Спорт

Жеңіліссіз кезеңнің жалғасы

УЕФА

 Кейінгіні көре жатармыз (көрмегенде қайда барамыз), УЕФА Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының алғашқы ойындарын қазақстандық командалар өте сәтті өткізді.

Мұны мынандай мысалмен дәлелдейік. Өткен 10 кездесуде  («Ақтөбе» додаға 2-ші іріктеу кезеңінен бастап қатысқандықтан бір кездесу ғана өткізгендігін қаперіңізге саламыз) Қазақстан командалары 7 жеңіске ие болып, 3 ойынды тең аяқтады да, 2,125 балл жинады. Сөйтіп бұл есеп бойынша бірінші орынға шықты. Бізден соң Лихтенштейн (2,000 балл) және Ирландия (1,750 балл) келе жатыр. Бұл, әрине, қазірге дейінгі ғана мақтаныш. Ал бізді бұдан әрі не күтіп тұр?

«АҚТӨБЕ» Тбилисиде өткізген Чемпиондар Лигасының 2-ші іріктеу кезеңінің бірінші кездесуінде 1:0 есебімен таза жеңіске жетті. 51-минутта сол қанаттан Марат Хайруллин лақтырған допты Андерсон Сантана дереу айып алаңына қарай асырды да, сол тұстан Данило Неко суырыла ұмтылып, допты баспен соғып, қақпашыны қапы қалдырды. Бұдан соң грузиндердің белсенді түрде шабуылға көшкені де түсінікті. Бірақ қорғаушыларымыздың негізінен қатесіз қимылдары мен Андрей Сидельниковтің тамаша ойыны қолайлы есепті сақтап қалды. Қос таймның 53 пайызында допқа иелік еткен ақтөбеліктер енді жанкүйерлерін тағы да қуантатын-ақ шығар. Тек төрт бірдей ойыншымыздың ескерту қағаз алып қалғаны көңілге селкеу түсіргенін жасыруға болмас. Бұдан кейінгі кездесулерде осы осалдықтар опындыруы мүмкін.

«Динамо» (Тбилиси, Грузия)-«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — 0:1

Гол авторы: Данило Неко, 51-минут.

Ескерту қағазын алғандар: Радек Досоудил, 59-минут  — Тарас Царикаев, 49-минут, Марат Хайруллин, 55-минут, Юрий Логвиненко, 61-минут, Андерсон Сантана, 83-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Дмитрий Мирошниченко, Роберт Арзуманян, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Тарас Царикаев, Маркос Пиззелли (Игорь Зенькович, 61-минут), Марат Хайруллин, Валерий Коробкин, Данило Неко (Павел Шабалин, 81-минут), Алексей Антонов (Тимур Кападзе, 72-минут).

Бас төреші: Павел Рачковски (Польша).

16 шілде. Тбилиси. «Динамо-Арена».

«Ақтөбе» екі кездесудің қорытындысы бойынша (қарымта кездесу 23 шілде күні Ақтөбе қаласында өтеді) 3-ші іріктеу кезеңіне шығар болса (солай болатынына сенгіміз келеді), Румынияның «Стяуа» немесе Норвегияның «Стремсгодест» командаларының біреуімен кездеспек. Әрине, бірінші ойында сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Стяуа» Еуропадағы белгілі клубтардың бірі, Еуропа чемпиондары Кубогының жеңімпазы (1986). Бұл команда соңғы жылдары негізінен топтық кезеңдерде тұрақты түрде ойнап жүр. Мысалы, өткен жылы Македония, Грузия және Польша чемпиондарын жеңіп, топтық кезеңде «Базель» (Швейцария), «Шальке» (Германия) және «Челси» (Англия) командаларымен ойнады. Рас, бар-жоғы 3 ұпай жинап, соңғы орында тұрақтады. Дегенмен бұл ретте Марат Хайруллиннің «Біз турист емеспіз. Норвегияға барамыз ба, әлде Румынияға жол түсе ме, бізге бәрібір» деген сөзіне ден қоя тұралық.

«ШАХТЕР» 1-ші іріктеу кезеңінде (Еуропа Лигасы) Арменияның «Ширак» командасын екі рет жеңіп (2:1, 4:0) бір қуантса, 2-ші кезеңнің бірінші ойынында сырт алаңда Литваның «Атлантас» командасымен тең ойнап (0:0) және үміт отын маздатты. 3-ші кезеңге шығатыны онша күдік тудырмайтын қарағандылықтарды бірінші кездесуде сырт алаңда Ирландияның «Дандолк» командасын 2:0 есебімен жеңген «Хайдук» (Хорватия) күтіп тұруы әбден мүмкін.

«АСТАНА» 1-ші кезеңде (Еуропа Лигасы) тағы бір армениялық команданы («Ширакты») сенімді жеңгеніне (4:1, 2:0) қоса, 2-ші кезеңнің бірінші ойынын да табысты өткізді, өз алаңында Израильдің мығым командасын («Хапоэль», Тель-Авив) ойсырата жеңді — 3:0. Енді Израильдегі саяси қауіпті жағдайға байланысты Кипрде өтетін қарымта кездесуден соң 3-ші кезеңге шыға қалған жағдайда олар «Линфильд» (Солтүстік Ирландия) немесе «АИК» (Швеция) жұбының жеңімпазымен күш сынасады. Алғашқы кездесуде «Линфильд» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

«ҚАЙРАТ» та 1-ші кезеңде (Еуропа Лигасы) Албанияның «Кукес» командасынан басым (1:0, 0:0) болды да, 2-ші кезеңнің бірінші кездесуінде өз алаңында даниялық «Эсьбергпен» тең (1:1) түсті. Бұл жұптың жеңімпазын Польшаның «Рух» немес Лихенштейннің «Вадуц» командаларының бірі күтеді. Алғашқы кездесуде 3:2 есебімен өз алаңында «Рух» жеңді.

Еуропа Лигасының 2-ші іріктеу кезеңінің қарымта кездесулері 24 шілде күні өтеді.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button