Спорт

Белу-оризонти қаласы: 1:7

Бразилия ұлттық құрамасының бұл додада чемпион болуы немесе болмауы мүмкін екендігі туралы талай болжамдар айтылғаны рас. Бірақ 9 шілде күні, жартылай финалда 1:7 есебімен ұтылатындығына қатысты ешкім сәуегейлік айта қоймаған шығар.

11-29 минуттар аралығында, яғни 18 минут ішінде немістер соққан бес гол даңқты құраманы есеңгіретіп тастады. Ал екінші таймда Андре Шюрлле соққан және екі гол сан жылдап жинаған абыройдан түк қалдырмады. Мәселе тіпті де Бразилияның чемпиондық тәжге қолы жетпей қалатындығында емес, мәселе 7:1 болып таңбаланған осы ойын есебінде тұр. Мұның қасында Испанияның Голландиядан 5:1 есебімен ұтылуы да шүкіршілік тәрізді екен.

Бұл чемпионаттың ірі сенсациясы ретінде Бразилия мен Германия құрамалары арасындағы осы есепті атауға болар. Англия мен Италияның, Португалияның, тіпті Испанияның да топтық кезеңнен аспай қалуы мұның қасында кешірімді оқиға тәрізді көрініп тұрған жайы бар.

Міне, осы аталған бес құрамаға қатысты осындай жағдайлардан басқа бұл ХХ әлем чемпионатында ерекше таңғаларлық оқиғалар бола да қоймаған секілді. Олай дейтініміз, 1/8 финалға екі-ақ құрама — Грекия мен Алжир ғана алғаш рет шықты, қалған 14 құрама бұл сатыға бұрын да табан тигізіп дағдыланғандар. Сол сияқты ¼ финалға да екі команда тұңғыш рет аяқ басты: Колумбия мен Коста-Рика. Қалған алтауы — көз үйренген кәнігі тарландар.

Тағы бір айта кетер жайт, 1/8 және ¼ финалдағы ойындардың қорытындылары аса нәтижелі бола қоймады. Есептер 1:0, 2:1 болып келіп, екі-ақ рет 2:0 есебі тіркелуі, 3 ойынның жеңімпазы пенальтилер арқылы анықталуы бұл доданың голға сараңдығының бір белгісі ретінде есте қалатын тәрізді.

Сонымен, 1-4 орындар үшін болатын сынға таныс сайдың тасындай атақтылар ғана қалды:

5 дүркін чемпион (биыл алтыншы рет чемпион бола алмайтын), 2 рет финалдық ойында сүрінген Бразилия құрамасы;

3 дүркін чемпион, финалда 4 рет жолы болмаған Германия құрамасы;

2 рет чемпион болып, 1 рет финалда жеңілген Аргентина құрамасы;

Чемпиондық бұйырмай келе жатқан, 3 рет финалдық ойындарда (1974, 1978, 2010) опынып қалған Голландия құрамасы.

Айтпақшы, Бразилия құрамасымен кездесуде 23-минутта қақпа торын бүлк еткізген 36 жастағы неміс Мирослав Клозе әлем чемпионаттарындағы соққан голдарының санын 16-ға жеткізіп, бразилиялық Роналдодан озып кетті.

 

Премьер-Лига

 

Алматы қаласы: 7:1

 

5-6 шілде күндері өткен 19-турдан соң көш басына «Қайрат» шықты. Топ бастайтын серкелікке лайық «Ақтөбе» мен «Шахтер» ірі есептермен ұтылды. Жеңіске жеткен, ендігі үш ойынның соңғы екеуін өз алаңында өткізетін «Ордабасы» алғашқы алтылыққа енуге зор мүмкіндігі бар екендігін аңғартты.
Бұл турда «Ақтөбе» Алматыға барған болатын.

Соңғы бес тур бойы жеңіс дәмін тата алмай жүрген жерлестеріміз бұл күні одан әрі шегіншектеп, «Қайраттан» шектен тыс ойсырай жеңілді. Шектен тыс болатын себебі, биыл ауыз толтырып айтарлықтай дерлік 5:0 есебі екі рет тіркелген еді және сол екеуінде де көш соңында келе жатқан «Спартак» бармақ тістеген. Ал 7:1 есебі тым сорақы болды. Және жеңілген кім? «Ақтөбе». Кінәлі кім? Ойыншылар ма әлде отставкаға кеткен бас бапкер Владимир Никитенко ма? Ал иек астында УЕФА Чемпиондар Лигасының ойындары күтіп тұр. Мейлі, Тбилисидің «Динамосының» басында қазір баяғы даңқ жоқ шығар. Бірақ бұлайша дәрменсіз қимылдасақ, грузиндерді тоқтата алар ма екенбіз?!

