Спорт

Жарты минуттың құны

Премьер-Лига

 22 маусым күні өткен 17-турда, біріншіден, бес бірдей кездесуде алаң иелері жеңіске жетті, екіншіден, сырт алаңда екі көшбасшының бірі тең ойнап («Ақтөбе»), екіншісі сүрінді («Шахтер»), үшіншіден, чемпионат басталғалы бір турда осымен үшінші рет еш тең есеп болған жоқ және 5:3 есебі бірінші рет тіркелді.

Бұл турда «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсармен» кездесті.
Обалына не керек, алаң иелерін біздің жігіттер бірден-ақ тықсырып әкетуге тырысты. Тимур Кападзе, екі рет Павел Шабалин қақпаға кәдімгідей қауіп төндірді. Бірақ қызылордалықтар сенімді қорғана білді. Тіпті айып добын орындаған Антон Землянухин 14-минутта біздің қақпашымызды қапы қалдырды — 0:1. Бірінші тайм осылайша біздің өкінішімізбен аяқталды, оған қоса ұзақ үзілістен соң қатарға енді ғана қосылған қорғаушымыз Роберт Примус қайтадан жарақат алып, алаңды тастап шықты.

Екінші таймда жағдайымыз түзелгендей болды. Игорь Зенькович 50-минутта шүбәсіз белгіленген он бір метрлік айып добын сәтті орындаса (1:1) , алаңға екінші таймда шыққан Маркос Пиззелли 72-минутта және бір әдемі гол енгізді — 2:1. Бұдан соң Марат Хайруллиннің де, Асхат Тағыбергеновтің де гол авторы атануға толық мүмкіндіктері болғанымен, дәлдік жетіспеді. Оның есесіне ойынға қосылған қосымша уақытта қызылордалық Римо Хунт кенет біздің қақпашымызды қапы қалдырды — 2:2. Артық жарты минуттың құны осылайша бір гол болды.
Қалай болғанда да, көш бастап келе жатқан «Ақтөбеміз», міне, төртінші тур бойы жеңіске жете алмай қалды.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 2:2.
Гол авторлары: Антон Землянухин, 14-минут (1:0); Игорь Зенькович, пенальти, 50-минут (1:1); Маркос Пиззелли, 72-минут (1:2); Римо Хунт, 90+ минут (2:2).
*   *   *

Басқа кездесулер:
«Ордабасы»-«Шахтер» — 2:1.
«Астана»-«Ертіс» — 5:3.
«Қайрат»-«Тобыл» — 3:1.
«Атырау»-«Тараз» — 3:0.
«Жетісу»-«Спартак» — 1:0.
Чемпионат басталғалы осымен 102 кездесу өткізілді, қақпаға енген голдар саны — 230, әр кездесуде орта есеппен 2,25 гол соғылды. 54 рет алаң иелері жеңсе, 23 рет қонақтар ұтты, тең ойындар — 25. Қазірге дейін ең көп қайталанған (32) есеп — 1:0.

Мергендер көшін 8 доппен Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр.
Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 5 доп (2-еуі пенальтиден);

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 4 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы), Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

«Ақтөбе» өз алаңында 8 кездесу өткізді: 6 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады, 16 гол соқты, өз қақпасына 1 гол жіберіп алды, 20 ұпай жинады. Сырт алаңда 9 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 2 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 10 гол соғып, өз қақпасына 6 доп жіберіп алды, 15 ұпай жинады.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар            О       Ұ        Т        Ж         Д          Ұп

 

1 Ақтөбе                 17        10       5          2          26-7       35 

2 Қайрат                 17        9          3          5          26-17     30

3 Астана                 17        8          6          3          25-15    30

4 Шахтер                17         9          2          6          26-18     29

5 Қайсар                 17         7          6          4          17-15     27

6 Ордабасы            17        7          4          6          19-18     25

7 Атырау                 17        6          6          5          17-15     24

8 Ертіс                     17         6          3          8          23-25     21

9 Тобыл                  17        5          6         6          16-22     21

10 Жетісу                17        5          4         8          12-16     19

11 Тараз                  17        4          2         11        14-28     14

12 Спартак              17        1          3         13        9-34       6

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

 

27 маусым күні, жұмада «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдайды.

Бірінші айналымда Астанада 2:1 есебімен жеңіске жеткенбіз. Біздің командадан И.Зенькович пен М.Хайруллин гол соққан.

Басқа кездесулер:

«Шахтер» — «Қайсар»
«Ертіс» — «Қайрат»

28 маусым, сенбі:
«Спартак» — «Ордабасы»
«Атырау» — «Жетісу»
«Тараз» — «Тобыл».

