Тарих

Айтылуы қажет болған тарихи деректер

Бұларды айтуға, жазуға мәжбүрлеп отырған Б.Есенжоловтың кітабы.

Бекен, Бекет Есенжоловтың «Жадымдағы жаңғырықтар» деген кітабының (2013 жылы шыққан, 216-бет, 500 дана, жауапты шығарушы Нұрмұханбет Дияров) ішінде, «Кіші Жүз өңірінде жазылған шежірелерге шолу» делінген, автордың есімі кітаптың сыртында Бекен, ал ішінде Бекет делінген, дұрысы қайсы?

Кітаптың 2-бетіндегі түсіндіруде: «Тарихымыздың түпнұсқаларын тереңдеп зерттеп, өңірімізге қатысты өнегелі тұжырымдамаларды оқырманға жүйелеп жеткізуді мақсат тұтқан бұл жинақтың басты мақсаты бүгінгі замандасқа ой салып, кейінгі буынға тағылым беру, бағдар ұсыну болып табылады. Кітап авторы Бекет Есенжолов ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерді атқарып, елмен етене араласқан, халықтық қағидаларды қапысыз меңгерген, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы, тағылымды ой иесі» делінген.

Бұл жазылғандардың көбі көріне көтермелеген, артық айтылған сөздер. Пенде ғой, солай жазу керек болған шығар. (Кітап тапсырыс берушінің дайын-оригинал макетінен жазылған делінген).

Түсіндіре кететін бір сөздің реті — лауазымдық категория бойынша басшы деп  шығарған шешімін өзге органдар мен басшылар мойындайтын заңды тұлғалардың бірінші басшысын айтады. Демек, Есенжолов басшы емес, басқарушы органның жауапты қызметкері. Бірақ дұрыстық, әділдік деген ұғымдар бар ғой. Мысалы: жазылған тарихты тереңдеп зерттеген болса, өнегелі тұжырымдарды оқырманға өз мәнінде жеткізуді ойласа, Есенжолов өзінің кітабының 71-72-беттерінде неге тірі жүрген Тілеуді өлді дейді, Тілеудің балаларын Саршаның балалары дейді. Тілеудің әйелі, Мөңкенің шешесі Сұлуды Аққыз дейді және әйел үстіне алған әйелді «бәйбіше» дейді. Шынында Тілеу батырдың әйелі — Мөңке бидің шешесінің есімі Аққыз емес, Сұлу екені жөнінде елге белгілі тарихшы ғалым, профессор, Тілеу-Қабақ елімен бірге өскен, Қырғыз ағайынның тағылымды, тәрбиелі перзенті, бірнеше аудандарды басқарған қайраткер Зәкіратдин Байдосовтың Қырғыз ағайынның басшысы Ақкісі Барақұлы туралы жазған еңбегінде: «… Ақкісі би, шешен, білікті адам болған… XVII ғасырдың 80-ші жылдарының бірінде ақылы кең, шыдамы мол, сөзін саралап, ойын даналап айтатын Тілеу би мен Ақкісі жаздың мамыражай күндерінің бірінде дүйім қауым алдында сұхбаттасыпты… Тілеу би, әулие ағайын арасын ақылмен тоқтатып, береке-бірліктің ауқымында ұстаған екен. Оның билігі ақыл-парасатқа негізделген тұрлаулы билік болған екен… Ол ақырында, тағдыр салымымен Ақкісіге күйеу бала болған екен… Тілеудің Ақкісі қызы Сұлуды қалай алғандығы жөніндегі әңгіме сол күйінде сақталған» деп жазады. Б.Есенжолов болса, «Аққызды некелеп Саршаға қосады» дейді. Тірі жүрген Тілеудің әйелін інісі Саршаға қалай қосады? «Аққыз Саршадан төрт ұлды болған: Есіркеміс, Алдаберді, Әтенбек, Жақсымбет. Олардан тараған ұрпақтар өздерін «Біз Тілеуміз» деп кеткен» дейді. Масқараның да масқарасы.

«Алдабердіден бес бала  — Тәңірберген, Қазыбай, Құлтума, Жалтума, Қалмамбет туған» дейді. Түбірімен шатастыру. Дұрысында Алдабердінің балалары Құлтума, Жалтума, Қалмамбет, ал Тәңірберген, Қазыбай — Жалтуманың балалары.

Шынында, Тілеудің бес баласы болған. Олар — Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет және Мөңке.