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 7:1.
Гол авторлары: Жерар Гоу, 8-минут (1:0), Йосип Кнежевич, 25-минут (2:0), Зәуірбек Плиев 46-минут (3:0), Бауыржан Исламхан, 52-минут (4:0), Йосип Кнежевич, 56-минут, пенальти (5:0), Жерар Гоу, 76-минут (6:0), Жерар Гоу, 83-минут (7:0), Алексей Антонов, 87-минут (7:1).

Алматы. Орталық стадион. 12 000 адам.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Марат Хайруллин, Роберт Арзуманян (Тарас Царикаев, 41-минут), Асхат Тағыберген, Павел Шабалин (Абат Айымбетов, 63-минут), Евгений Левин, Валерий Коробкин, Юрий Логвиненко, Тимур Кападзе (Игорь Зенькович, 46-минут), Алексей Антонов.

*   *   *

Басқа кездесулер:
«Астана»-«Шахтер» — 4:0.
«Ордабасы»-«Атырау» — 1:0.
«Қайсар»-«Спартак» — 1:1.
«Жетісу»-«Тараз» — 1:0.
«Тобыл»-«Ертіс» — 1:1.
Чемпионат басталғалы осымен 114 кездесу өткізілді, қақпаға енген голдар саны — 263, әр кездесуде орта есеппен 2,31 гол соғылды. 60 рет алаң иелері жеңсе, 25 рет қонақтар ұтты, тең ойындар — 29. Қазірге дейін ең көп қайталанған (35) есеп — 1:0.

Мергендер көшін 8 доппен Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 5 доп (2-еуі пенальтиден);

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 4 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы), Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

«Ақтөбе» өз алаңында 9 кездесу өткізді: 6 рет жеңіп, 3 рет тең ойнады, 17 гол соқты, өз қақпасына 2 гол енгізді, 21 ұпай жинады. Сырт алаңда 10 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 3 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 11 гол соғып, өз қақпасына 13 доп жіберіп алды, 15 ұпай жинады.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Қайрат      19       11       3          5          34-18  36 

2 Ақтөбе      19       10       6          3          28-15  36

3 Астана      19       9          7          3          30-16  34

4 Шахтер      19       10       2          7          30-23  32

5 Ордабасы 19       8          4          7          20-20  28

6 Қайсар       19       7          7          5          19-20  28

7 Жетісу        19       7          4          8          15-17  25

8 Атырау      19       6          6          7          18-18  24

9 Тобыл        19       5          8          6          18-24  23

10 Ертіс        19       6          4          9          24-27  22

11 Тараз       19       4          3          12       15-30  15

12 Спартак   19       2          4          13       12-35  10

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

 

11 шілде күні, жұмада «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тобылды» қабылдайды.

Бірінші айналымда Қостанайда 2:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Гол авторлары: Д.Неко, Т.Кападзе.

12 шілде, сенбі:

«Тараз» — «Ертіс»
«Жетісу» — «Ордабасы»

13 шілде, жексенбі:
«Спартак» — «Астана»
«Атырау» — «Қайсар»
«Шахтер» — «Қайрат»

 

Кездесер кезең келді

 

Келесі аптада «Ақтөбе» УЕФА Чемпиондар Лигасындағы ойындарға екінші іріктеу кезеңінен бастап қатысады.

Тбилисидің «Динамо» командасымен болатын алғашқы кездесу 16 шілде, сәрсенбі күні, Ақтөбе уақыты бойынша 22.00-де Тбилиси қаласындағы Брис Пайчадзе атындағы «Динамо-Аренада» басталады.

Ал қарымта ойын 23 шілде, сәрсенбі күні Ақтөбеде жергілікті уақытпен 20.00-де басталуға тиіс.

Әрідегі, КСРО заманындағы жетістіктері баршаға мәлім «Динамоның» соңғы бес жылдағы жетістіктеріне ғана тоқталсақ, бұл кезеңде команда екі рет ел чемпионы болып, үш рет күміс жүлдемен қанағаттанды, үш рет ел Кубогын иемденді, бір рет Суперкубокқа қол жеткізді.

Өткен жылы тбилисиліктер Чемпиондар Лигасының осындай екінші іріктеу кезеңінде Фарер аралдарының «ЭБ/Стреймур» командасын оңай жеңгенімен (6:1; 3:1), үшінші кезеңде жолыққан Румынияның «Стяуасын» еңсере алмады (0:2; 1:1).

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button