Мәселе

ВАЛЕНТИН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙ АТАСЫ?..

Қала дүкендері мен базарларда «Қасиетті Валентин күні» үшін сатылып жатқан түрлі түсті жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың бейнесіндегі бұйымдар көздің жауын алады. Ақпан айы басталар шақта сауда орындарының мұндай заттарға толатынына көзіміз де үйренді. Алайда бұл күннің қазаққа қаншалықты қатысы бар?

ҰЯТТЫ «ВАЛЕНТИНКА» ЖӘНЕ КОММЕРЦИЯЛЫҚ БИЗНЕС

Елімізде 14 ақпан — «Әулие Валентин күнін» тойлау дәстүрі кең етек алып барады. Бұл күні адамдар бір-біріне деген сезімін ашық әрі белсенді түрде жариялап жатады.

Жақында қаладағы бір дүкеннен қызылды-жасылды болып жайнап тұрған «валентинкаларға» көзім түсті. «Мен сені сүйемін!» дегендері шүкірге жақын екен, сыртына ұятты суреттер бейнеленген «Ты мой, я — твоя!», «Мой страстный!», «Я помню первый поцелуй!», «Зайчик мой!», «Я не забуду наше первое свидание!» секілді мәтіндегілері тіпті шошытады. Міне, осындай сипаттағы «валентинкаларды» «Әулие Валентин күнінде» студенттерді айтпағанда, мектеп оқушылары бір-біріне сыйлап жатады.

Бүгінгі күні адамдардың «валентинка» алып, осы «мерекені» атап өту құштарлығының арқасында біреулер үлкен табыс тауып жатыр. Қаншалықты көп адам осындай мерекелерді атап өтсе, корпорациялардың табысы соншалықты молаяды. Өйткені кейбір деректерде «Әулие Валентин күні» бәзбіреулердің коммерциялық бизнес жасауы үшін шығарып отырған пәлсапасы деген жорамал бар.

Иә, ойланған адам мұның астарында адам мен қоғамды аздыруға, рухани және ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған жүйелі тәсіл жатқанын анық байқайды. Өкінішке орай, бүгінгі қоғам мұны үн қатпай қабылдап, бойына сіңіріп үлгерді. Бұл тәсіл адамның достық, махаббат деген ұғымдарға жеңіл-желпі қарауынан туындайтын болашақ отбасылық өмірінің құлдырап бұзылуына соқтыруы әбден мүмкін. Ал Ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат Алла тағаланың разылығы үшін ғана болуын және Оның заңдарының шеңберінен шықпауын бұйырады. Алла үшін біреуді жар ретінде сүйген адам оған қиянат та, зұлымдық та, опасыздық та жасамайды. Өйткені Алладан қорқатын адам әрбір ниеті мен амалы үшін ахиретте Алла алдында жауап беретіндігіне кәміл сенеді.

САНАНЫ ЖАУЛАҒАН ҮШ ВАЛЕНТИН

Деректерде «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа ХІІІ ғасырдан бері, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде. Оның Ресейге келген кезі — тоқсаныншы жылдардың басы. Христиан діндарларының аңыздарында үш Валентин туралы айтылады. Біріншісі — Рим императоры Юлий Клавдийдің сарбаздардың үйленуіне тыйым салған заңын бұзып, некелескені үшін өлім жазасына бұйырылған адам. Ал осы оқиғадан 200 жыл өткеннен кейін екінші император Геласиустің шешімімен «Әулие Валентин» күні мерекеленген. Екінші бір діни аңызда Валентиннің дін қызметкері екендігі, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, осында жатып оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, оның жазаға тартылып, басының шабылғандығы айтылады. Ал енді үшінші Валентин ешкімге ғашық болмаған. Христиан дінінің қызметкері болған оның не үшін жазаланғаны белгісіз. Тек ол өлім жазасына кесілгеннен кейін «Әулие» деп жарияланған.