 

Тағы да таныс «Динамоға» тап болдық

 

«Ақтөбенің» УЕФА Чемпиондар Лигасындағы бәсекелесі анықталғаны мәлім.

Грузияның «Динамо» командасы жанкүйерлік өтілі ұзақ жандарға өте таныс. Кезінде екі дүркін КСРО чемпионы (1964, 1978), бес рет күміс, он үш рет қола жүлдегер, екі дүркін КСРО Кубогы иегері (1976, 1979), тіпті УЕФА Кубок иелері Кубогының жеңімпазы (1981) болған тбилисилік клубтың оңай қарсылас болмайтындығы анық.

Дегенмен, бұл команданың КСРО құлағаннан бері Еуропа алаңдарында жарқылдап көзге түсе қоймағаны және рас. Тбилисидің «Динамосы», қалай болғанда да, өткен жылы жолымызды кескен Киевтің «Динамосы» емес.

«Ақтөбе» додаға екінші кезеңнен бастап кіріседі. Алғашқы ойын Тбилисиде (15/16 шілде) қарымта кездесу (22/23 шілде) Ақтөбеде өтеді.

Ал Еуропа Лигасында Қазақстанның үш командасы ойнайды. Бірінші іріктеу кезеңі 3 және 10 шілдеде өтетін бұл кездесулерде біздің командалардың екеуін армениялық футболшылар күтіп тұр. «Шахтердің» қарсыласы — «Ширак», ал «Астана» «Пюникпен» күш сынасады. Сондай-ақ, жеребе «Қайратты» Албанияның «Кукес» командасымен жолықтырғалы отыр.

 

Топтық кезең: тосын есептер, төтен ерліктер

 

Испания, Италия, Англия… топтық кезең ойындарында соншама сүрініп, елдеріне шапшаң оралатынын кім болжапты. Ал Коста-Рика 1/8 финалға бірінші орынмен шығатыны туралы бәстескендер бар ма екен? Футболдың сиқырлы өнер екенінің бір дәлелі — осы.

Ретімен баяндайық.

 

«А» тобы.

 

Топтық кезеңнің серкесі Бразилия құрамасы болатындығына күмән келтірушілер сирек кезіккен шығар-ақ. Әлемнің бес дүркін чемпионы, барлық чемпионатқа толық қатысқан жалғыз команда, расында да, топ жарды. Бірақ даусыз жеңімпаз атана алмады, бірінші орынға доп айырмашылығымен ғана шықты. Хорваттармен өткен кездесуде бұларға біршама дәрежеде төреші көмектесті, ал Мексиканың қорғанысын бұзуға шамалары жетпеді. Дегенмен, турнир қожайындарының 1/8 финалда Чилиді жеңетіндігіне шүбә айту қиын.

Ал жақсы ойын өрнегін көрсеткен Мексиканың бұрынғы чемпионаттарда қатарынан бес рет 1/8 финалда сүрінгені белгілі. Жолын кескендер: Болгария, Германия, АҚШ және екі рет Аргентина. Бұл жолы олардың алдынан 9 ұпай жинаған Голландия шығып тұр.

Хорваттар Бразилиядан «амалсыздан» жеңілгенімен, Камерунды ойсырата ұтқанымен, Мексиканың тас-түйін қорғанысынан бір рет саңылау тапқанымен, біржола талқандай алмады. Дегенмен, әбден есептесуге тұрарлық құрама екендігін, болжамшылардың екінші орынға үміткердің бірі ретінде есептегені қате болмағандығын анық көрсетті.

Осылайша Бразилия мен Мексика 7 ұпайдан жинаса, Хорватия 3 ұпайға ие болды. Камерун ғана олжасыз қалды.

Бразилия-Хорватия —3:1

Мексика-Камерун — 1:0

Бразилия-Мексика — 0:0

Камерун-Хорватия — 0:4

Камерун-Бразилия — 1:4

Хорватия-Мексика — 1:3.

 

«В» тобы.

 

Қазіргі әрі Әлем, әрі Еуропа чемпионы Испания топтық кезеңнен аса алмай қалады деп кім ойлаған?! Чемпиондық тәжді қайта киетіндігіне аз-мұз күмән айтылғанмен де, испандықтардың тап екінші ойыннан соң-ақ есептен шығып қалатындығын ешкім болжамаған шығар. Иә, қазіргі құраманың дәурені өтіпті, енді айтулы құрамаға айтулы өзгерістер керек.

