Әлеумет

Күзет пен қырағылық

Күзет полициясының жұмысы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыстарына мүлдем ұқсамайды. Олардың негізгі міндеті – аса маңызды нысандарды күзету. Дегенмен әскери шенді мемлекеттік қызметкерлер болған соң,  қарақшылармен және кісі өлтірушілермен күресу де олардың қызметтік құзырына кіреді. Арнайы мамандандырылған мемлекеттік Күзет мекемесінің жұмысымен танысу үшін басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Бағдар Әбуовті әңгімеге тартқан едік.

Облыстық мамандандырылған Күзет басқармасы аса маңызды  мемлекеттік-стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда. Сонымен бірге адам өмірін сақтаумен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету де біздің қызметтік міндетіміз. Мамандандырылған Күзет мекемесі облысымыздағы аса маңызы бар 68 объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деп бастады әңгімесін Бағдар Әбуов.

Қазір басқармада 700-ге жуық қызметкер өздеріне бекітілген міндетті адал атқарып жүр. Күзетшілердің қатары жыл басынан бері ғана 47 маманмен толыққан. Сондай-ақ, өткен алты айда 13 қызметкер өз еріктерімен жұмыстан босатылса, құқық қорғау органдарының өзге салаларына 4 күзетші ауысыпты. Басқарма бастығы орынбасарының айтуына қарағанда, соңғы жылдары күзет қызметін таңдаушылар қатары біршама көбейген. Күрделі сынақ арқылы қызметке қабылданатындықтарына қарамастан, бұл саланы таңдаушылар әлі де аз емес.

Қызығы мен қиындығы мол саланы қалағандар алты ай ішінде бірнеше қылмыстың бетін ашыпты.

– Алты айда ашылған 321 қылмыстың қырлары санқилы. Соңғы кездері күзетілетін нысандардан ұрлық деректерінің азайғандығын қуанышпен айтуға болады. Нақтырақ тоқталар болсам, жыл басынан бері 6 ұрлық ізі суымай ашылып, 8 адам жауапқа тартылды. Полицияға қоғамдық тәртіпті сақтауға да барынша көмек беріп келеміз. Мәселен, жылдың алғашқы жартысында біздің қызметкерлер қоғамдық тәртіп бұзушылыққа қатысты 62 қылмыстың бетін ашып, 63 күдіктіні құрықтады. Ал әкімшілік құқық бұзушылық жасағандығы үшін 940 адамды ішкі істер органдарына табыстадық. Оның ішінде 885 адам мас күйінде ұсталды, – дейді басқарма бастығын орынбасары.

Күзет қызметінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене тәрбиесіне және түрлі спорттық жарыстарға ерекше мән беріліп келеді екен. Полицейлер арасындағы түрлі бәсекелерде күзетшілердің шоқтығының биік тұруы да соның айғағы. Мәселен, наурыз айында жеке батальон қызметкері,  полиция сержанты  Индира Шакратова самбо күресі бойынша әйелдер арасында өткен Орта Азия чемпионатында жүлделі орынға ие болды. Ал сәуір айында полиция сержанты Мәрзия Бержанова тоғызқұмалақтан облыстық жарыста жеңімпаз атанған.

Алмагүл БЕКЖАНОВА,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button