Денсаулық

Коронарографияға тегін түсіңіз!

Коронарография – жүректің ишемиялық ауруын анықтаудың эталондық әдісі.

Жүректің ишемия ауруы әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде соңғы бірнеше онжылдықта өлімнің басты себепшісі болып келгенімен, соңғы 30 жылда көптеген экономикалық дамыған елдерде бұл аурудан өлім көрсеткішінің азаюы байқалды. Дегенмен соңғы ширек ғасырда елімізде жүректің ишемиялық ауруынан өлім көрсеткіші бірінші орынды алып отыр. Жыл сайын бұл ауруға шалдыққандар саны көбеюде.

ЖҮРЕККЕ ТҮСЕТІН ЖҮК

Жүректің негізгі қызметі – қоректік заттар және оттегімен байытылған қанды тамырларды дененің барлық тіндеріне жеткізіп отыру. Бұл қызметті атқару үшін жүректің өзіне де оттегімен және қоректік заттармен байытылған қан қажет. Бұл қан жүректің бұлшық етіне тәж тамырлары (артериялары) арқылы жеткізіледі. Адамда бар болғаны алдыңғы, оралма және оң жақ тәж тамырлары бар. Тәж артериялары холестериннен құралған атеросклероздық түймедақпен (бляшка) тарылуы мүмкін.  Тарылу бір немесе бірнеше жерде пайда болуы мүмкін. Оның қалпы (консистенциясы) мен орналасуы, дәрежесі әр түрлі келеді. Сондықтан тәж тамырының тарылуы әр адамда әр түрлі  сипаттамада көрінеді. Тәж артерияларындағы кез келген тарылу жүректің қанмен қамтамасыз етілуін азайтады. Жүректің бұлшық еті жұмыс барысында оттегіні көп қолданады.  Сондықтан холестерин түзінділері қанның қалыпты жүруіне кедергі келтіріп, оттегінің жеткізілуін азайтады да, жүрек бұлшық етінің қызметін төмендетеді.

Тәж тамырлары тарылған науқаста жүректің ишемия ауруының ең жиі түрі – стенокардия (кеуде қыспасы) байқалады. Стенокардия – кенеттен пайда болып, тез жойылатын жүректің ұстама ауруы. Ауырғандық көбіне төс артында болады, сол жақ иыққа, сол қолға, кейде арқаға, сол жақ жауырын астына, мойынға таралады. Қысып, жаншып, күйдіріп, сирек сыздап ауырады, кейде тұншығу немесе жүрек ырғағының бұзылуы түрінде көрінеді.

АЛТЫН СТАНДАРТ

Қазіргі заманғы ең жоғарғы жетістіктердің бірі –  коронарография.  Бұл – жүректің тәж тамырларына контрастық зат жіберу арқылы рентгенологиялық тексеру әдісі. Коронарография – жүректің ишемиялық ауруын анықтауда «алтын стандарт» деп танылған әдіс.  Жүректі тексеру кезінде қолданылатын барлық тексеру әдістерінің нәтижесі міндетті түрде коронарографияның қорытындысымен  салыстырмалы түрде анықталады.

ТҮК ҚАУІПСІЗ ТЕКСЕРІС

Коронарография жасау үшін аяқтың не қолдың ірі тамырларының үстіндегі тері жансыздандырылады, кішкене ине арқылы тесік жасалып, сол жерден қан тамыр арнасына жіңішке катетер (жұмсақ пластмассадан жасалған ұзын түтікше) енгізіледі. Катетер тәж тамырларының сағасына дейін жеткізіліп, арнайы контрастық сұйықтық жіберіледі. Осымен бір мезгілде контрастың қан тамыры бойымен таралуы туралы фильм түсіріледі. Алынған кадрлардан жүрек тамырларының барлық бөлімдері және қан ағысына әсер ететін тамырішілік кедергілер өте жақсы көрінеді. Егер басқа диагностикалық әдістер тәж тамырларының зақымдануының жанама белгілерін көрсетсе, коронарография тамырдың өзін және тарылу аймағын түсінікті түрде көрсетеді.

Науқасқа наркоз берілмейді, процедура барысында ол экраннан өзінің жүрек соғысын және тамырларының жағдайын көре алады. Бар-жоғы 5-15 минут аралығында болатын бұл тексеру нәтижесінде толық әрі дәл диагноз қойылып, зақымдалудың орналасқан жері және деңгейі, аурудың болжамы мен ары қарай емдеу жоспары анықталады.

Бүгінгі күні аймақтық кардиохирургиялық орталықта 900-дан астам адамға коронарография жүргізілді. Соның ішінде 120-дан астам науқастың тәж тамырларына стент қойылды.

МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

Қазір қаламыздағы кардиохирургиялық орталықта науқастарға тегін түрде  коронарография жасалуда. Өз денсаулығына мұқият көңіл бөлетін әр адам осы жағдайды пайдаланып, жүрек тамыр жүйесін толық тексеруден өткізуге мүмкіндігі бар. Ол үшін науқас жергілікті бекітілген емханадан жолдама алып (жолдамаға қосымша қан мен несеп анализі, ЭКГ қорытындысы болуы тиіс), квотасыз медициналық орталықтың кордиология бөлімінің меңгерушісіне жолығуына болады.

Оразбек САХОВ,

М.Оспанов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік  медицина

университеті медициналық

орталығының ангиография

кабинетінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button