Экономика

Жаңа өндіріс өнім беруді бастады

Жаз соңындағы аптапта

 

Егер, шынын айтар болсақ, «Қазхром»ТҰҚ» акционерлік қоғамына  қарайтын  Ақтөбе ферроқорытпа зауытының  аумағында қазіргі кезде  екі зауыт пайда болды. Оның біріншісі — екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында салынып, пайдалануға берілген көне зауыт. Бұл жерде, ескі зауыттың  кейбір цехтарының  соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда кеңейтіліп, азды-көпті жаңартылғанын да айта кеткен жөн. Қалай дегенде де, іргесі бұдан жетпіс жыл бұрын қаланған көне зауыттың моральдық жағынан тозып, заман көшіне ілесе алмай тұрғаны және рас. Екінші зауыт — соңғы үш-төрт жылдықта қолға алынып, биылғы маусым айының аяғында облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  іске қосу-реттеу жұмыстарын бастап берген жаңа өндіріс. Мұны ақтөбелік металлургтер айырым белгі үшін №4 цех деп айтуға дағдыланған. Болмаса, бұл —  құрылысының көлемі, алып жатқан аумағының ауқымы жөнінен де өз алдына дербес зауыт сынды.

Жақында осы жаңа ферроқорытпа зауыт алғашқы өнімін берді. Оның балқыту цехының бірінші пешінде 20 тонна металл алынды. Осы хабарды естіген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өткен жұма күні өнім беруді бастаған жаңа зауытты жұмыс үстінде көру үшін арнайы барды.

Бұл күн осындай жаңалығымен бірге, ерекше ыстық болуымен де есте қалды. Біз зауыт табалдырығын аттаған сәтте (бұл кезде түс қайтып, күн ауған шақ еді) термометр 40 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Көлеңкеде қапырық, ал ашықтық жерде аптап ыстық жел соғып тұрды. Күзге қадам басуға екі күн қалғандағы табиғаттың бұл мінезі ақылға сыймастай құбылыс болды.

Өндірістің аты — өндіріс, ол өзінің қатаң тәртібімен жүреді. Ыстықта жалаң көйлектің өзін әзер көтерерлік жағдайда жүрген журналистерге зауыттың күзет бөлімі жеңілдік бере қойған жоқ. Рұқсат қағазбен қозғалатын  талаппен бірге, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында бастан-аяқ жұмыс киімін беріп, мұздай киіндірді.

Жаңа зауыттың аумағына қазақтың айналасы ат шаптырым дейтін теңеуі де тарлық ететіндей. Зауытты атпен де, жаяу да тез аралап көру мүмкін болмас еді, бұл міндетті машина ғана атқара алады. Сондықтан да бізді көне зауыттың кіреберісінен вахталық көлікке отырғызды. Жолбасшылық жасаған

кенді қорыту материалдары бөлімінің ауысым шебері Руслан Ахметов өзі басқаратын цехқа апарып, одан әрі зауыттың қосалқы қызметтер атқаратын бөлімдерін, қоймаларын, бірнеше кірме теміржолдары мен тас жолдарын аралатып, зауыттың жұмыс процесімен таныстырды. Қорытылған кенді уататын, кен қалдықтарын өңдеп кәдеге жарататын орындарға дейін көрсетті. Жаңа зауытта мұндай негізгі өндірістік нысандардың саны — 11. Олар шикі кен материалдарының зауытқа кіруінен бастап, дайын өнім болып шығуына дейінгі өндірістік тізбені құрайды.

Хром кенін балқытып, қорытуға дейінгі қызметтерді атқаратын мұндай өндірістер бұрынғы зауыт аумағында да бар. Алайда олардан бұл жердегі құрылыстар мүлде ерекше, жаңаша, қазіргі заман талабына сай.

— Мұнда бәрі автоматтандырылған, сондықтан бұрынғы цехтарға қарағанда жұмыс әлдеқайда жеңіл. Көпшілігінде, өздеріңіз байқап тұрғандай, әлі де іске қосу, қалыптастыру, жолға қою жұмыстары жүріп жатыр, — дейді Руслан.

Барлық жерде біздің көргеніміз жаңа зауытты іске қосудың  бастапқы сәті екен. Ал мұндай,  баламасы әлемде бір болып қана саналатын зауытты іске қосудың күрделі болатыны жай адамға да белгілі. Зауытқа кірген сәттен шетел адамдарын көзіміз шалған еді. Бақсақ, мұнда неміс, италян мамандары келіп, жұмысты жолға қоюға қолұшын беріп жатыр екен. Себебі мұндағы жабдықтар мен қондырғы-құрылымдар осы шетелдерден алынған.

