Спорт

Дүбірлі дода қалай аяқталды?

Сонымен дүбірлі дода да аяқталды.

Жанкүйерлердің есінен кетпестей ірі жеңістер мен жеңілістер болды: Германия-Бразилия — 7:1; Голландия-Испания — 5:1; Германия-Португалия — 4:0, Голландия-Бразилия — 3:0.

Оның есесіне 1/8 финалдағы екі ойынның (Бразилия-Чили; Коста-Рика — Грекия), ширек финалдағы (Голландия — Коста-Рика) және жартылай финалдағы (Голландия-Аргентина) бір-бір ойынның жеңімпаздары пенальти арқылы анықталды.

Келесі, 2018 жылғы ХХІ чемпионаттың финалдық кезеңі Ресейде өтпекші.

 

Екінші сенім

 

Әңгімені басынан бастасақ, Бразилия әлем чемпионатының финалдық кезеңін өз елінде екінші рет (бірінші рет 1950 жылы) өткізген бесінші мемлекет.

Бұдан бұрын мұндай мүмкіндікке Мексика, Италия, Франция және Германия ие болған еді.

 

64 кездесу

 

Чемпионатта барлығы 64 кездесу өткізіліп, қақпаларға 171 гол енгізілді.

Әр ойында орта есеппен 2,67 гол соғылды.

 

Еуропаның қуанышы

 

Еуропалық клуб Америкада өткен чемпионатта алғаш рет жеңімпаз атанды. Бұл — бір.

Екіншіден, еуропалық командалар қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының алтын жүлдесін иемденді.

 

Оза шапқандар

 

Германия құрамасы төртінші рет чемпион атанды — 1954, 1974, 1990, 2014. бұған төрт рет финалда жеңіліс тапқанын да қоса айтқан мақұл — 1966, 1982, 1986, 2002.

Екі рет чемпион болған (1978, 1986) Аргентина құрамасының осымен екінші рет финалда жолы болмады — 1990, 2014.

Чемпион бола алмай келе жатқан, үш рет финалда сүрінген (1974, 1978, 2010) Голландия құрамасы бұл жолы үшінші орынмен қанағаттануға мәжбүр болды.

Бес дүркін чемпион (1958, 1962, 1970, 1994, 2002) Бразилия құрамасын өз территориясында өткен екінші дода да шаттандыра алмады. 1950 жылы олар күміс жүлдеге иек артса, бұл жолы төртінші орынға әзер тұяқ іліктірді. Және бір сорақылығы, соңғы екі ойынның жалпы есебін 1:10 есебіне дейін құлдыратты: немістер 7 гол, голландиялықтар жауапсыз 3 гол соқты.

 

Сыйлық қоры

 

Сыйлық қоры бұл чемпионатта төмендегідей болды:

1-орын — 35 миллион доллар, 2-орын — 25 миллион доллар, 3-орын — 22 миллион доллар, 4-орын — 20 миллион доллар.

Ширек финалға жеткен құрамаларға 14 миллион доллардан берілсе, 1/8 финалда ойнағандар 9 миллион долларға ие болды.

Ал топтық кезеңнен аса алмаған әр құрама 8 миллион доллармен қанағаттанды.

 

Үздіктер

 

Чемпионаттың ең үздік сұрмергені (6 гол) — колумбиялық Хамес Родригес. Германиялық Томас Мюллер 5 гол авторы атанса, аргентиналық Лионель Месси, бразилиялық Неймар, голландиялық Робин ван Перси 4 голдан соқты.

ФИФА чемпионаттан соң Бразилия додасының ең үздік ойыншыларын анықтады.

«Алтын қолғап» германиялық қақпашы Мануэль Нойерге берілді. Ол 7 кездесуде қақпасына 4 гол ғана жіберді.

Ал үздік ойыншы ретінде аргентиналық Лионель Месси аталды.

Францияның жартылай қорғаушысы Поль Погба чемпионаттың ең үздік жас ойыншысы ретінде марапатталды.

«Адал ойыны үшін» жүлдесі ширек финалға дейін жеткен, бес кездесуде бес «сары қағаз» алған, бірақ бірде-бір «қызыл қағаз» көрсетілмеген Колумбия құрамасына берілді.

Бірер сөз Месси туралы. Егер Германияның жартылай қорғаушысы Бастиан Швайнштайгердің Месси бұл чемпионатта үздік футболшы бола алмағаны туралы пікірін бәсекелестің әншейін айта салған сөзіне баласақ, аңызға айналған аргентиналық Диего Марадонаның мына наразы әңгімесіне тіпті де назар аудармасқа болмайды: «Маркетингтік қызмет оған (Мессиге) еңбегі сіңбеген сыйлықты берді, мұны әділ шешім деуге болмайды. Мен оның сол марапатты алуға барғысы келмей тұрғанын өз көзіммен көрдім».