Мінеки, көрдіңіз бе, қайдағы бір Валентин қазақ жастарының соқыр сенімдері бойынша «Ғашықтар күні» болып тойланып жүр. Ал оның қазақтардың «Ғашықтар күні» болуына ешқандай қатысы жоқ.

БҰЛ КҮНГЕ ТАЛДАУ ЖАСАУ КЕРЕК…

Аманғали ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, облыстық білім басқармасының бастығы:

— «Әулие Валентин күні» — қазақтар үшін жат мейрам. Бұл күнді мереке ретінде тойлау дәстүрі бізге батыстан келді. 14 ақпанды ғашықтар мерекесі ретінде жастар кеңінен тойлап жүр. Мектептерде «Әулие Валентин күні» қандай да бір іс-шара ұйымдастыру туралы біздің тарапымыздан тапсырма берілмейді. Оның үстіне, мен бұл күнді мейрам ретінде тойламаңдар деп мектеп директорларына да тыйым сала алмаймын. Өйткені әр мектептің жылдық жоспары бар. Мектептерді жоғары білімді адамдар басқарады. Сондықтан да олар бұл күнге орай дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

— Бұл күнді өзіңіз қалай атап өтесіз?

— Мен үшін 14 ақпан қарапайым күндердің бірі ғана. Жастардың бұл күнді мереке ретінде, оның ішінде ғашықтар мейрамы ретінде тойлауына да, қолдауына да қарсымын. Махаббат мерекесін тойлау біздің кезімізде болған жоқ. Менің студент екі балам бар. Бірі компьютерді меңгеруге құштар болса, екіншісі техниканың жетегінде жүр. Сондықтан олар бұл күнге назар аудармайды. Бір айта кетерлік жайт, «Әулие Валентин күні» бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радиода көп насихатталады. Әсіресе, «Ақтөбе», «Европа+» радиолары бұл күнде бейтаныс қыз бен жігітті тікелей телефон арқылы таныстыру хабарларын ұйымдастырып жатады.

— Дегенмен де бұл күнді жастар жағы асыға күтетін секілді…

— Бұл қасиет біздің ұлттық мүддемізге сай емес. Бұрынғының қазағы қыз балаға ерекше құрмет көрсеткен, тіпті, әкесі оған қарап дауыс та көтермеген. Қазір осы қасиет бізде жоғалып кетті.

— Бұған дейінгі қызметіңізде оқу орнын басқардыңыз. Бұл күнді студенттер қалай атап өтуші еді?

—Студенттер колледждің сыртында бірін-бірі құттықтап, өзара тойлаған шығар. Бірақ оқу орнының ішінде бұл күнді мейрам ретінде тойлауға рұқсат берілген жоқ.

Мен 14 ақпан — «Әулие Валентин күнін» ақтөбелік жастардың қалай тойлайтынын білу мақсатында сол күні кешқұрым екі-үш мейрамхана мен кафені аралаймын. Бұл ойымды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатоваға да білдірдім. Яғни бұл күні жастардың көңіл-күйі қалай, мерекені оларға кім ұйымдастырады, қандай ішімдік ішеді деген оймен зерттеу, анықтау жүргіземін.

— Сонда бұл ойыңыздан қандай нәтиже шығарғыңыз келеді?

— Бұл күннің қазаққа ешқандай қатысы жоқ. Болашақта осы мәселеге орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған ғалымдар мен психолог мамандар шақырылса деймін. Осы күнге орай жан-жақты талдау жасап, шешім шығару қажет. Қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастыру керек.

«ВАЛЕНТИН КҮНІ» 32 ЖҰПТЫҢ НЕКЕСІ ҚИЫЛАДЫ…

Валентина МӘМБЕТОВА, қалалық әділет басқармасы азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің бастығы:

— 14 ақпан — «Әулие Валентин күні» қалалық АХАЖ бөлімінде 32 жұптың некесі салтанатты түрде қиылады. Оның ішінде үш жұп орыс ұлтының өкілдері болса,

18-і — қазақтар. Қалғандары — аралас некеге тұрушылар. Бір айта кетерлік жайт, бұл күні некесін қидыратын жұптардың 4-еуі — кәмелеттік жасқа енді ғана толған қыз бен жігіттер. 14 ақпан күні неке қидыратын күйеу жігіттің ең үлкенінің жасы —

34-те.

