Әлеумет

Бұқара

Кәсіп

Көлігің сынса қобалжыма…

Көлік мінген ырғыздық ағайындар үшін бұлай деп айтуымызға толық негіз бар. Себебі жуырда жергілікті кәсіпкер Ерлан Қызбергенов  өз үйінің ауласынан «Мәруа» атты техникалық қызмет көрсету стансасын іске қосты.

Рас, Ырғызда небір шетелдік көлік мінген жерлестеріміз жетерлік және олардың қатарлары жыл сайын  толығып жатады. Ресейдің автокөліктеріне қарағанда шетелдің темір тұлпарлары кірпияздау. Қит етсе, бірден істен шығады. Бұған дейін ырғыздық жүргізушілер көлігі сыр берсе, оны қаратуға бірден облыс орталығына тартатын. Енді жүргізушілер еш уайымсыз  бұзылған көліктерін Ерлан ашқан стансада жөндетіп алатын болды.

Қысқасы, «Мәруа» техникалық қызмет көрсету стансасы барлық маркалы автокөліктердің доңғалақтарын жөндейді. Стансаның ішінде төрт тоннаға дейінгі автокөліктерді көтеретін арнайы құрылғы орнатылған.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мирхан Дуанбеков техника жөндейтін мұндай орынның Ырғызда алғаш рет ашылып тұрғанын тілге тиек етті.

– Ырғыз – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан. Іргемізде Батыс Еуропа мен Батыс Қытай жалғайтын үлкен тас жолдың салынып жатқандығы өздеріңізге мәлім. Бірер жылдарда осынау жерден автокөліктер тасқыны ағылады. Ендеше, сол жолаушылардың осы стансаға ат басын тірейтіндері анық, – деп Ерлан Қызбергеновтің бұл ісіне ақ жол тіледі.  Сонымен бірге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Самат Ержанов бастаған ауыл азаматтары іргелі кәсіпті қолға алып жатқан жас жігіттің жұмысының жандануына тілектерін білдірсе, ақсақалдар ақ батасын берді.

– Әлі де ойға алған біраз шаруаларым бар. Болашақта стансаға бұзылған көліктің ақауын анықтайтын компьютерлік қондырғы алғым келеді. Әзірге көліктерді салқын бояумен сырлаймыз. Ыстық бояумен сырлау үшін жоғары температурада жұмыс жасайтын құрылғы керек, – деді Ерлан.

Қазір «Мәруа» техникалық қызмет көрсету стансасында Ерланнан бөлек үш ауыл азаматы жұмысқа тартылыпты.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

  • Бәрекелді!

Парижді тамсандырған төрехан

Жақында Парижде «Хрустальная лира» аталатын жас орындаушылардың халықаралық фестивалі өтті. Жиырма елдің жүйріктері қатынасқан аламан бәйгеде Қазақстанның аты озып, бас жүлде – Гран Приді жеңіп алды. Француздардың өзі екінші, ал орыстар үшінші орынды иемденген осы додада еліміздің намысын асқақтатқан ұлан – біздің жерлесіміз Төрехан Кажығали.

… Ол  – Алғаның тумасы. Кішкентайынан өнерге, оның ішінде қазақтың қара домбырасына әуес болып өскен Төрехан алдымен Алғаның өнер мектебінде дәріс алды. Оның балаң жеңістерінің куәсі, алғашқы ұстазы – қазіргі Алға өнер мектебінің басшысы,  ауданға танымал өнерпаз Жансара Ағниязова. «Баласы атқа шапса, шешесі тақымын қысады» демекші, Төреханның әр сапарына алаңдап, тілекшісі де, жанкүйері де болып отырады.

Алға өнер мектебін бітірген соң Төрехан Ақтөбенің А.Жұбанов атындағы саз колледжіне оқуға түсті. Аманжол Ибрагимов басқаратын өнерлі ұжым жас таланттың хас талантқа айналуына барлық мүмкіндікті жасады. Әсіресе, мамандығы бойынша дәріс оқитын Талап Хамзиннің еңбегі ерекше.

Төреханның өнер айдынында осындай табыстарға жетуіне тек  ұстаздары ғана емес, өздері де қазақ өнеріне бейжай қарамайтын туыстары да көп қол ұшын тигізді десе  де болады. Ата-анасы Роза мен Ораз, нағашысы Мақсат және басқалары қауырсын қанат жас талаптың өнермен алаңсыз айналысуына барлық жағдайларды жасады.