 

Үлгілер

 

Ресми үздіктер жарияланғанымен бірақатар ақпарат көздері, мысалы, «Футбол на куличках» интернет-порталы, шын үздіктер туралы басқаша көзқарастарын білдірді.

Криштиан Роналду, Стивен Джеррард, Андреа Пирло, Уэйн Руни, Яя Туре, Андрес Иниеста, Неймар, тіпті Месси де бұл чемпионатта жанкүйерлер күткендей ойын өрнегін көрсете алмады. Жарқылдап көзге түскендер басқалар.

Мысалы, лыпыл қағып, талай қиынды қиыстырған, Зинетдин Зиданның көшірмесіндей болған голландиялық Арьен Роббенді қайда қоясыз?!

Үздік қақпашы неміс Нойер емес, қақпасын соншама көп голдан арашалап қалған, чемпионатта бұлай қимылдау әріптестерінің түсіне де кірмеген Коста-Рика қақпашысы Кейлор Навас емес пе еді?! Голландиялық Яспер Силлессен, мексикалық Гильермо Очоа, аргентиналық Серхио Ромероны атамай өтуге бола ма?

«Реалдың» шабуылшысы, аргентиналық Анхель Ди Мария жарақатына байланысты ойыннан мерзімінен бұрын шығып қалмағанда алтын медальдің тағдыры қалай шешілер еді?

Бұл чемпионаттың басты жаңалықтарының бірі, әрине, сұрмерген Хамес Родригес.
Клозенің рекорды

 

Германия құрамасының 36 жастағы шабуылшысы Мирослав Клозе барлық чемпионаттарда соққан голын 16-ға жеткізіп, рекорд жасады, бразилиялық Роналдоны (15 гол) басып озды. Бұл — бір.

Екіншіден, Мирослав Клозе қатарынан өткен төрт чемпионаттың барлық медальдарына ие болған әлемдегі алғашқы футболшы. 2002 жылы Германия құрамасы күміс жүлде иегері болса, одан соңғы екі чемпионатта (2004, 2010) екі рет үшінші орын алған болатын. Міне, Клозенің қоржынына осылайша алтын медаль да түсті.

 

Коста-Рика құрамасының ерлігі

 

Бұл чемпионатың «жаңалығы» — Коста-Рика құрамасы.

Танымал «William Hill» кеңсесінің коэффициенттері бойынша ең соңғы, 32 орынға жайғасқан Коста-Риканың алдында, басқаларды айтпағанда, Гондурас, Алжир, Камерун, Иран құрамалары тұрып еді. Топтық кезеңде Уругавай (3:1) мен Италияны (1:0) жеңіп, Англиямен тең ойнаған (0:0) коста-рикалықтар, 1/8 финалда негізгі, қосымша уақытта Грекиямен тең ойнап (1:1), пенальти есебімен (5:3) жеңіске жетсе, ширек финалда есеп ашылмаған күйде (0:0) Голландиядан пенальти бойынша (3:4) ғана жеңілді. Әлемдегі сегіз мықты құраманың сапына енген бұл елдің футболшыларын осы чемпионаттағы кездесулердің негізгі уақытында жеңіліске ұшырамаған құрама ретінде санауға әбден болады.

Бұл ретте Англия, Италия, Португалия мен Испания құрамаларының топтық кезеңнен аса қалмай қалғанын да еске түсірген жөн.

 

Көрші елден шыққан төреші

 

36 жастағы ташкенттік Равшан Сайфиддинұлы Ирматов бұрынғы КСРО елдерінен осы чемпионатқа шақырылған жалғыз төреші.

Ол төрт кездесуге қазылық жасады: топтық кезеңде Швейцария-Эквадор, Мексика-Хорватия, АҚШ-Германия ойындарына төрешілік етсе, ширек финалда Голландия — Коста-Рика ойынын тиісті дәрежеде өткізді.

Бұл ол қатысқан екінші чемпионат. Р.Ирматов 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен чемпионаттың алғашқы кездесуіне — Оңтүстік Африка Республикасы мен Мексика құрамаларының ойынына төрелік еткен болатын. Және сол чемпионатта Англия-Алжир, Грекия-Аргентина, Германия-Аргентина кездесулерін, сондай-ақ жартылай финалда Уругвай-Голландия ойынын талап деңгейінде өткізген еді. Р.Ирматов бір чемпионатта 5 кездесуге төрелік еткен әлемдегі үшінші төреші.

 

Елде қалғандар

 

Бұл чемпионатқа жарақат алып қалуларына байланысты Франк Рибери (Франция), Виктор Валдес (Испания), Марко Ройс (Германия), Рафаэль ван дер Варт (Голландия), Ридамель Фалькао (Бразилия) тәрізді ең кемі жиырма шақты белгілі футболшылар қатыса алмады. Чемпионат барысында кей жағдайларда осылардың орындары ойсырап тұрғаны да байқалды.

