Ауыл

Қобда: Жемшөп жеткілікті болады

Бұл өңірде техника шабындыққа жылдағыдан ерте шығарылды. Оның себебі – ауа райының биылғы қолайсыздығы, жаңбырдың сирек жаууы шаруа қауымды сақтандыра бастады.  Уақыттың өтуі шөптің сарғайып кетуіне соқтыратынын білетін тәжірибелі мамандар айналаны әдеттегіден тыс асықтырып, қапы қалмауды көздеді.

Аудан бойынша алдағы қысқа 83 мың тонна шөп дайындау қажет деп жоспарланса, тамыз айының басына осы мөлшердің жетпіс мың тоннаға жуығы дайындалып та үлгерілді.

Ауданның Бестау, Бұлақ, Жаңаталап, Терісаққан ауылдық округтерінде шаруа қожалықтары мал азығын дайындауға ерекше көңіл бөлуде. Әрине, табиғат жағдайына байланысты көздеген межеден көріне алмай отырған шаруашылықтар да бар. Олардың қатарында Бегалы, Ақырап ауылдық округтері көрінеді.

Шаруа қожалықтары шөпті өз қажеттіліктерімен қатар сату үшін де дайындауда. Мысалы, шөп сұраныс ретіне қарай аудан орталығына, Ақтөбе қаласына жеткізілуде. Бір тіркеме шөп шамамен он бес мың теңгеге бағаланады.

Амангелді Қосетов басқаратын «Терісаққан» серіктестігінде жазғы науқандық жұмыстарды негізінен Ропповка, Қосөткел ауылдарының тұрғындары атқарады. Ауыл тұрғындары алпыс үш жастағы Батыр Құлниязовтың шөп шабудағы тынымсыз еңбегін өзгелерге үлгі етеді.

…Жаз бойы жаңбыр тамбаса да қобдалықтар көктен күдер үзген жоқ. Ара-арасында ауыл-ауыл болып бірігіп, тасаттық та жасады. Дегенмен енді «бармен базар» күй кешуде. Ең бастысы, жерге шыққанды ысырапсыз жинап алу.

Мәртөк: Құрғақшылық қапы қалдырды

Мұнда күздік дақылдар мен сұлы жинау қарқынды жүргізілуде. «Казанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соңғы есеп бойынша 316 га алқаптың өнімін жинады, қара бидайдың әр гектарынан 4,7 центнерден, ал бидайдың әр гектарынан 1,8 центнерден өнім алынды. Биылғы құрғақшылық әсерін осы көрсеткіштерден-ақ айқын байқауға болады. Шаруашылықтың егіс алқаптарында «Джон Дир» маркалы екі, «Класс» маркалы бір және «Енисей» комбайндары жұмыс істеуде.

«МәртөкАгроСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 150 га сұлы алқабына орақ салды. Мұнда өнімділік әр гектарға есептегенде 5,6 центнер құрады. Аудандағы «Горноводское», «Фиалка», «Мирас» шаруашылықтарында науқандық жұмыстар бірқалыпты жүргізілуде. Бұл жерлерде өнімділік орта есеппен гектар сайын 5 центнерден түсуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шәміл Сариновтың айтуына қарағанда, биыл қуаңшылық әсері айқын білінуде.

Көптеген шаруашылық басшылары биылғы жаздан үлкен үміт күткен. Сондықтан да егіс салуға ерекше қарқынмен кіріскен қожалықтар енді «қапы қалдық-ау» дегендей күй кешуде.

Ырғыз: Тіркеме шөп – 12 мың теңге

Малмен күн көрген ауылдың жазғы бір тіршілігі сол мал азығын дайындауға тіреледі. Ауданда екпінді мал азығын дайындау айлығы жариялануы көп іске ұйытқы болуда. Жалпы, аудан бойынша 72 мың тонна шөп дайындалуы тиіс деп жоспарланған еді. Қазірдің өзінде осының төрттен үшінен астамы дайындалып болды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған деректер «Алтын – Әсел», «Ақсақал Тәуіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде мал азығының берік қоры жасалуға таяу екендігін білдіреді.

Жеке кәсіпкер Қазтай Ермағанбетов мол мөлшерде мал азығын дайындап, тұрғындарға сатуды ұйымдастыруда. Қолында бірді-екілі малы бар үйлер қазірдің өзінде қорасында аз-кем шөп тұрғанын қалайды.

Аудан орталығының тұрғындары бір тіркеме шөпті 12 мың теңгеден пышақ үстінен сатып алуда.

«Қыстың қамын жазда ойлаған» ырғыздықтар алдағы қысқа қапысыз дайындық жасауда.

* * *

…Тамыз туғанымен, қалада да, ауылда да аптап беті қайтар емес. Соған қарамастан алқаптарда қарбалас шақ орныққан. Ала  жаздай тыным таппайтын ауыл еңбеккерлері соның жемісін қыста көретіндігіне сенімді.

Әр жыл келген сайын жаздан үміт күтіп, қара жерге тұқымды сеніммен себетін диқан қауымы биыл да абдырап қалғандай. Дегенмен «үмітсіз шайтан» дегендей. Өнімі жайын жасырыңқырап айтатын шаруа қауым «биыл болмаса, келер жылы» деген де сөзді ауызға ала бастапты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button