Спорт

Ауыл жастары — алаңда

3-6 шілде аралығында Хромтау ауданының орталығында облыстық  жасөспірімдердің ІІ жазғы спорт ауыл ойындары өтті. 1997-1999  жылғы жасөспірімдер арасында өткізілген мұндай шара облыста төрт жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл шараға Ақтөбе қаласы мен аудандардан 600-ден астам ойыншы қатысып, спорттың 6 түрінен (волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, асық ату, үстел теннисі, тоғызқұмалақ) өзара сынға түсті. 

Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсіміне Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Асылбек Құлмағанбетов,  «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен спортшылар, аудан тұрғындары қатысты.

 

Жүлде қоры — жолдама

 

Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімі аудандық орталық стадионда  болды. Мерекелік шарада Аязбай Османғалиев пен Асылбек Құлмағанбетовтер құттықтау сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, оған мейлінше көңіл бөлу турасында алдымызға үлкен міндет жүктеген болатын. Жазғы спорт түрлеріне арналған  ауыл ойындары Президенттің осындай тапсырмаларының бірін жүзеге асыру мақсатында өткізіліп жатыр. Бұл — республикалық ойынға іріктеу жарысы. Ойынға барлық ауданнан және Ақтөбе қаласынан 600-ден астам адам қатысып отыр.   Мақсат — спорттық ойындарда ауылдан шыққан талантты жастарды іріктеу. Облыстық жарыстың жеңімпаздары биыл тамыз айының басында Тараз қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алады. Көптеген олимпиада, әлем чемпиондары спорттағы алғашқы қадамдарын осындай кішігірім жарыстардан бастап, қабілет-қарымдарын байқатып, кейін үлкен додаларға қатысуға жолдама алған жандар. Сондықтан жарысқа келген жастарымызға  сенім артып,  сәттілік тілеймін, — деді А.Құлмағанбетов.

 

Төрт залдағы ойын

 

Распай Молдағалиев, Ақтөбе облысы бойынша волейболдан аға төреші:

Ауыл ойындарына арналған жарыста волейболдан төрт залда ойын ұйымдастырылды. Алғашқы ойын  тау-кен техникалық колледжінің спорт залында өтті. Мұнда хромтаулық және Ырғыз ауданынан келген қыздар арасындағы құрама команданың ойыншылары өнер көрсетті. Екі команданың да жарысқа тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. 

Спорт сүйер қауымға ойынды далада тамашалауға болар еді. Дегенмен, әзірге аудан орталығында волейбол ойындары үшін арнайы алаң жоқ. Сондықтан ойыншыларға жабық залда ойнауға тура келді.

Жарыста волейболдан 12 команда ер балалар, 11 команда қыз балалар арасында ойындар өтті. Командалардың дайындығы әртүрлі болды.

Жыл сайын жастардың  волейболға деген  қызығушылығы артып келеді. Жалпы, ауыл жастары волейболға қатты қызығушылық танытады әрі жақсы ойнайды. Ал қала жастарының дені футболды қызықтайды.

Ақтолқын Құрманова, Хромтау ауданы құрама командасының волейбол ойыншысы:

— Ырғыздан келген команданы 2:0 есебімен ұттық.  Қарсылас команданы жеңу бізге оңай болған жоқ. Ырғыздық команданың қыздары өздерінің мықтылығын байқатты.

Өзім Хромтау қаласындағы №5 орта мектептің 10-сыныбында оқимын. Бес жылдан бері волейбол секциясында жаттығып, өзімнің шеберлігімді шыңдап жүрмін. Хромтаулық құрама команданың сапында жүріп біз көптеген жарыстарда жеңіске қол жеткіздік.

 

Алаңдарға мамандар қажет

 

Асылбек Құлмағанбетовтің айтуынша, соңғы жылдары барлық аудандағы спорт мектептері күрделі жөндеуден өтіпті.