 

Премьер-Лига

 

Бір турдан соң қайта оралған бірінші орын

 

11, 12, 13 шілде күндері өткен 20-турдан соң көш басына бір апталық үзілістен кейін қайтадан «Ақтөбе» шықты. Ал сырт алаңда жеңіске жеткен қос команда — «Ордабасы» мен «Қайсар» бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа ілігуге мықты негіз жасап қойды, қалған екі турда бұларға бір тең ойын жетіп жатыр. Көш соңында келе жатқан «Спартак» «Астанамен» тең ойнады.
Бұл турда, 11 шілде күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тобылды» қабылдады. Екі команданың алдында маңызды екі міндет тұрды. Ақтөбеліктер 19-турдағы дәрменсіз ұтылыстан соң (1:7), оны былай қойғанда, қатарынан алты турға созылған жеңіссіз кездесулерден кейін жанкүйерлер алдында қалай да ақталуы керек еді. Ал қостанайлықтар алғашқы алтылыққа ілуге үміттендіретін қадам жасауы қажет болатын. Бұл ретте «Ақтөбенің» жұлдызы жанды.

Рас, әуелі біздің қақпамызға Томас Шимкович 5-минутта шапшаң гол соқты — 0:1. Шамданған алаң иелері дереу шабуылға көшіп, «Тобылдың» қақпашысы Александр Петуховты жиі мазалай бастады. Дегенмен Алексей Антоновтың соққан голы ереже бұзылғандықтан есепке алынбады. Маркос Пиззеллидің жөнелткен добы діңгекке тиіп кері қайтты. Тек 43-минутта ғана Юрий Логвиненко сол қанаттан берілген допты баспен соғып, жібек торға сүңгітіп жіберді — 1:1.

Екінші таймда да тізгінді негізінен ақтөбеліктер ұстады, қонақтар жаңылысуды көбейтті. 58-минутта Игорь Зенькович өкшесімен тастай салған тамаша пасты Алексей Антонов голға айналдырды — 2:1. Көп ұзамай, 62-минутта Игорьдың өзі бұрыштамадан берілген допқа елден бұрын жетіп, қонақ қақпашы мен қорғаушыларды және қапы қалдырды — 3:1.

Осылайша «Ақтөбе» бір апта бұрын айрылып қалған бірінші орнын қайтып алды да, «Тобыл» бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа ілігу мүмкіндігінен біржола айрылды.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 3:1.
Гол авторлары: Томас Шимкович, 5-минут (0:1), Юрий Логвиненко, 43-минут (1:1), Алексей Антонов, 58-минут (2:1), Игорь Зенькович, 62-минут (3:1).

11 шілде. Ақтөбе. Орталық стадион. 10 000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Алмат Бекбаев (қақпашы), Алексей Мулдаров, Тарас Царикаев, Дмитрий Мирошниченко, Маркос Пиззелли (Павел Шабалин, 77-минут), Данило Неко, Валерий Коробкин, Юрий Логвиненко (капитан), Игорь Зенькович (Абат Айымбетов, 84-минут), Тимур Кападзе (Асхат Тағыберген, 70-минут), Алексей Антонов.

*   *   *

Басқа кездесулер:
«Шахтер»-«Қайрат» — 1:0.

Гол авторы: Михрет Топчагич, 21-минут (1:0).

«Спартак»-«Астана» — 1:1.

Гол авторлары: Даниэл Пеев, 42-минут (1:0); Горан  Обрадович, автогол, 81-минут (1:1).

«Атырау»-«Қайсар» — 1:3.

Гол авторлары: Римо Хунт, 8-минут (0:1); Милош Трифунович, пенальти, 44-минут (1:1); Мамуту Кулибали, 73-минут (1:2); Римо Хунт, 89-минут (1:3).

«Жетісу»-«Ордабасы» — 0:1.

Гол авторы: Артем Касьянов, 63-минут (0:1)

«Тараз»-«Ертіс» — 5:1.

Гол авторлары: Мұрат Тілешев, 16-минут (1:0); Альмир Мухутдинов, 36-минут (1:1); Мұрат Тілешев, 40-минут (2:1); Жақып Қожамберді, 74-минут (3:1); Корнелис  Уббинк, 80-минут (4:1); Олександр Яровенко, 90+1 минут (5:1).

*   *   *

 

Екі футболшы (Мұрат Тілешев, «Тараз»; Римо Хунт, «Қайсар») бір турда екі голдан соқты.

Горан Обрадович («Спартак») өз қақпасына гол соғып алды.

Милош Трифунович («Атырау») он бір метрлік айып добын сәтті орындады.