— Сонда «Әулие Валентин күні» құрметіне салтанатты кеш ұйымдастыруды жоспарлап отырсыздар ма?

— Иә. Кейбір жұптар нақ осы күні некеге тұруға алпыс күн бұрын арыз беріп қойды. Арыз бергендердің көбі — қазақтар.

— Бұл күні неке қию салтанатының ерекшелігі қандай болмақ?

— АХАЖ бөлімінде жаңа жылдан бері бірінші рет неке қию рәсімін өткізетін екінші залды ашқалы отырмыз. Күніне біз шамамен 15 жұптың некесін қиямыз. Бір залға күніне 20-25 жұптың неке қию рәсімін өткізуге уақытымыз жетеді. 14 ақпан күні некеге отыратын жұптардың қатары көбейгесін, екінші неке қию залын ашуға мәжбүр болып отырмыз.

Жақында еліміздің Әділет министрлігі неке қию рәсімін ресми өткізу туралы шешім шығарды. Бұдан былай неке қию рәсімінде біздің қызметкерлер махаббат тақырыбында өлеңдер оқып, жас жұбайлардың алғашқы вальс биін тамашалатпайды. Бірақ біз 14 ақпандағы салтанатты неке қию рәсімінде бұл дәстүрді қолданатын боламыз. Жас жұбайлардың ата-анасына тілектерін тыңдауға да уақыт бөліп отырмыз.

Демек, АХАЖ-дағылар да бұл күнге ерекше көңіл бөліп, «мерекенің» ығына құлап отыр. Ал жоғарыдағы әңгімеден ұққанымыздай, қазекем «махаббат күніне» мықтап кіріскен секілді. Жыртыл, қазақ!..

«АЙНҰР МЕН БОЛАТ КҮНІН» АТАЙДЫ…

2005 жылдың 23 желтоқсанында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кардиф университетінің магистратурасында оқып жүрген тараздық Болат Кәрентаев пен қобдалық Айнұр Сүлейманова қайғылы қазаға ұшырады.

Бакуден Ақтауға бағыт алған ауа лайнері апат болып, Болат пен Айнұрдың мәйіті құшақтасқан күйінде теңіз тереңінен алынды. Соңғы сәттеріне дейін аман қалу үшін арпалысқан қос ғашық бір-біріне белдіктерін байлап тастаған көрінеді. Олар елге ата-аналарының ақ батасын алып, некелесуге келе жатқан еді…

Шолпан СҮЛЕЙМАНОВА, Айнұрдың анасы:

Айнұр Қобдадағы орыс орта мектебін үздік аттестатпен бітірді. Қазір Айнұрдың құрметіне мектеп мұражай бұрышын ашты. Онда Айнұрымның мақтау қағаздары мен орта мектепті бітіргені туралы аттестаты, дипломдары мен Айнұр мен Болат туралы газет-журналдарда жазылған мақалалар қойылыпты. Мектеп директоры Гүлбарам Балғаринаның айтуынша, Айнұр мен Болат қаза тапқан күні қос ғашықтың құрметіне мектепте бір минуттық үнсіздік жарияланады. 14 ақпан — «Әулие Валентин күні» бұл мектепте «Айнұр мен Болат күні» ретінде аталып өтіледі. Бір апта бойы мектепте барлық сыныптарға сынып сағаты өтіп, оқушыларға Айнұр мен Болаттың жетістіктері, олардың махаббаты туралы айтылады. Жерлестері Қобда орыс орта мектебіне Айнұрдың есімін беру жайында бастама көтеріп жүр. Өйткені Қобда өңірінде Айнұр — «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқыған ең бірінші түлек. Жақында «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында Айнұрдың туған күніне орай шара ұйымдастырылды, оның рухына тағзым етілді. Мұндай шараларды ұйымдастырып жүрген Қобда орыс орта мектебі мен патриоттық тәрбие беру орталығының басшылығына алғысым шексіз.