Әлімнің Жаманағының баласы Шыңғыс бабамыз өзінің шаруасымен жүріп, біздің жаққа қашып келген, далада ұйықтап жатқан жерінде кездестірген Қалуды (Мәкуді) ауылға әкеліп, қазақтың салт-дәстүрі бойынша тиісті рәсімдерін жасап, інісі — біздің бабамыз Өріске бала қып берген екен. Біздің Өрістен бергі бабамыз Бөлек сол Қалудың (Мәкудің) баласы.

Тілеу батыр туралы бірнеше академик-ғалымдар, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов «Қазақ хандығын жоңғарлардан қорғауда өмірін құрбан еткен Тілеу батырдың ерлігі өте зор, барымызды бағалай білейік» деп, Қазақстан Республикасының Президенті мәдени орталығының директоры, ғұлама ғалым, академик Мырзатай Жолдасбеков «Тілеу батырдың есімі ұрпағына ұран болған, елге үлгі, қалай құрметтеуге де лайық» деп, Қазақстан ардагерлер ұйымының төрағасы, философия және тарих ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Озғанбаев «Бір қазақ Тілеудей-ақ жаратылмақ» деп, Серікқали Байменше, тағы басқалар бірнеше рет жазды, олар «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айғақ» республикалық, «Оңтүстік Қазақстан», «Ақтөбе» облыстық газеттерінде жарияланды және олардың бәрі де Есенжоловтың кітабынан бірнеше жыл бұрын жазылған еді.

Сонда Есенжолов бүкіл елге жария болған сол тарихи деректерді оқымаған ба? Біздің үлкендеріміз ата-бабаны сыйлауды үйретті. Біз Есенжоловтың бабасы Шыңғыс бабамыздың баласы Жақайымды сыйлап, атын атамай, аға баласы дейміз.

Сондықтан біздің алдымен жазбаша деректермен түсіндіргіміз келетіні: Бекен, Бекет Есенжоловтың жазғанындай Тілеу батыр Айтұлының баласы Мөңкенің бес жасында қайтыс болмағаны және сол Тілеу батырдың Ақтөбе аймағынан 17 мың қол жинап, екі жарым мың шақырымдай қашықтықтағы Сайрам соғысына барып, үш жыл бойы (1681-1684 жылдары) Жоңғар шапқыншыларымен соғысып, Қазақ хандығын, қазақтың елі мен жерін аман сақтап қалғаны, 1684 жылы сол соғыстағы шешуші шайқастардың бірінде Тілеу батырдың өзінің де, баласы Жолдыаяқ батырдың да қаза болғаны, Әз-Тәуке ханның нұсқауымен екеуінің де сүйегінің Түркістандағы әлемге әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгені бүкіл елге белгілі.

Ол туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Мәдениет комитеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар, Шекті Тілеу батыр Айтұлы» деген кітапша шығарған. (Түркістан, 2011 жылы, 20бет.)  Сол кітапшадан үзінді:

…Күлтөбеде хан сайлауы кезінде… Тілеу батыр да сөз алып, Тәуке ханды

жақтаған. Осы жиында Тілеу батырдың сөздері өтімді болып, ол «Адамның сұңқары» атанады. Сондай-ақ, Тәуке хан Тілеу батырға риза болып, оны өзінің ақылшы, кеңесшілерінің бірі етеді. Осындай іс-әрекеттерден біз Тілеу батырды тек Шектінің немесе Кіші Жүздің батыры ғана емес, сонымен бірге, бүкіл Алаш көлеміндегі ірі қайраткер болған деп түсінеміз.

Тілеу батырдың бүкіл халықтық деңгейдегі тағы бір ісіне — оның бүкіл қазақтың рухани көсемі — Сопы Әзізді пір сайлауға қатысуы жатады. Кіші Жүздегі Жетіру бірлестігінің бір тайпасы Керейттен шыққан Мүсірәлі Сопы өз заманында білімімен де, ерекше қасиеттерімен де танымал екен. Ол туралы «Жеті өлікке жан бергізген» деген сөздер бар. Ел болғаннан кейін оны басқаратын саяси басшы қандай қажет болса, рухани басшы да дәл сондай қажет. Рухани көсем елдің, халықтың ішкі рухани ұйытқысы болып, бірлік пен ынтымақтың, татулықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Рухани көсемді сайлау да аса маңызды халықтық, мемлекеттік шараның біріне жатады. Тілеу батырдың бүкілқазақтық рухани көсемді сайлауға қатысқандығы Ақтөбе өңіріндегі қалың жұртшылыққа жақсы мәлім.