Бір апта Францияда болып, өнер көрсеткен жерлесіміз әншейінде сырбаз, биік талғамды саналатын француздарға таңдай қақтырды. Қазақтың қара домбырасынан төгілген қоңыр әуен Париж, Портбайл, Нормандия аспанына әуеледі. «Өмір термесін» тебірене тыңдап, француз тіліндегі  тәржімасын оқыған олар Төрехан  өнеріне тұрып қол соқты.

Елдің туын  заңғарлардан желбіретер Төрехандай оғландарымыз көп болсын!

Ш.ЕЛЕУСІЗ.

Алға қаласы.

  • Мәселе

Шөп сататын орын жоқ

«Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан игі істер бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі жақсарта түсуде.

Көшелерге орнатылған жарықтар мен жаңадан төселген асфальт жолдар, ауыз су мәселесінің шешілуі халық ризашылығын тудырып отыр.

Қазір аудан орталығында он мыңға жуық адам тұрады. Көшіп келушілер саны да артуда. Тұрғылықты халықтың көп бөлігі үйлерінде төрт түлік мал ұстап, малдан түскен өнімін пайдаға асыруда.  Қыстың қамын жаз ойлаған кейбір тұрғындар  аулаларына шөп те түсіріп жатыр. Дегенмен қазір аудан халқы үшін орталықта шөп сататын орынның жоқтығы қиыншылық тудырып тұр.

Қазір пішеншілердің саудалары жүріп тұр. Елді мекендерден келетін шөп тиелген тракторлар орталық көшелермен жүргенде, кейде телефон сымдарын үзіп кетіп жатады. Шөп тиелген тракторларды аудан тұрғындарының бірі көрсе, бірі көрмей қалады. Сөйтіп, сатылатын шөп сұрап аудандық әкімдік ғимаратының табалдырығын тоздырып жүргендер де аз емес.

Бұрын аудан орталығында қысқы мал азығын сататын базар болды. Халық жем-шөбін сол базардан алатын. Кейін ол базар жабылып қалды. Енді қазір ел халқы сатылатан мал, жем-шөп іздеп, көше кезіп жүр. Осы мәселені жергілікті билік өкілдері көп ұзатпай шешсе  деген  өтінішіміз бар.

Ғабділмәлік АХМЕТОВ,

Мәртөк селосының тұрғыны.

  • Рух

Құл батырдың кесенесі

Бес шектінің алғашқы ұраны – Бақтыбай батырдың ұстазы, Жақайым Торжымбайдың Қартай (Быламық) Кенжеғұл аталығынан тараған Құл батыр әулиеге Құланды елді мекенінен 18 шақырым жерде кесене тұрғызылды. Кесененің биіктігі – 6 метр,  алты құлақты мазар.

Құл баба – тарихта болған адам. Ол 1673 жылы Каспий теңізінің жағалауында туып, 1742 жылы Құландының Қазалы деген жерінде дүниеден өткен.

Құл – даңқты батыр, ел басшысы болумен қатар көріпкел әулие болған адам. Жаумен шайқаспас бұрын жаудан жеңілетінін алдын ала болжап, соған сай қимыл жасаған. Құл баба Тама Есет, Табын Бөкенбай, Назар Жомарт батырлармен үзеңгілес болып, елін жаудан қорғаған.