5:1 есебі чемпионат басталғалы екінші рет тіркелді. Бұл жолы мықтылық көрсеткен «Тараз» 29 наурызда өткен 3-турда өз алаңында «Шахтерден» дәл осындай есеппен ұтылып қалған болатын.

20-тур ойындарын 25 600 адам тамашалады. Ең көп жанкүйер «Ақтөбе»-«Тобыл» кездесуіне келді — 10 000 адам. «Тараз»-«Ертіс» ойынына ең аз жанкүйер жиналды — 1 100 адам.

Чемпионат басталғалы осымен 120 кездесу өткізілді, қақпаға енген голдар саны — 281, әр кездесуде орта есеппен 2,34 гол соғылды. 63 рет алаң иелері жеңсе, 27 рет қонақтар ұтты, тең ойындар — 30. Қазірге дейін ең көп қайталанған (37) есеп — 1:0.

Мергендер көшін 9 доппен (4-еуі пенальтиден соғылған) Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 4 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

«Ақтөбе» өз алаңында 10 кездесу өткізді: 7 рет жеңіп, 3 рет тең ойнады, 20 гол соқты, өз қақпасына 3 гол енгізді, 21 ұпай жинады. Сырт алаңда 10 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 3 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 11 гол соғып, өз қақпасына 13 доп жіберіп алды, 15 ұпай жинады.

«Ақтөбенің» жаңа бас бапкері туралы бірер сөз.

Владимир Валерьевич Газзаев — шабуылшы, футбол бапкері. Белгілі футболшы әрі жаттықтырушы Валерий Газзаевтың ұлы. Осетияның Орджоникидзе қаласында 1980 жылы 1 шілдеде дүниеге келген. Футболшы есебінде аса көзге түсе қоймаған, Ресейдің төменгі дивизонында екі жылдай (1997-1998) ойнаған. Басты жетістіктері — 2010/2011 ж.ж. «Алания» командасын Ресей Кубогының финалына дейін жеткізген. 2011/2012 ж.ж. «Аланияны» бірінші дивизоннан Премьер-Лига тобына шығарған.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе      20       11       6          3          31-16  39 

2 Қайрат      20       11       3          6          34-19  36

3 Шахтер     20       11       2          7          31-23  35

4 Астана       20       9          8          3          31-17  35

5 Ордабасы 20       9          4          7          21-20  31

6 Қайсар       20       8          7          5          22-21  31

7 Жетісу        20       7          4          9          15-18  25

8 Атырау       20       6          6          8          19-21  24

9 Тобыл         20       5          8          7          19-27  23

10 Ертіс        20       6          4          10       25-32  22

11 Тараз       20       5          3          12       20-31  18

12 Спартак   20       2          5          13       13-36  11

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

 

26 шілде күні, сенбіде «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіспен» кездеседі.

Бірінші айналымда өз алаңымызда 3:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Гол авторлары: М.Хайруллин, М.Пиззелли, А.Гейнрих

26 шілде, сенбі:

«Ордабасы» — «Тараз»
«Қайсар» — «Жетісу»

27 шілде, жексенбі:
«Қайрат» — «Спартак»
«Тобыл» — «Шахтер»
«Астана» — «Атырау»

 

Екінші кезең. Үш команда

 

Бүгін Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінің ойындары өтеді. Бірінші кезеңді Қазақстан командалары сәтті аяқтағаны белгілі.

«Шахтер» командасы «Ширакты» өз алаңында 4:0 есебімен ұтса, Арменияда 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қарағандылықтардың ендігі қарсыласы — Литваның «Атлантас» командасы. Алғашқы ойын сырт алаңда өтпекші.

Бірінші кезеңде армениялықтарды «Астана» да мықтап «өкпелетті». «Пюник» клубымен күш сынасқан олар Астанадағы ойынды 4:1 есебімен қорытындыласа, сырт алаңда жауапсыз қос гол соқты — 2:0. Екінші кезеңдегі алғашқы ойынын «Астана» да сырт алаңда өткізуге тиіс еді. Бірақ Израильдегі шиеленісті саяси жағдайларға байланысты «Хапоэль» (Тель-Авив) командасымен болатын бірінші кездесуді УЕФА «Астанаға» ауыстырды.

Бірінші кезеңде отандастарынан гөрі сәл алыстау сапар шеккен «Қайрат» та қазақстандық жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Алматыда Албанияның «Кукеси» командасын 1:0 есебімен ұтқан олар сырт алаңда тең ойнады — 0:0. Екінші кезеңдегі бірінші кездесуін өз алаңында өткізетін «Қайрат» Данияның «Эсбьерг» командасын қабылдайды.

Алғашқы ойындар бүгін, 17 шілдеде, ал қарымта кездесулер 24 шілдеде өткізілетінін еске саламыз.

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button