ЖаңалықтарСпорт

«Ақтөбенің» құрамы жаңарды

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңартылған «Ақтөбе» футбол клубының құрамымен жүздесіп, алға қойған мақсаттарды кезекті рет айқындап берді. Сондай-ақ, басқосуда команданың төңірегінде көптен бері айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелердің шындыққа қаншалықты жанасатыны назардан тыс қалған жоқ.

Кездесуде облыс басшысы Архимед Мұхамбетов «Ақтөбенің» сапына жаңадан қосылған ойыншыларды таныстырды. Олар — отандық команданың бірінен ауысып келген қақпашы Алмат Бекбаев, «Ордабасының» экс-жартылай қорғаушысы Евгений Лёвин, бұрын одессалық «Черноморец» клубында қорғаушы болған Андерсон Сантана мен украиналық шабуылшы Алексей Антоновтар. Әкім аяқдопшыларға сәттілік тілеп, артынша өңірдің атын жер-жерде асқақтатып жүрген команданың мерейін одан әрі асыруды тапсырды.

— Бұған дейін де айтқанымдай, басты мақсатымыз — Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өту. Ол болмаса, тым құрығанда, Еуропа лигасының осындай кезеңінде бап пен бағымызды сынауға барымызды салуымыз қажет. Әрине, ел чемпионатын да ұмыт қалдыруға болмайды. Онда да алдыңғы шептен көрінуге тырысуымыз керек. Ол үшін қазіргі таңда қажетті жұмыстың барлығы, атап айтқанда, дайындықтың қызу жүріп жатқанын білемін.

Бәзбіреулердің команданың бюджетіне бөлінетін қаражаттың жылма-жыл артып келе жатқаны турасында айтқан әңгімесі ақиқаттың ауылынан алыс. «Ақтөбеге» қазынадан қарастырылатын қаржы 2009 жылдан бері өзгерген жоқ. Бар болғаны жүйелі жұмыс жүргізіліп, ақша тиімді жұмсалуда, — деді ол.
Сонымен бірге, Архимед Бегежанұлы футбол клубы жекенің иелігіне ешқашан өтпейтінін, оның мемлекеттік болып қала беретінін тілге тиек етті. Сондықтан бұл жөніндегі ел арасындағы болжамдар қисынға келмейді. Облыс әкімінің сөзінше, қосымша инвестицияларды тарту үшін ғана команданың азын-аулақ бөлігі сатылымға түсуі мүмкін.

Емен-жарқын дидарласу соңында «Ақтөбе» командасының бас жаттықтырушысы Владимир Никитенко мен капитаны Пётр Бадлолар сөз алып, облыс әкіміне көрсеткен қаржылай және рухани қолдауы үшін алғыс білдірді.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button