Құл батырдың нағашысы еліне  ұран болған Байұлы Ағатай батыр екен.  Батырлығы мен әулиелігі сол кісіден жұғысты болса керек. Құл бабаның Есентай атты қызы атқан оғы мүлт кетпеген Жарас мергенге тұрмысқа шыққан. Одан Барлыбай, Қорлыбай, Түменбай деген үш бала тарайды.  Түменбайдан атақты Құлқай әулие туады. Жиеніне Құл батырдың шарапаты тиген деп халық айтады. Міне, осы батыр әулиеге кесене тұрғызып, ас беріп, ардақтау үшін  оның ұрпақтары әр қаладан, елді мекендерден қор ашып, дайындық жұмыстарын жүргізген еді. Бұл іске мұрындық болған – батырдың жетінші ұрпағы Әбілтай Есенов  ақсақал. Жуырда Құл батырға арналған мазар салынып бітті. Кесене тұрғызуға ел азаматы, кәсіпкер Бөген Жақыпов үлкен демеушілік  көрсетті. Облыс орталығынан алынған құрылыс  материалдарын Құландыға жеткізуге Сағынтай Жұбанышев пен Бақытқали Көшербаев есімді азаматтар көлік мәселесінен көмек берсе, баба ұрпақтары Құттыбай Жайшылықұлы, Ермұрат Ниязбайұлы, Бекболат Жарасқанұлы, Асанхан Бақытұлы, Ғабит Әбілғазыұлының сіңірген еңбектері зор. «Нұрдәулет мешіті» қайырымдылық қорының төрағасы Мақсат Байжарқынов отбасы атынан қорға 100 мың теңге аударды. Шалқар қаласындағы «Құл батыр» қорының мүшелері Орынбасар Сүлейменов, Амангелді Қалыбаев, Алпысбай Рзағазиев, Бағжан Жоламанов, ақтөбелік Әбужан Есбосыновтар Құл бабаның құлпытасын жасатып, орнатты. Енді күзге таман баба рухына ас-садақа берілмек.

Б.ЖОЛАМАНОВ,

Шалқар қаласы.

  • Алғыс

Өздері келген өкілдер

Ауылымызға халыққа қызмет көрсету орталығы Әйтеке би аудандық филиалының бір топ қызметкерлері сау ете қалғанда, іштей «осылардан қандай пайда болар дейсің, келер де кетер» дегеніміз де рас.

Дегенмен орталық басшысы Сәбит Еңсепбаев бастаған бір топ өкіл ауылымызға келе сала құжаттандыру ісіне кірісіп кеткенде, көктен тілегеніміз жерден табыла кетті. Өйтпегенде ше, балалардың аузынан жырып ақша шығарып, аудан орталығына барып келу оңай емес. Ал бармауға тағы болмайды. Тіркеуге отырғызу, құжаттарға суретке түсу, төлқұжатты алмастыру немесе жаңасын алу дегендей шаруалар толып жатыр. Әсіресе, бұл мәселеде аудан орталығына бару қарттар мен мүгедектер үшін өте қиын.

Міне, осындай жайды ескеріп, қажетті жандар ауылға өздері келіп жатқанда ауылдықтар бар шаруасын бітіріп алуға тырысқаны анық. Олардың мүгедектер мен қарт адамдардың үйлеріне барып суретке түсіріп, құжаттарын тіркеулерінің өзі неге тұрады?! Түсініксіз сұрақтармен барғандарға ақыл-кеңес беріп, басқа да көрсеткен қызметтері оларды ел алғысына бөледі.

Ауыл тұрғындарын назардан тыс қалдырмай, олардың құжаттарын рәсімдеуге жағдай жасаған орталық қызметкерлеріне ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз.

Ғалия КЕНЖЕҒҰЛОВА,

көп балалы ана.

Құмқұдық ауылы,

Әйтеке би ауданы.

  • Сағыныш

Өмірге құштар жан еді…

Ол кісінің әрдайым асығып жүретінін көретінбіз. Ойына, қолына алған қандай істің де дер кезінде бітуін қалайтын. Өмірге соншалықты құштар еді. Отбасын, балаларын, тума-туыстарын, жерлестерін, жалпы, адам атаулыны шексіз жақсы көретін.

Өз басым Сәндібек ағаның кездейсоқ ортадан кеткеніне көпке дейін сене алмай жүрдім. Редакциядағы бөлмемнің терезесінен аудандық әкімдік ғимаратына қарай жиі көз тастаймын. Жұмысына асығып кетіп бара жататын абзал аға көз алдыма елестейді. Кейде бірер күн хабарласпай қалсам, өзі телефон соғып, жан-жақтың амандығын сұрайтын ағаның қадірі уақыт өткен сайын біліне түсуде.

Қашан көрсең де жымиып, күліп қарсы алатын, қандай қиын мәселенің де оңтайлы жолын табуға жігерлендіретін Сәндібек ағаның орнын енді ешкім алмастыра алмасын сезіне түсемін. Басымдағы қуанышымды, қол жеткен жетістігімді немесе кейбір ренішті жағдайларды сыр қылып сол кісіге жеткізетінмін. Әйтпесе адамдардың көпшілігінің пендешілігі басым болып келеді. Қуанышыңа, жетістігіңе қызғаныштың қызыл көзімен қарайтындар жетерлік. Ал Сәндібек ағамен сыр шертісіп, әңгімелескен сәтте өз-өзіме деген сенімділік ұлғайып, қанаттанғандай әсерде болушы едім.

