе жатқан осы мәселе еді. Оған біз алғашқы боп кезіккен  ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Байбосын Ешпановпен әңгімелескен кезде жауап алып, бірсыпыра жайға қанықтық.

Біз жақсы білетін Байбосын Төрешұлы бұл ауданда аз жыл жасамайды. Сондықтан оның шаруасын жатқызып өргізеді. Егістің қазіргі жағдайын да алақандағыдай біледі. Әрине, біздің алғашқы сауалымыздың сол егістің төңірегінде болатыны түсінікті. Біздің сауалымызға орай әңгімесін басшы былай деп бастады:

– Биыл  біз 123 мың гектарға жуық жерге дәнді дақыл  еккен едік. Мұнымен бірге 602 гектар күздік бидай, қара бидай,  1600 гектар құмық, күнбағыс, 8,5 гектар бақша дақылы, 262 гектардың үстінде көкөніс, 813 гектар картоп, 845 гектар бір жылдық, көп жылдық шөп егісі салынды.

Шынын айтсақ биылғы жылдан біздің ауданның заңды тұлғалары, жеке қожалықтары үлкен үміт күткен-ді. Өйткені қыста қар аз болғанмен, жазғытұры, көктем шыға жауын-шашын жиілеп, жердегі ылғалдың кемдігін толтырғандай еді. Сондықтан бірсыпыра ірі шаруашылықтар мен жеке қожалықтар науқан барысында бұрынғы жоспарларын қайта қарап, егістің көлемін ұлғайтқан болатын. Науқан үстінде қар аралас жаңбыр жауып, қолбайлау жасағанына қарамастан, алды мамыр айының орта шенінде, соңы маусымның  алғашқы аптасында көктемгі егісті аяқтады. Сол кезде жерде ылғал мол болғандықтан, диқан қауымы ынталы болды да, дәнді дақыл егісін өткен жылғыдан аудан бойынша  23 мың гектарға артық септі. Қайсыбір ірі шаруашылықтарымыз ауыспалы егіске арналған сүдігер жерлерге де биыл астық егіп тастады. Жазда жаңбыр жаумайды, егін болмайды деген ой жоқ еді. Жалпы, егіннің бас тартуы, көктеп шығуы  жақсы болды. Субсидия беретін арнаулы комиссиямен бірге барып, қарап тексердік, егіннің шығымына комиссияның көңіл толды. Бірақ кейін жағдай өзгерді. Әсіресе, көктемнің басында егілген арпа, бидай дақылдарының шығымдылығы нашарлады. Жаздың басындағы аптапты ыстық әуелі сол ерте егілген егісті күйдірді. Бізге көпке дейін биылғы егістің болжамды түсімін белгілеу  қиынға соқты. Әлі де бір тоқтамға келген жоқпыз. Оның үстіне, 7 маусым күні бұршақ жауып, 100 гектар күздік бидай егісін құлатты. Биылғы егілген егіске де едәуір зиян келтірді. Биылғы астықтың алғаш болжамды есебін  тапсырған  кезде 1950 гектар дәнді дақыл егісін есептен шығарған едік. Ал кейін мұның өзін қайта қарауға тура келді. Жаңбыр жауар деген үмітіміз ақталмады. Жаз бойы жауын тамбай қойды. Астықтың шығымдылығы біз күткендегіден биыл көп төмен болатыны қазір айқындалды. Бұл тек жалғыз біздің өңірде емес, Қазақстанның батыс облыстарында тегіс солай боп тұр. Маусым, шілде айлары – астықтың көтеріліп,  сүттеніп, дән құятын кезеңі. Нағыз ылғал тілейтін кез. Бір сөзбен айтқанда, астық пісетін шешуші шақта жаңбыр болмады. Ылғал болмай, ыстық тұрып алған соң, арпа егісі аласа күйінде қурап пісті. Ондай егістің түсімі төмен, ору да оңай емес.

– Егіс алқабының қандай бөлігін бұған жатқызуға болады?

– Ерте еккен егісіміздің 14 пайызын сондай деп есепке алып отырмыз. Күн өткен сайын егісін сақтандырған шаруа қожалықтарының арасында биылғы егілген дәнді дақыл егісінің жарамсыз бөлігі үшін өтем сұраған арыздар көбейіп тұр. Мәселен, «Пацаев» шаруашылығы 1650 гектар, «Саха» шаруа қожалығы 320 гектар егістікті есептен шығаруды және сақтандыру ақысын төлеуді сұраған өтініш түсірді. Сонда алдында мен келтірген есептен шығарылған биылғы егіске және 2 мың гектардай алқап қосылып тұр. Бүгінгі таңдағы қалыптасып отырған жағдай осындай.