Тілеу батырдың есімін бүкіл елге танытып, әлі күнге дейін есімін ардақтатып отырған келесі бір ісіне — оның 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы Сайрам қаласы түбіндегі шешуші шайқастарда Кіші Жүз әскеріне қолбасшылық етуі мен сондағы ұрыстардың бірінде қаза тауып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанында жерленуі жатады…

…Сайрамды бағындыру — Жоңғарларға тікелей Түркістанға қарай жол ашар еді. Мұны Тілеу батыр да жақсы түсінеді…

Кіші Жүздің 17 мың әскеріне қолбасшы болып, ол Сайрамды қорғауға аттанады. Батырмен бірге ұлдарының бірі — Жолдыаяқ батыр да осы соғысқа қатынасады… Ауыр ұрыстардың бірінде Тілеу батыр да, ұлы Жолдыаяқ батыр да қаза табады. Жолдыаяқ батыр да әкесі Тілеумен бірге Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленеді (10-14-беттер).

Кітапшаның жауапты редакторы М.Садықбек, редакция алқасы — тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Б.Көмеков, редакторы

Н.Дүкенбаев, мәтінді дайындаған тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев.

*    *    *                        *    *    *                       *    *    *

«Алты ата Әлім» деген (1992 ж. Алматы, «Перзент» шағын кәсіпорны) «Рауан» баспасынан шыққан кітапшаның (30-бет) 22-бетінде: «…Бөлектен Айт, Бұжыр туады.

Айттан — Тілеу, Қабақ, Сарша… Тілеу орта жасқа қараған шағында Аққызға үйленеді…

Одан — Аққыздан Мөңке туады. Мөңке бес жасқа келгенде Тілеу өліп, Аққыз Саршаға тиген. Қазір Саршадан тараған ұрпақтар өздерін Тілеуміз дейді» деген сөздер бар. Кітапшаның авторлары Жақау Дәуренбекұлы, Сансызбай Құттыбайұлы. Бұл авторлардың бұл жазғандарының бәрі қате, елді шатастыратын сөздер. Себебі бұл кітапша авторлары, жоғарыда Мөңкенің шешесі Сұлу туралы жазылғандай, Аққыздың қай елдің, кімнің қызы екенін, Тілеудің кімдермен құдаласқанын және Тілеудің қашан, қалай, қай жерде өлгенін ашып жазбайды, сөйтіп, елді шатастырады. Кітапша авторларына елді шатастыру неге қажет болғаны бізге белгісіз. Бізге белгілі болғаны, кітапша авторларының біреуінің — Сансызбай Құттыбайұлының біздің Шалқардың тумасы екені. Мемлекеттік органдар – Мәдениет министрлігі, Алматыдағы ғылыми кітапхана, ғұлама ғалым-академиктер Тілеу батырдың ерекше ерлігін, қазақтың елін, жерін қорғау үшін жанын құрбан еткенін жазады. Ал біз танитын Сансызбай Құттыбайұлының Тілеу батырдың туған елінің, жерінің амандығы үшін өмірін құрбан еткенінде шаруасы жоқ, Тілеу батыр Сайрам соғысында қаза болғаннан кейін 308 жыл өткен соң, 1992 жылы … « Мөңке бес жасқа келгенде Тілеу өліп»… деп әдеттегі бір жай әңгіме ретінде жазады.

Қате деректерді тексеріп, дұрыстығын анықтап алмай пайдалану — нағыз кешірілмейтін қате. Есенжолов сол қате сөздерді қайталаған.

Ал дұрысы төмендегі жазбаша тарихи деректер.

Мөңке туралы халық аузындағы әңгіме

Ерте уақытта Кіші жүздің ішінде Мөңке дейтін білімді адам өтіпті. Оның әкесі Тілеу деген қарт кісі 8 жастағы Мөңкені ашамай ерге мінгізіп, тайының басын жетелеп (қараңыз — Тілеу батыр тірі және Мөңке бес жаста емес, сегіз жаста) көшкен елін іздеп келе жатқанда, қатты тұман түсіп, адасып қалыпты. Келесі күні жалғыз үй қонған жұрттың үстінен шығыпты. Сол көшкен үйдің сүрлеуімен жүре беріпті. Келе жатып 8 жасар Мөңке: «Ата, — дейді, — мынау үйдің 10 ешкісі бар екен, бір үлкен көк серкесі бар, қара шолақ иті бар екен, жалғыз түйесі бар, оның оң көзі соқыр екен, мынау үйдің әйелі екіқабат екен, күні жақын» депті… Әкесі Тілеу бұларды сен қалай біліп, айтып келесің десе, Мөңке жұрттағы жағдайлардың көріністеріне қарап, түсініп, айтып келемін депті. Кейін көшкен үйдің жаңа қонған жеріне келіп жетсе, Мөңкенің айтқандарының бәрі де дәл болып шығыпты.