Мен Сәндібек ағаның өмірде бір нәрсеге еріншектікпен қарағанын көрген емеспін. Ол кісі мақсатты істің аяғына жетпей тынбайтын, адам атаулыны бөлмейтін. Адамдармен шен-шекпеніне, жасына қарамай, шынайы да ашық пікірлесетін. Өжет те өршіл болатын. Талай алқалы жиындарда мемлекеттік тілге, елдік жағдайларға байланысты ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз, ащы да болса ашық жеткізетін. Әрине, бұл кейбір шен-шекпенділерге ұнамайтыны белгілі. Алайда Сәндібек аға қай ортада болмасын ойын түйіп, жинақтап, тура айта білетін. Достыққа, ағайыншылдыққа адал да берік еді. Адам алаламайтындығынан болса керек, әркімді де жылы жүзімен, мейірімді көзқарасымен, ашық та кең пейіл мінезімен өзіне тартып тұратын. Жалпы, ол кісі өмірде ақиқат, тәртіп, ынсап секілді асыл қасиеттерді берік ұстанды. Мынау ғажап дүниеге ізгілікпен ғана қарады.

Сәндібек Байжиен өмірдің құпияларын танып-білуге соншалықты ынтық болды. Әсіресе, өзінің ата-бабаларының қонысын, туған жерінің табиғатын көруге аңсары ауып тұратын. Өзінің көзі ашық, көкірегі ояу болмысынан, терең білімділігінен тарих тереңіне айрықша ден қойды. Ырғыз өңірінде тарихқа, тілге қатысты шаралар болса, Сәкең соның басы-қасынан табылатын. Шалғай өңірде «Қазақ тілі» қоғамының  ұйымын құруға Сәндібек Байжиен өзі тікелей араласып жүрді. Республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде талай тұшымды мақалалар жариялады. Сондай мақала, әңгімелерінің бір шоғыры биыл Ақтөбе қаласынан «Бойтұмар» деген кітап болып жарыққа шықты. Мұрағаттарда болып, сарғайған басылымдарды парақтап, туған өңірге қатысты деректерді ерінбей-жалықпай жинастырды. Нәубет жылдарындағы зобалаң жөнінде талай ақиқаттарды жарыққа шығарды.

Ол кісі кезінде құрылыс саласында қызмет істеді. Сондай-ақ, Нұрадағы ауыл мектептерінде ұстаз-директор болды. Он жыл Ырғыз аудандық білім бөлімін басқарды. Аудандық партия комитетінде, аудан әкімдігінде жауапты қызметтер атқарды. Жастау уақытында спортқа ден қойып, самбодан спорт шеберлігіне дейінгі дәрежеге қол жеткізді. Имандылыққа бет бұрды. Сәкең тіршілікте көп нәрсеге үлгерді. Қай салада жүрсе де қарапайымдылығын, азаматтық қалпын сақтай білді.

Бұл өмір бір-ақ сәттік жарқыл екен,

Жасынның жерге түскен сынығындай, – деп ақын өлеңінде айтылғандай, ғұмыр-керуеннің мәңгілік еместігі әркімге аян. Тоқтаусыз зымырап өтіп жатқан уақыт бедерінде талай құбылыстар мен оқиғаларды киноның лентасына түскендей көзбен көріп, санадан өткерудеміз. Сағат тілі алға жылжып, күндер өтер, жыл мезгілдері жылыстап, уақыт та жылжи түсер. Сонау тым алысқа аттанған Сәндібек ағаның жарқын бейнесі жадымызда мәңгілік қала бермек. Мыңсан адамның ішінде өзгеше, дара ағаның артында қалған отбасын, балаларын, немерелерін көріп, «шүкіршілік» дейміз.

Абзал азамат алпыс деген асқаралы жасты көре алмай кетті. Сәндібек Байжиен есімді ақ жарқын, артына мол шығармашылық еңбектер қалдырған ұлтжанды азаматты қадірін білер халқы ешқашан ұмытпасы хақ.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Ырғыз ауданы.