Оның есесіне үшінші орынға табан тірейтіні болжамдалған Чили құрамасының бас бапкері Хорхе Сампаоли ойыншыларды лайықты іріктеп алғаны көрініп-ақ тұр. Бұлар 1/8 финалға осымен үшінші рет шықты. Бірақ олар бұл жолы да осы жетістіктен аса алмайтын шығар.

Ал  қорғаушылар Дэрил Янмат, Стефан де Врей, Дэйли Блинд, Найджел де Йонг, шабуылдаушы жартылай қорғаушы Арьен Роббен, шабуылшы Робин ван Перси жарқылдай көзге түскен Голландия құрамасы үш ойында үш түрлі тактика қолдануы арқылы мүмкін болған 9 ұпайды түгел жинап алды. Үш рет финалға шығып (1974, 1978, 2010), бірақ сол үш айқаста да чемпиондыққа жете алмай қойған голландықтар бұл чемпионаттың ақтық кезең ойындарын осылай бастап отыр.

Ұпайлар саны: Голландия — 9; Чили — 6; Испания — 3; Австралия — 0.

Испания-Голландия — 1:5

Чили-Австралия — 3:1

Австралия-Голландия — 2:3

Испания-Чили — 0:2

Австралия-Испания — 0:3

Голландия-Чили — 2:0

 

1/8 финал:

28 маусым. 21.00. Бразилия-Чили

29 маусым. 21.00. Голландия-Мексика

 

«C» тобы.

 

Бұл топтағы құрамалардың арасында, топтық кезеңді былай қойғанда, 1/8 финалдан жоғары көтерілгендері жоқ болатын. Сол себепті бұлардың қайсысы топ жаратынын болжау қиынға соққаны анық.

Сол 1/8 финалға екі ойыннан соң-ақ Колумбияның шығатыны белгілі болды. Сөйтіп, олар 1990 жылғы (әзірге ең ірі) жетістігіне қол жеткізді.

Ал екінші орынға ие болатын команда ақтық ойында анықталды. Өздерін бірінші рет топтық кезеңнен шығаратын тең есептен Кот-д*Ивуар құрамасы қосымша уақытта, 90+3 минутта айрылып қалды да, Грекия алғаш рет 1/8 финалға шықты.

Жапония 2002, 2010 жылдардағы көрсеткішіне, 1/8 финалда ойнау мүмкіндігіне иек арта алмады.

Колумбия-Грекия — 3:0

Кот-д*Ивуар-Жапония — 2:1

Колумбия-Кот-д*Ивуар — 2:1

Жапония-Грекия — 0:0

Жапония-Колумбия — 1:4

Грекия-Кот-д*Ивуар — 2:1

Қорытынды ұпайлар мәліметі: Колумбия — 9; Грекия — 4; Кот-д*Ивуар — 3; Жапония — 1.

 

«D» тобы.

 

Жанкүйерлердің әңгімесіне ерекше ермек болған топ — осы. Бір мәрте чемпион Англия футболшылары екі ойыннан соң-ақ үйлеріне қайтудан басқадан күдерін үзсе, үшінші кездесуден соң оған әлемнің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы да топтық кезеңнен аса алмаған Италия қосылды.

Бұлардың жолын кескен кімдер: Уругвай мен «ұпай үлестіруге» тиіс Коста-Рика.

1990 жылы 1/8 финалға жеткенімен, 2002, 2006 жылдары топтық кезеңнен аса алмаған Коста-Рика бұл жолы еуропалықтарға дес бермеді. Ал Уругвайдың жөні басқа. Екі рет чемпион (1930,1950) болған, одан бері де топтық кезеңнен талай асып жүрген бұлар осының алдындағы чемпионатта (2010) өз тарихында үшінші рет жартылай финалға дейін жеткен болатын.

Дегенмен, Англияның бірде-бір жеңіске жете алмайтынын, Италия екі рет жеңілген сол Англиядан ғана басым түсіп, өзі де екі рет ұтылатынын дәл болжағандар болды ма екен?..

Сонымен, Коста-Рика 7 ұпаймен озып шықса, 6 ұпаймен Уругвай екінші орынға табан тіреді. Италия — 3; Англия — 1.

Уругвай — Коста-Рика — 1:3

Англия-Италия — 1:2

Уругвай-Англия — 2:1

Италия-Коста-Рика — 0:1

Италия-Уругвай — 0:1

Коста-Рика-Англия — 0:0

 

1/8 финал:

 

29 маусым. 01.00. Колумбия — Уругвай

30 маусым. 01.00. Коста-Рика — Грекия

 

P.S. Бұл материал жазылғанға дейін қалған төрт топтың («E», «F», «G», «H») ойындары өте қоймағандықтан, әңгіменің жалғасын келесі жолға қалдыра тұрамыз.

 

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button