Білім

Балдырған

Туған жер

МЕНІҢ АҚТӨБЕМ

Әр адамға өзінің туған жері, кіндік қаны тамған жері ыстық. Туған жер дегенде жүрегіме жылы сезім ұялайды. Оның салқын самалы, сылдырап аққан өзені, сыбдырласқан ағаш жапырақтары, бәрі де жаныма айрықша жақын. Таза ауасы, мөлдір суы, шүйгін шөбі, ұшқан құсы, көгілдір аспаны, жүгірген аңы сияқты мен де өзімді туған өлкемнің төл баласы сезінемін.

Мен Ақтөбеде тұрамын. Ақтөбе — киелі өңір. Тарихта ерліктері аңызға айналған батырлардың көпшілігі осы жерде дүниеге келген. Айталық, Қобыланды, Есет, Әлия тәрізді көптеген батырлар біздің жерлестеріміз.

Кезінде батырлар дүбірлеткен мекеннің бүгінгі әл-ауқаты, дамуы, экономикалық жағдайы жоғары. Ақтөбе мұнайымен, жайқалған егінімен, төрт түлігімен, көптеген кәсіпорындарымен ерекше көзге түседі.

Мен ақтөбелік болғанымды мақтан етемін.

Рабиға БАЙБЕКОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың

5-сынып оқушысы.

Хат қоржынынан

БІР КҮНДІК САЯХАТ

Технология пәні өте күрделі. Бұл сабақта оқушылар теория мен тәжірибені қатар ұштастырып пайдалануы қажет. Өйткені тәжірибе барысында оқушылар өз бетінше жұмыс жасауға, еңбек етуге үйренеді.

Технология пәнінен бізге Сәрсенгүл Қамбарова апай сабақ береді. Ұстазымыздың тынымсыз ізденетіндігі, талмай еңбектенетіні әр сабақты қызықты өткізуінен анық көрінеді. Қыз балаларға Сәрсенгүл апай іс тігу, ас пісіру, тоқу тәрізді көптеген жұмыстарды үйретеді.

Жақында біз «Оқушыларды қазіргі өндіріс негіздерімен таныстыру» деген тақырыпқа орай ұстазымызбен бірге Ақтөбе қаласына бір күндік саяхатқа бардық. Қаланың әсем жерлерін тамашалап, «Нұр Ғасыр» мешітіне барып, мінәжат еттік. Мешіт имамы бізге дін туралы, имандылық, адамгершілік жөнінде түрлі уағыздар айтты.

Тәжірибе алмасу негізінде «Бикеш» шеберханасына барып, сабақ барысында өткен тақырыптарды кәсіби мамандардың жұмысынан тамашаладық. Шеберхананың мамандары бізге өндіріс машиналарымен жұмыс жасауды үйретті және маталардың түр-түсімен таныстырды, киім тігу үлгісін көрсетті.

Біз бір күндік саяхатымызда еңбекке қажетті адалдық пен ұқыптылықты, іскерлік пен жауапкершілікті, тазалықты сезіндік.

Ж.ЖАЛМҰХАМБЕТ,

Б.ХАРУЛЛИНА,

А.КЕҢШІЛІК,

А.БАЛТАБАЙ,

Ә.АЛДАН,

Ембі қаласындағы №7 қазақ

орта мектебінің оқушылары.

Оқушының өлеңі

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан даласы,

Керемет қой, қарашы.

Орман, тасы, өзені —

Табиғаттың баласы.

Қазақстан даласы,

Кең жазық алып арасы.

Көркейеді күн сайын

Астанадай қаласы.

Ақниет ТҮКТІБАЕВ,

Бершүгір орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Қанатты дос

САҚАЛТАЙ

Сақалтай — ірі жыртқыш және отырықшы құстардың бірі. Тұмсығының астында алға қарай үрпиіп тұратын бір тұтас қауырсын сақалы болғандықтан, халық аузында сақалтай атанып кеткен.

Сақалтайдың ұялары адам баспайтын тым биік құздарға, үңгірлерге және тік жартастардың қуыс-қуыстарына салынады. Бұл құс әуе кеңістігінде жеңіл ұшады, ал жерде жүргенде тастан-тасқа емін-еркін секіріп қозғалады. Екі ғана жұмыртқа салатын сақалтайдың бір жұмыртқасынан әдетте балапан шықпайды. Ал егер екі балапан шықса, соңғы әлсізін ата-анасы шоқып өлтіріп тастайды екен. Сақалтайлар негізінен түрлі тағы аңдардың өлекселерімен, көбіне жаңа өлген хайуанаттармен қоректенеді.

Жасыл әлем

СИЯКӨК

Сиякөк (льнянка) — көп жылдық, шөптектес өсімдік. Кейде оны «зығырот» деп те атайды. Сиякөктің биіктігі — 30-70 сантиметр. Сабағы түзу, жапырақтарының ұшы өткір, кезектесіп орналасады. Гүлі — ірі, сары түсті, сабағының басына шоғырланып орналасады.

Сиякөк көбіне маусым-тамыз айларында гүлдейді. Таулы аймақтарда, далада, құрғақ жерлерде өседі.

Біліп жүр

ЕҢ… ЕҢ… ЕҢ…

· Әлем бойынша ең көне түптелген кітапқа 1600 жыл болыпты. Ол кітап алғаш Египетте үйіндіден қазылып алынған екен. Бұл кітапта діндер әнұранының жинағы жарияланған.

· Қазақстанның топонимикалық ең алғашқы сөздігін 1963 жылы Ғ.Қонқашпаев құрастырып шығарды.

· Әлемдегі ең алып айсберг 1956 жылы Тынық мұхиттың түстік бөлігінде тіркелді. Оның ені — 97, ал ұзындығы 335 километр. Көлемі жағынан Молдавиядан кіші, Армениядан аздап үлкен екен.

· Ал дүниедегі ең биік айсберг 1958 жылы Гренландияның батыс жағалауында орналасқан. Оның биіктігі 167 метр.

· Әлем бойынша ең көп таралған есім — Мұхаммед.

· Қазақ тарихын зерттеген американдық ең танымал зерттеуші — Марта Олколтт. Оның «Қазақтар» атты кітабы 1987 жылы жарық көрді.

· Алматы қаласында ең алғашқы трамвай 1937 жылы жүрді.

· Софиялық Ани Арменова әлемдегі ең үздік стенографистка. Ол стенография тілінде 1 минутта 488 сөз жазған. 1988 жылы Печеде өткен жарыста әлем чемпионы атанды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button