  • Сарбаз

Әскерге барушылардың қатары көбеюде

1990 жылдары жастар арасында отбасы, денсаулық жағдайларын айтып, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруға тырысатындар байқалса, қазір, керісінше,  әскерге баруға тілек білдірушілер көп.

Елбасы, ҚР Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі өмірімізде, сыртқы байланыстарда ұстанған саясаты нәтижесінде елімізде береке-бірлік орнап отыр. Сондықтан, әрине, бүгінгі жастардың әскерге деген құлшынысының жоғарылығы – түсінікті жайт.

Ақтөбе қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы да жастарды әскер қатарына тарту бағытында игі істер атқаруда. Азаматтарды әскери есепке алу мен шақырту учаскесіне тіркеу, оларды әскери мамандықтар бойынша әскери қызметке алуды ұйымдастыру, адам, көлік және материалдық ресурстарды есепке алу, олардың сандық және сапалық есебін жүргізу, қаланың аумақтық қорғанысын ұйымдастыру, жұмылдыру даярлығы жұмыстарын жүргізу мен өткізілуін қамтамасыз ету – жергілікті әскери басқару органдарының міндеті.

Биыл қала бойынша Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған бозбалалар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, шекара және ішкі істер қызметтеріне, республикалық гвардияға алынды. Қазір біз әскерге шақырылғандар мен олардың туыстарымен тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз.

Бүгінде әскер жасындағылардың  Қарулы күштер қатарында мамандық алып, еңбек етулеріне де мүмкіндік бар. «ҚР ҚМ  әскери техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Ақтөбе филиалына биыл 16 бала қабылданды. Олар әскери жүргізуші секілді түрлі мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Қарулы күштер қатарында абыройлы жүруге отбасы тәрбиесінің ықпалы мол. Өйткені алдында жауынгерлік өмірді көріп  қайтқан ағалары бар бозбалалар көп жағдайда әскердегі темірдей тәртіпке дайындықпен келеді, өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Әскери қызметте жеке тәртібімен басқаларға үлгі болып жүрген, 51809-әскери бөлімде қызмет еткен кіші сержант Ж.Қалықбаев, 19981-әскери бөлімдегі қатардағы жауынгер Ә.Сисенғалиев тәрізді сарбаздарымыз көп. Сондай-ақ,  Отан алдындағы борышын өтеумен ғана шектелмей, әскери өмірді әрі қарай жалғастыруға шешім қабылдаған курсанттарымыз да бар. Олардың ішінде жерлесіміз  Ж. Галеев қазір Алматы қаласындағы ҚР ҚМ әскери институтында білім алып жатса, А.Адиев Мәскеу қаласындағы Әскери университеттің болашақ түлегі. М.Породько Сызрань жоғары әскери-авиация училищесінде өз білімін толықтырып жатыр.

Б.ДОСҚУАТОВА,

Ақтөбе қаласы қорғаныс істер жөніндегі

басқарма бастығының көмекші қызметкері.

  • Шаһар

Тазалық – мекен ажары

Жаз маусымы басталғалы қаламызда көріктендіру, көгалдандыру ісіне қатысты көптеген іс-шаралар атқарылды. Қазір қаланың сәулеті алыстан көз тартады. Жыл сайын көше жолдары асфальтталып, жиектастар жаңартылуда.

Бұл орайда көше тазалығына жауапты  «Хромтау-Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмысшыларының еңбегін ерекше атауға болады. Таң атысымен қолдарына сыпырғыш, қалақтарын алып, көше бойын тазалауға кірісетін олардың еңбегі кім-кімнің де көңілінен шығады.

Бір айта кетерлігі, биыл тазалық мекемесі аудандағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрған бірқатар адамдарды жұмыспен қамтыпты. Қазір жұмыссыз жүрген 47 адам осы мекеме есебінен 15 мың теңге көлемінде жалақы алады.

«Хромтау-Тазалық» мекемесінің басшысы Талма Тасболатова тамыз айының аяғына дейін қалада санитарлық-тазалық жұмыстарының жалғаса беретінін айтады.

Қазір қаланы тазалау ісінде 6 бригада жұмыс жасап жатыр. Олар бүгінгі күнге дейін елу мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығарып үлгеріпті.