– Дегенмен әңгімеңізге, келтірген мәліметтеріңізге қарағанда, әлі де астық болып қалар деген үміт бар сияқты ғой?

– Әрине. Кесіп айтуға әлі де ерте. Адамның үміті үзілмейді ғой. Талабымыз әлі де таудай. Өзімізге жетер астық алармыз деп ойлаймыз.

– Әлі де жауын болып жатса, оның егіске пайдасы тие ме?

– Әр нәрсенің уақыты бар. Егіннің пісу, толысу кезеңдері өтті. Болары болды ғой енді. Басқаша қалай айтамын. Биыл егін болады деп диқан қауым көп жұмыс жүргізіп еді. Жаңа технология қолданылды. Арамшөптерді жоюға, оны отауға қарсы қыруар шаралар жүргізілді. Оның ішінде 40 мың гектардай егісіктің арамшөбі уланды. Дәнді дақыл себердің алдында 3,5 мың гектар егістікті солай өңдеген едік.

– Көктем, жаз айларында ылғал түспеуі – шаруа қожалықтарының бәріне ортақ жағдай. Бұған не шара бар? Алайда соның өзінде де әр жерде түсім  әр түрлі сияқты. Сіздерде қалай, бәрінде бірдей ме, әлде өзгешелік бар ма?

Бізде оңтүстік беттегі, әсіресе, Ақтөбе қаласына таяу маңдағы алғашқы егілген дәнді дақылдар егісінің шығымы төмен. Көп жағдайда бұл осы жердегі аз көлемде егіс егетін жеке шаруа қожалықтарына тән. Бергі тауға көтерілгесін, Қосестектен бері қарай егін тәуірлене береді. Егіннің шығымы технологияға байланысты. Жоғары сапалы жүргізілген жұмыстар, әрине, өнім береді. Мұндай шаруашылықтар бізде – «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Шаруа агро» акционерлік қоғамы, «Элита» шаруа қожалығы, міне, бұларда егіннің шығымдылығы жоғары.

– Кең алқапқа егілген дәнді дақыл егісінің ақырғы тағдырын жылдың жауын-шашынды болуы шешетіні белгілі жағдай. Ол адамның қолында емес. Ал енді диқан қауымға тікелей тәуелді суармалы егістің жағдайы қалай?

– Картоп, көкөніс, бақша танаптарындағы агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізілуде. Біздің өңір адамдары бұл кәсіпке маманданған деуге болады. Биыл біз картоптың әр гектарынан 120-130 центнер өнім аламыз деп белгілеп отырмыз. Алда бұл меженің де қалай болып шығатынын кесіп айту әзірге қиын. Біздің қолымызда дегенмен, көп жағдайда суармалы дақылдардың шығымдылығын да жылдың қолайлылығы шешіп жүр. Мысалы, жаз ыстық болған жылдары картоптың, басқа да бақша, көкөніс дақылдарының аурулары күшейеді. Егер ол ұлғайса, сонша гектар жерді алып жатқан алқапты өңдей қою да жеңіл іс емес. Сондай жағдайда оның түпкі нәтижеге зиян келтіретіні даусыз. Егер осындай қауіп-қатерден аулақ болсақ, жылдағыдан картоп, көкөніс өнімі кем болмас деген үмітіміз бар.

– Жылдың қуаңшылықты болуы тек егінге емес, ауылдың күллі шаруасына да салдарын тигізеді. Биыл малға жем-шөп қамдау да қиынға түспей ме?

– Өңірде табиғи шөптің шығымдылығы тәуір болды. Себебі жазғытұры, көктемде ылғал мол түсті. Шөпке орақ түсетін маусымның ортасына дейін шабындық жақсы көтерілді. Рас, кейін жауын болмай, аптапты ыстық көтерілуі, аңызақ соғуы табиғи шөпті де тез қуратып, солдырды. Дегенмен біздің аудан бұл науқанды ыждағаттап қолға алды. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге 29 мың тонна пішен дайындалды. Дайындалған пішен қолда бар малға жеткілікті. Бірақ біз ауданда мал азығының жыл жарымдық қорын жасауға тапсырма алғанбыз. Сол мақсатта жұмыс жасап жатырмыз. Жем-шөп қорын толықтырудың барлық көздері қарастырылады. Астықтың сабанын дайындап аламыз. Жем болады.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығынан біз көп жайды біліп қалдық. Жолшыбай біздің көргеніміз биыл шығымы төмендеу болып отырған егістік екен. Негізгі тәуір астық ауданның батысы мен терістігінде болып шықты. Маман биылғы астықтың шығымдылығын орташа деп бағалады. Қалай дегенде де қарғалылықтардың биыл да астық оратыны анық. Біз «Орар көп болсын!» деген жақсы тілекпен аттандық.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button