 

Әлемдегі екі зауыттың бірі

 

Біз өртеніп тұрған күнде, вахталық ауыр көліктің үстінде салдырлап біраз жүріп, бөлек-бөлек ғимараттарға орналасқан цехтарды жағалаумен шаршап-шалдығып, жаңа балқыту цехтары орналасқан алып ғимараттарға да жеттік. Алайда мұндағы домна пештер біздің бұрынғы көргендерімізге қарағанда , ықшам, қыздың жиған жүгіндей жинақы көрінді. Арсыл-гүрсіл де, қашықта тұрсаң да зәрең ұшып тұратын төгіліп-шашылған от та жоқ. Мүмкін қалған пештердің қосылмай, әзірге бір пештің жұмыс істеп тұрғанынан болар. Оның үстіне біз қорытпа алынып, кен пешке балқытуға қайтара салынған кезде бардық. Ол кен балқып төгілгенше белгілі уақыт өтеді екен.

Пештің жанында көп адам жоқ. Өзін ауысым міндетін атқарушы, №4 цехтың балқытушысы деп таныстырған Демеген Сарбасовпен тілдесудің сәті түсті. Бұл өзі бір әріпті жұтып сөйлейтін жігіт екен. Онысын өзі де біледі.  Сондықтан аты-жөнін біздің қойын дәптерімізге өз қолымен жазып берді.

— Ұсақ рудаларды балқытатын пеш  әлемде санаулы ғана. Бұл пештің бірегейлігі сол —  тұрақты ток арқылы уақ рудамен жұмыс істей алады. Қазір  кесек рудалар сарқылып келеді. Ал ұсақ рудалар көп жағдайда қорытусыз жатты. Бұған дейін мұндай уақ руданы балқыту үшін қосымша шығын жұмсалып, біраз жұмыстар жүргізілетін-ді. Мына жағдайда ұсақ руданы балқыту ондай көп жұмысты тілемейді. Жаңа пеш жаңа технологиямен жұмыс істейді. Металлургтерге көп күш түсірмейді. Барлық процестер дерлік автоматты түрде атқарылады. Әрине, қазір пештердің жұмыс өнімділігі туралы кесіп ештеңе айта алмаймын. Себебі, оларды қыздыру жұмыстары енді басталды. Әзірге бір пеш қана толық қосылып, өнім бере бастады.  Мен өзім Ақтөбе ферроқорытпа зауытында  1997 жылдан бері жұмыс істеймін. Ал мұнда сәуір айынан бастап ауыстым. Жаңа технологияны меңгеру үшін осында арнаулы курстан өттім. Ескі зауытта қандай мамандар жұмыс істесе, мұнда да сондай мамандар керек. Әрине, бұнда қорытылып шығатын қорытпа бұрынғы кездегіден әлдеқайда сапалы болуға тиіс. Өйткені мұнда жаңа технология бойынша балқытылады. Шаңды, газды ұстап қалып, ауаны ластаудан сақтайтын түрлі сүзгілер қойылғандықтан экологиялық жағынан да таза, тиімді. Егер бұл зауытқа балама іздесек, әлем бойынша мұндай тұрақты токпен жұмыс істейтін цех Оңтүстік Африкада ғана бар. Алайда біздің зауыттың қуаты одан жоғары. Олардағы кеннің құрамында  хром  аз, темір көп. Бізде керісінше, хром молырақ ұшырасады. Ал хром — ақша.

Мұндағы негізінен жұмысшы күші — қазірдің өзінде  қазақстандық мамандар, жергілікті металлургтер. Жаңа зауыттың технологиясын олар жақсы меңгеріп келеді деп толық айта аламыз. Шетелден шақырылған шағын ғана мамандар тобы бар, — дейді жаңа цехтың балқытушысы.

 

Жаңа цехтан шыққан балқыма

 

Балқыту пештерінің  қарсы бетіндегі қабырғаны бойлай салынған бөлек-бөлек дәліздерде  балқыған тау жыныстары жатты. Алғашқы көргенде біз оның пештен шыққан қорытпа екенін білген де жоқ едік. Тау-тау үйіндінің жанында тұрған жігіт:

— Осы – пештен шыққан балқыма, хром.  Ана жатқандардың қызуын байқауларыңа болады. Ал мынау суығаны.  Қазір осыны көлікке тиеп, ұсақтайтын цехқа әкетеміз, — деді. Бұл — оператор жігіт Нұржан Борекешов екен. Айтқандай арқырап кен таситын алып көлік келе қалды. Енді бір мезетте бір жақтан зор бульдозер пайда болып,  кенді шетінен тией бастады.

Пештен шығатын, біз іздеп жүрген дайын өніміміз осы екен. Енді тек балқыманы  уатып, тартатын цехқа апарып, хромын айырып алу ғана қалған. Осылайша алғашқы тонна металдар жаңа пештен шығып, ел игілігіне жөнелтілу үстінде екен.