Көктем шығысымен қаланы көгалдандыру ісімен шұғылданған мекеме жұмысшыларының отырғызған 150 түп қарағай ағаштары да бүгінде қаламызға көрік беріп тұр.

Ләззат ӘБДІРОВА.

Хромтау қаласы.

  • Мереке

Шалқар теміржол вокзалына – 100 жыл

Биыл Шалқар теміржол вокзалына 100 жыл толады. 1909 жылы салынған вокзал алғашқыда бір болыстың үйі болыпты.  Кейін бұл үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  жүз жолаушыға арналған шағын мекеме бой көтереді.

Вокзал бастығы Мейрамгүл Нұрпейісова бір ғасырлық тарихы бар мекеменің алдағы мерейтойы атаусыз қалмайтынын айтады.

Вокзал – қаланың қақпасы. Бұл жерден күніне 550 жолаушыны әр бағытқа аттандырып отырамыз. Жолаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Бүгінгі күні вокзалда 20 адам қызмет істейді. Соңғы рет вокзал 2005 жылы  күрделі жөндеуден өтті. Биыл мекемеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Қыркүйек айында вокзалдың 100 жылдық мерекесін тойлауды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл шараға қатысты ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептерде арнайы тәрбие сағатын өткізу, түрлі кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр. Қазір вокзал тарихы және осында еңбек еткен адамдар жайында мәліметтер жиналып жатыр, – деді ол.

Қазір Шалқар теміржол  вокзалынан 32 бағытта пойыз жүреді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Шалқар ауданы.

  • Тауқымет

«Жездесі жақcы қандай-ды,

әкеден кемі болмайды…»

Өмір деген – ой-шұқыры, кедір-бұдыры көп, ешкім шетін көріп, шегіне жетпеген ұзақ жол. Ол бірде тартылып, бірде тасып жататын арналы өзен секілді. Осынау арналы өзенге талайлар келіп, талайлар кетіп жатады…

«Адам баласы шыр  етіп өмірге келгенде-ақ тағдыры маңдайына жазылып қойылады», – дейді үлкендер. Рас-ау, әйтпесе сол бір жылдары Мақашевтар отбасының басына түскен қайғы-қасіретті, тағдыр-тауқыметін кімдер тіледі дейсің?! Ауыр науқастан әуелі асқар таудай әкенің, араға 5-6 күн салып аяулы ананың дүниеден өтуі тағдыр талқысына түскен сол бір отбасы үшін ғана емес, бүкіл бір қауым елдің қабырғасын қайыстырған оқиға еді. Соңында шырылдап үйелмелі-сүйелмелі алты бірдей бала қалды. Әрине, қайғы қанша ауыр болса да, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі кісі тірлігін жасайды». Отбасының бүкіл жауапкершілігі мен ауыртпашылығы үйдің үлкені, тұрмысқа енді ғана шыққан қызы Бибігүлдің басына түсті. Қалған бауырларын жеткізу үшін жан жары Мейрамбек екеуі көрші Байғанин ауданы «Алтай» кеңшарынан әке-шешесінің шаңырағына көшіп келді. Екеуінің сол бір ауыр жылдарда әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білгендеріне бүкіл ауыл куә.

Әсіресе,  «солардың табанына кірген шөгір, менің маңдайыма кірсін» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, «солар қатарынан кем болмасыншы» деп бар тапқан-таянғанын ауыздарына тосқан Мейрамбектің еңбегі зор-ау. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық қағидасын жете сезіне білген Мейрамбектің адамдық, азаматтық, кісілік тұлғасына бүгінде ел риза. Енді, міне, қиындықтар артта қалды. «Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. Шүкір, сол отбасының ең кішілері Арайлым мен Думан – бірі – сегізінші, екіншісі – оныншы сынып оқушылары. Ал әпкелері Алтын Ақтөбе қаласында балалар клиникасында медбике болса, Гауһар мен Жаңылсын – колледж студенттері.

Осындайда даналардың айтқан: «Есті адам – қанағатты,  қанағатты адам – тиянақты, тиянақты адам – көнтерілі, көнтерілі адам – қайғысыз, қайғысыз адам – бақытты», – деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады.

Сәбит ЖИІ,

Құрманов орта мектебінің мұғалімі.

