ЖаңалықтарСпорт

«АҚТӨБЕ»-«ДИНАМО» (Тбилиси) — 3:0 Ойлағаның осылай орындала берсе, қанеки!

Ақтөбелік, әрине, жалпы қазақстандық жанкүйерлер, «Ақтөбенің» УЕФА Чемпиондар Лигасы ойындарының келесі, 3-ші кезеңіне шығатынына негізінен сенімді болғаны рас. Бірақ жерлестеріміз қонақтарды тап мұндай ірі есеппен ұтатындығын, оның үстіне екі голды запастан қосылған ойыншылар соғатынын болжау қиын еді.

Кеше Орталық стадионда өткен 2-кезеңнің қарымта кездесуінің бірінші таймында ойыншылар тепе-тең өтті дерліктей қимыл көрсетті. Рас, ойынның 52 пайызында доп тбилисиліктердің иелігінде болды. Оның есесіне екінші таймның орта шенінен бастап ақтөбеліктер стадион толы жанкүйерлердің сенімдерін ақтауға бел шеше кірісті. Әуелі 75-минутта Марат Хайруллин тамаша тастаған пасты Алексей Антонов аяғының ұшымен қақпаға мінсіз бағыттай салып, Георгий Лорияға сан соқтырды. Бұдан соң сол Антоновтың орнына 81-минутта шыққан Игорь Зенькович 82-минутта Маркос Пиззеллидің икемді тастаған пасын жібек торға және сүңгітіп жіберді. Ойынға 86-минутта тыңнан қосылған Абат Айымбетов төреші қосқан уақытта, 95-минутта шалт қимыл көрсетіп, ірі есептің нүктесін қойды.

Тбилисиде, 16 шілдеде 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Ақтөбе» осылайша келесі кезеңге аса сенімді қадам басты.

«Ақтөбе»-«Динамо» (Тбилиси) — 3:0
Гол авторлары:
Алексей Антонов 75-минут (1:0); Игорь Зенькович, 82-минут (2:0); Абат Айымбетов, 95-минут (3:0).
«Ақтөбе» командасынан 15 минутта А.Антонов; 45+2 минутта А. Мулдаров ескерту қағазын алды. «Динамо» командасында ескерту қағазын алғандар саны —бесеу.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Дмитрий Мирошниченко, Роберт Арзуманян, Андерсон Сантана, Тарас Царикаев, Маркос Пиззелли (Асхат Тағыберген, 83-минут), Марат Хайруллин, Валерий Коробкин, Данило Неко (Абат Айымбетов, 86-минут), Алексей Антонов (Игорь Зенькович, 81-минут).

«Ақтөбе» 29-30 шілде (бірінші ойын) мен 5-6 тамыз (қарымта кездесу ) күндері өтетін келесі 3-кезеңде «Стремсгодест» (Норвегия) және «Стяуа» (Румыния) жұбының жеңімпазымен ойнайтын болады. Ал «Стяуаның» Еуропа кубоктарында талай рет ойнап, мол тәжірибе жинақтаған команда екенін бұдан бұрын тарқатып айтқан болатынбыз.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button