Бұл қысқартылып жазылған үзінді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының (Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28 үй, №1-7-141,) директоры Г.К.Абуғалиева қол қойған хатынан алып жазылды.

Бұрын Г.К.Абуғалиева қол қойған хаттағы тарихи деректерді анықтай түсу үшін (датасы анық болмаған соң) мен Алматыдағы «Ғылым Ордасы» РМК Бас директоры Р.Карібжанова ханымға арнайы хат жазғанымда, одан Г.К.Абуғалиева жазған хаттың алдыңғы бөлігі дәл солай қайталап жазылған қысқаша жауап хат алдым. Ол хатта үш пунктпен сілтеме жасалған деректер жазылыпты — соңғысы — 1924 жылы шыққан «Сәуле» журналының 1-саны делінген. Ол жауап хат сол күйінде төменде көрсетіліп отыр.

Ол хат мынау.

28.07.2014 №03 – 01/448 Ақтөбе қаласы Ғ.Жұбанова көшесі, 37.

 

Құрметті Кемейдолла Төлеубай мырза!

Сіздің хатыңызға жауап ретінде, төмендегілерді хабарлаймыз:

«Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана қорында «Мөңке туралы халық ауызындағы әңгіме» деген тарихи жазба деректер бар.

Жазба деректің мәтіні:

«Ерте уақытта кіші жүздің ішінде Мөңке дейтін білімді адам өтіпті. Оның әкесі Тілеу деген қарт кісі 8 жастағы Мөңкені ашамай ерге мінгізіп, тайының басын жетелеп, көшкен елін таба алмай келе жатса, қалың тұман түсіп, адасып қалыпты…» деп басталатын (1-беті — кирил әріппен, 2-беті — латын әріппен) дерек құжаттар бар.

Деректер төменгі құжаттардан табылды:

1.  №1067 бума 5-п,

2.  №1281-п, 2 дәптер

3. 1924 жылы шыққан «Сәуле» журналының 1-саны.

«Ғылым ордасы» РМК

бас директоры  Р.КАРІБЖАНОВА.

Орындаушы: Ғылыми кітапхана меңгерушісі

Қ.ҚАЙМАҚБАЕВА.

Оқыған, білікті ұстаз, ой өрісі кең, тағылымды, тәрбиелі адам болса, Есенжолов неге қате жағдайларды дұрыс ретінде жазады, замандасқа, жас ұрпаққа үлгі көрсететін болса, неге мүлде қисынсыз нәрселерді басқа жұрт оқитын кітапқа жазуға қымсынбайды, ұят деген ұлы сөзді неге ұмытады?  Ел тәрбиесінен артық тәрбие жоқ. Мектеп, институт, университет дегендер тек программадағыны ғана үйретеді.

Біздің бабамыз Өріс Жақайымның әкесі Шыңғыспен бірге туған. Мен Өрістің 14-ші ұрпағымын. Солай болғанмен, біз, үлкендеріміз үйреткендей, Жақайым бабамыздың атын атамай, сыйлап осы күнге дейін аға баласы дейміз. Оны менің Жадығұл Құлмағамбетов ағамыздың үйінде, әлемге әйгілі жазушы Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз, Есенжолов, тағы басқалар қатысып отырған кездерде айтқаным бар.

Ата-бабаны сыйлауды, оларға құрметпен қарауды Есенжоловтың ойлауы керек емес пе?