Ойыл ауданы.

  • Тағзым

Ертең Айнұрдың туған күні!

2005 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кардиф университетінің магистратурасында оқып жүрген қобдалық Айнұр Сүлейманова мен тараздық Болат Кәрентаевтың қайғылы аяқталған тағдыры туралы баспасөз беттері жазды.

Қысқы каникулға шығып, қос ғашық некелесу үшін ата-анасынан бата алуға елге келе жатқан сапарында Бакуден Ақтауға бет алған ұшақ апатқа ұшырады. Осы қайғылы оқиға көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Тамыздың 7-сі – Айнұрдың туған күні. Егер ол ортамызда болса, осы күнді ата-анасы, бауырлары тойлап жатқан болар еді…

Аудан орталығындағы саябаққа Айнұр Сүлейманованың есімі беріліп, мемориалдық тақта орнатылды. Болаттың туған жері Тараз қаласында қос ғашыққа арналған аллея ашылып, онда «Махаббат символы» ескерткіші орнады. Болат жұмыс істеген Ақтаудағы теңіз порты Каспийде жүзетін кемеге екеуінің есімдерін беруді қолға алды. Екеуі оқыған Британ университеті Қазақстаннан оқуға барған ең үздік студентке Болат пен Айнұр атындағы стипендияны тағайындады. Ақтөбедегі Айнұр оқыған кооперативтік колледж жыл сайын Айнұрдың туған күні мен қаза болған күнін еске алады, олар еліміздегі жастарға «Махаббат күнін» Айнұр мен Болат күні деп атап өтуді ұсынды. М. Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі ең үздік, ең қабілетті студенттеріне жыл сайын Тұрар Рысқұлов, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Мәсімхан Бейсебаев, Ақай Нүсіпбеков атындағы шәкіртақы тағайындайды. 2008 жылдан бастап осы оқу орны ең үздік ұл мен қызға Айнұр Сүлейманова мен Болат Кәрентаев атындағы шәкіртақы тағайындауды енгізді. 2008 жылы осы стипендия иегерлері Замира Қалымбаева мен Дастан Жетібаев болса, биылғы иегерлері – Жанай Мұқашова мен Еркебұлан Абзолдаев.

Қобда өңірінде ерлігімен, даналығымен танылған қыздар аз емес. Ол қатардан орыс патшасының отарлау саясатына қарсы, әділетсіздікке қарсы қол  бастап шығып, Орынбор губерниясы «көрінбейтін әйел» деп атап, тарихта қалған Сапар (Сапура) Мәтенқызын, Ұлы Отан соғысындағы өшпес ерлігімен кейінгіге өнеге бола білген шығыстық екі батыр қыздың бірі Әлия Молдағұлованы, ағылшын білімін алып, Қазақстанда ауыл балаларына ағылшындардікіндей мектеп ашуды армандаған Айнұр Сүлейманованы атауға болады.

Анасы Шолпан Сүлейманова қызын соңғы рет туған күнінде  Алматыда көргенінде айтқан әңгімесін жиі еске алады:

«Мама, мен неткен бақытты жан едім, білім іздегенде жолым әрқашан ашық болды. Мүмкін, менің 77 жылы 7 тамызда туғаным яғни үш жетілік маған сәттілік алып келетін болар», – деп еді қызым. Сол жолы ол Британ елінде өз қаражатына бастаған оқуын «Болашақ» бағдарламасы арқылы жалғастыруға қол жеткізген болатын. Осы қуанышты хабарды әкесі екеумізбен бөлісті, – деді Шолпан апа.

«Жазмыштан озмыш жоқ». Тағдырдың ісіне амал нешік?..

Қазір Айнұрдың өмір жолы бейнеленген бұрыш Әлия ауылындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында жасақталған. Осы жерде жыл сайын Айнұр Сүлейманова атындағы шаралар өтіп, оған облыс жастары қатысады. Өткен жылы туған күнінде Айнұрдың ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, жастар Айнұрға арнап патриоттық орталық алаңына жас көшеттер отырғызды. Ертең, көп жылдардан кейін Айнұрдың талдары аспанмен таласып өсіп, осы өңірде елінің болашағы үшін білім іздеген қыздың болғанын ұрпақ есіне салып тұратын болады.

А. БАЙМЕНОВА.

Қобда ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button