Бұрын мұндайды көрмеген журналистер қауымының жаңа зауыттың жай-жапсарын біле түскісі келетін тілегін қанағаттандыру үшін біздің бастаушымыз Руслан Берікұлы  пеш жанындағы балқытушыларды әңгімеге шақырып-ақ бақты. Сөзден қашатын еңбектің адамдары біздің ұзақ қолқалауымыздан кейін ғана қысқа қайырып, бірер ауыз сөзбен өз ойларын білдірді.

Димитрий Сидров, балқытушы:

— Бұл зауыт экономикалық жағынан тиімді. Бұрынғылар айнымалы токпен жұмыс істесе, бұл тұрақты токпен жұмыс істейді. Яғни қауіпсіздік жағы мығым. Жаңа зауытта жұмыс істейтіндер негізінен жастар. Мәселен, менің жасым — 27-де. Біз жаңа технологиямен жұмыс істейтін, тұрпаты бөлек зауыттың металлургтеріміз. Сондықтан біз жаңа өндірістің жаңалықтарын оқыдық, тоқыдық. Өйткені барлығы жабық, қауіпсіз дегенмен, оның тетіктерін толық меңгеруіміз шарт.

Орынбасар Сүймұханов, балқытушы:

— Мұны бұрынғы зауытпен салыстырудың өзі күпірлік болар еді. Мұндағы бүкіл тетік адамның араласуынсыз өздігінен жұмыс істеп тұр. Компьютермен бақылап отырамыз. Қауіпсіздік жағы жан-жақты қарастырылған. Әзірге бір ғана пеш өнім беріп тұрған. Алғашқы балқыма осыдан бір апта бұрын алынды. Цех толық күшіне енген жоқ, бұл бастамасы ғана. Қалған пештер іске қосылу үстінде. Балқыту цехын іске қосу жеңіл шаруа емес.

Бұрын көне зауыттың №1 цехында балқытушы едім. Үш айдай болды осында ауыстырғанына. Бұрынғы цехқа қарағанда мұндағы жұмыстар едәуір жеңіл әрі таза.

Тек балқытушылар ғана емес, зауыттың ұлғаюына байланысты онда қызмет істейтін өзге де мамандық  иелерінің қатары көбейген. Мысалы, бізбен бірге вахталық көлікпен жаңа зауытқа ауысымдық жұмысқа барған Асылгүл  Төлебаева осында бақылаушы болып істейді. Қызылорда облысының қызы. 2012 жылы Алматыдағы  қазақтың ұлттық техникалық университетін бітіріп келіп, зауытқа жұмысқа орналасқан. Осында өзінің серігін тапқан. Жолдасы Ержан Атыраубаев та жаңа зауытта балқытушы. Оның әкесі, ағалары  да өндірістен бақытын тапқан металлургтер.

Өзі сүйген, қалаған кәсіп қана адамға қуаныш сыйлайды, оның қиындықтарын да елетпейді. Зауыттың кешкі ауысымын аяқтаған жұмысшылармен бірге қайтқан біз осыны аңғардық. Күннің ыстығынан, үстіміздегі жұмысшы киімінен, зауыт ішіндегі металл иісі қаңсыған ауа мен оның сыртындағы күл аралас шаңнан тыжырынып, мазамыз кетіп келе жатқан бізге осынау көңілді топ таңырқай қарайтын сияқты. Жаңа зауыттың ерекшеліктерін, бұрынғыдан мүлде бөлектігін бізге түсінікті тілмен айтуға тырысып келеді. Айталық, бұрынғы зауытта металл шөмішсіз және жүк көтергіш механизмсіз құйылмайтын. Ал мұнда олар керексіз болып қалған. Яғни инновациялық технологиялар енгізу арқылы жұмыс процесі көп қысқарған. Пеште қорытылған өнім қайта өңдеу бөліміне түседі, ұсақталады. Сөйтіп, балқытудың жаңа түбегейлі әдісі қолданылады.

Бұған дейін талай жазылғанындай, жаңа зауыт құрылысының құны 843 млн. АҚШ долларын құрайды. Мұндағы төрт пеш жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіреді.

Ақтөбеге сапары кезінде Елбасына «Қазхром» ТҰҚ» акционерлік қоғамының президенті Виктор Тиль:

— Еуразиялық топтың инвестициялық бағдарламасында бұл жоба маңызды орын алады және болашағы зор деп есептейміз. Мұнда бүкіл әлемдік ферроқорытпа өндірісінде бірегей, теңдесі жоқ тұрақты ток пештерінде балқыту технологиясы пайдаланылады, — деген болатын.

Иә, еліміздің экспорттық әлеуетін көтеретін жаңа өндіріс өнім беруді бастады. Қадамы қарқынды, құтты болғай!

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button