Бүгінде Айнұр мен Болаттың ата-аналары балаларының рухы үшін, олардың адал сезімі үшін мәңгілік құда атаныпты.

Жастар не дейді?

Рүстем Сексенбайұлы, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің оқытушысы:

Студент кезімде «Әулие Валентин күнін» жастар болып атап өтетінбіз. Албырт шақта бұл күннің мәнісін түсінбей, әйтеуір, ғашықтар күні ретінде қабылдадық. Бұл күннің қазаққа еш қатысы жоғын кейін білдім.

Мейірлан Дәнекеров, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті:

Әулие Валентин туралы талас тудыратын деректер өте көп. Әзірге артында ешқандай негізі жоқ бұл мерекенің тек бизнес көзі ғана екенін көріп отырмыз. Біз бәзбіреулердің қаңсық дүниесін қашанғы өзімізге таңсық қыла бермекпіз?..

Зина Мауышева, Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

— «Әулие Валентин күні» деген мереке қазақта жоқ. Сондықтан бұл күннің қазаққа қатысы жоқ екенін біздің оқушылар толық түсінеді. Біз бұл күнді қарапайым күн ретінде өткіземіз. Мектепте бұл күнге қатысты ешқандай шара да ұйымдастырылмайды.

P.S. Бірқатар жастарға «Валентин күнін» тойлайсыздар ма?» дегенімізде, «неге тойламасқа?» деген сұрақты өзіңе төтесінен қойғанда денең шымырлайды. Бұл сауалды жасы да, жасамысы да қояды. Валентин деген дүдәмал кісінің рухы қазақ даласын жайлап алған ба дейсің еріксіз?!

P.P.S. Бір қорқыныштысы, электронды БАҚ «Валентин күнін» насихаттауға «жалаңаяқтанып» кірісті. «Хабар» арнасының «Бинго» хабары осы «мерекеге» арнайы лотерея билетін шығарып отыр. Орыс тілді БАҚ «Валентин күніне» мемлекеттік мерекелер кезіндегіден де жоғары мән беретін секілді…

Ал біз құлағымызды қақпаймыз…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Осы мақаланың идеясын толық қолдаймын. Қазаққа жат Жаңа жыл және 8 март мерекелерін де тойламау керек біздің халық менің пікірімше. Осы мерекелерді тойлап, бюджеттен премия берілуден асқан сорақылық бола ма? Бойында намысы жоқ қазақ жігіттері зыр жүгіріп осы мейрамдар үшін сыйлық іздейді. Жаңа жыл да 8 март та комерциялық мерекелер менің пайымдауымша. Ол мерекелерді тойлайтындар да өз ұлтын сыйламайтын оңбағандар деп есептеймін. Сіз не дейсіз замандас?

  2. Саян шырағым ол тек сениң ғана пікірің екенін білем әрине. Дегенмен табынатын болсақ өзіміздің қазақтың да ғашықтары жеткілікті. Валентиннен өзіміздің Қыз Жібек пен Төлеген Қозы-Көрпеш Баян сұлулар кімнен кем? Сендер сияқты өз бойында намысы мен өз ойы бар жастар осындай ғашықтар күнін өз күнтізбемізге енгізсе, береңіз, біздер үлкендер сіздерге қой деп айтпас едік.

  3. Яғни менің түсінуімше Валентиннің орнына мысалға Төлеген күні деп тойлап, осы күнге арналған открыткалар, сыйлықтар сатылса ол коммерциялық мереке болып саналмас еді. Солай ма? 
    Қарағым, admin. Осындай өз мерекелерімізді күнтізбеге сіздер сияқты БАҚ енгізуге күш салмаса біз қалай енгіземіз. Қанша дегенмен медия 4-ші күш емес пе? 
    Жаңа Жыл және 8-ші март мейрамдары туралы сіздің пікіріңізді білгім келеді? Шығу төркіні тұрғысында қарайтын болсақ олар да осы валентин сияқты емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button