— Жыл сайын ауылдарда жасанды көгал төселген спорт алаңдары  бой көтеріп жатыр. Былтыр Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарында барлығы 40 спорт алаңы салынды. Оның 20-сы — аудандарда. Ауылдарда спорт алаңдарын көптеп салу арқылы біз жергілікті жерде бұқаралық спортты дамытуға күш саламыз.  Қазір Байғанин, Қобда, Ойыл аудандарындағы орталық стадиондарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысандардың барлығы қыркүйек айында іске қосылады. Заманауи үлгідегі спорттық нысандарға жасанды көгал төселіп, футбол алаңы жабдықталады әрі жүгіру жолдары салынады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін шамамен 200 миллион теңге қарастырылды. 

Ақтөбе қаласында Мұз айдынын және қаланың Батыс-2 шағын ауданында үлкен спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеу ісі биыл басталады. «Достық» бассейні жанынан бой көтеретін спорт кешенінде болашақта  халықаралық  турнирлер өтетін болады. Ол үшін барлық қажеттіліктер түгел қамтылуы шарт. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілуі үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы шешім қабылдады.

Бұдан бөлек, келер жылы Ақтөбе қаласындағы «Химик» стадионына күрделі жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, — деді Асылбек Құлмағанбетов.

Ауыл спортын дамытуда шешімін таппай тұрған бірден-бір мәселе — кадр тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін де облыста бірқатар жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Соның бірі — 2007 жылы ауыл шаруашылығы колледжі жанынан дене тәрбиесі бөлімі ашылған. Мақсат — колледжді тәмамдаған мамандар ауылдық жерлерде спортты дамыту үшін қызмет етуі тиіс. Қазіргі таңда осы колледждің дене тәрбиесі бөлімін 200-ден астам спортшы тәмамдап, олар бүгінде орта мектептер мен арнайы спорт мектептерінде жұмыс жасап жатыр.

Асылбек Құлмағанбетовтің айтуынша, бүгінгі күні облыста жеңіл  атлетика, велоспорт, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек,  шаңғы спортынан мамандар әлі жетіспейді.

 

Қуаныш Бегалиев, Қобда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Жарыстың алғашқы күндерінде-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп  жатырмыз. Бұл — жастардың жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатады.

Президенттік көп сайысқа арналған ойындар Ақтөбе қаласында ұйымдастырылып жатыр. Бұл сайыстарда  жеңіске жететінімізге сенімдімін. Себебі жасөспірімдердің І жазғы ауыл ойындарында аудан жастары спорттың бұл түрінен бірінші орынға қол жеткізген болатын. Республикалық іріктеуге жолдама алған екі баламыз президенттік көп сайыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл жарыста да сол биікті бағындыруымыз керек.

Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері Эдуард Пелеван мен Марина Мыцтан болашақта үлкен үміт күтеміз. Олар — президенттік көп сайыстан спорт шеберлігіне үміткерлер.

 

Нұржан Жанғалиев, Байғанин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

— Жарысқа жоғары дайындықпен келдік. Десек те, үстел теннисі және асық ату ойындарынан қалыс қаламыз. Өйткені спорт мектебінде бұл ойынның түрлерінен үйірмелер әлі ашылған жоқ.

Бүгінгі таңда ауданда қысқы спорт түрлерін дамыту ісі кенже қалып тұр. Бұл жалғыз біздің ауданымызға қатысты мәселе емес, өзге аймақтарда да жағдай осындай. Қазір қысқы спорт түрін дамыту бағытындағы шаралар қолға алынып, нақты тапсырмалар беріліп жатыр.

P.S. Ауыл ойындарына арналған спорттық шаралар кезінде жалпы командалық есеп бойынша Хромтау ауданы бірінші орынға шықты. Ақтөбе қаласынан келген команда екінші орынды еншіледі. Ырғыздықтар да бұл жарыста жақсы өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.  

 

Арайлым НҰРБАЕВА,

Хромтау ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button