Тірі кісіні өлді деушіні қазақтың мүлде жақтырмайтынына бір мысал. Ертеректе біздің Дүйіс деген атамызға, біз де қатысып отырғанымызда, бір есерсоқ жігіт «Құдаңыз қайтыс болған екен, қайыры болсын» дегені. Сонда Дүйсекең жарықтық: «Мына жағына жылан жұмыртқалағыр, тірі адамды өлді дегені несі, кет бұл жерден, жоғал» деп қуып жіберіп еді. Сол сияқты елін қорғап, тірі жүрген кезінде Тілеу батырды Есенжоловтың өлді деп кітапқа жазуын қалай түсінуге болады? Ойлап сөйлеу, байқап сөйлеу, адамгершілік, бұрынғы мен қазіргі деректерді салыстырып, анығына көзіңді жеткізіп сөйлеу деген қасиеттер, қағидалар бар емес пе?

Назар аударатын бір жайт — Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде елге ерекше қызметімен, ерекше ерлігімен белгілі болған 161 тұлға — хан-сұлтандар, билер, батырлар, игі жақсылар жерленген екен. Солардың ішінде Шекті Тілеу батыр Айтұлы оныншы, баласы Шекті Жолдыаяқ батыр Тілеуұлы он бірінші болып, туған-қаза болған, жерленген жылдары, рулары анық көрсетіліп жазылған, ал 49 батырлар тобында Тілеу батыр бірінші болып, Жолдыаяқ батыр екінші болып жерленген деп жазылған. Тілеу батырдан бұрын кесенеде үш хан, бір сұлтан, 5 би-абыздар — барлығы тоғыз адам жерленген екен.

Ол туралы кесененің ішінде және Түркістан қаласының орталық аланыңдағы биіктігі үш метрдей, ұзындығы бес метрдей үйдің қабырғасында орналасқан үлкен тақтада жазылған.

Қазақ азамат деген атақты қадірлеп, «Аттың бәрі қазанат емес, жігіттің бәрі азамат емес» деген екен. Азамат болуға тырысайық.

 

Тілеу батырдың ұрпағы Кемейдұлла ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе облысының, Ақтөбе қаласының, Ырғыз, Ойыл, Шалқар аудандарының құрметті азаматы.

Ақтөбе, тамыз 2014 жыл.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. * Кемейдұлла ағамыздың Б.Есенжоловтың кітабындағы мақаласына талдау жасай отырып,жазған қарсы пікірін оқып отырып, тек біржақтылықты байқауға болады. Яғни, қалайда өзінің сөзін шындық,басқанікі түбірімен қате дегенді айтқысы келетіні мақаланың өн-бойында иісі аңқып тұр.Әрине өзінің сөзін дәлелдеу үшін бірнеше авторлардың аттарын атап солардың жазғандарын мысалға келтірген.Бірақ ағамыз бір нәрсені ескермеген сияқты. Бұл шежіре.Ал – шежіре ауыз әдебиетінен құралады.Ауыз әдебиетінің мыңдаған нұсқалары (варианттары) айтылатын болғандықтан, оны тарихи түрінде тап солай болған еді деп айта алмаймыз…

    * Тілеу батырға тіркелген «Адамның сұңқары»- деген тіркесте дау тудыратын мәселе.Біріншіден «сұңқар» сөзі адамға емес құсқа тіркелетін тіркес.Сұңқар деген сөздің өзі – ұшу, самғау дегенді білдіреді.Маханбеттің жырларында «…жігіттің соясы» деген тіркестерді оқып отырып, алғашында мәніне жете түсіне бермейтінбіз. Кейіннен тіл мамандары, ғалымдар бұл сөздің дәл мағанасын түсіндіріп, Маханбеттің бұл сөзді кез келгкен жігітке емес, өте-мөте батыр жігіттерге арнап отырғанын білдік те бұл сөз тіркестерін жақсы қабылдап кеттік.

    * Тілеу батыр Сайрам соғысына Кіші жүзден 17 мың қолды бастап барды дейді. Сол кездегі тарихи деректерде Қазақ халқының санын 2,5-3 миллионның паңайында деп айтылып жүр. Соғыс жылдарында он түтінен бір немесе 50 адамнан бір қол шығарылған деп есептелінеді. Сонда … Кіші жүзде қанша халық болғаны?
    Жақсы, 17 мың қолды бастап барды дей қояйық. Сонда Тілеу батыр мен оның баласы Жолдаяқтан басқа бір батырдың, бір бидің аты аталмайды, сонда деймін-ау қалғағандары не бітіріп жүргені, құмалақ теріп жүргенбе деген ойға жетелейді.

    * Әрине, өткен атаңмен мақтанғаның, атаңды мақтағанның ешқандай айыбы жоқ. Тек әсіре сілтеп шамадан шығып кетпесек екен дегендік қой менікі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button