Білім

Ақтөбе — үшінші орында

ҰБТ

 

Үстіміздегі жылы облысымызда 6502 бала мектеп бітіріп, солардың 69,3 пайызы, яғни 4508 түлек ҰБТ-ға қатысқан. Қорытындысында, облыс бойынша орташа балл — 84 балл болып отыр. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары: еліміз бойынша орташа балл — 76,7. 

ҰБТ қорытындысы бойынша, ақтөбелік түлектер көрсеткен нәтиже — Алматы және Астана қалалары көрсеткіштерінен кейінгі үшінші орында. Өткен жылы өңіріміз бойынша орташа балл 76,8-ді құрап, еліміздің барлық аймақтары арасында 5-орынды иемденген болатынбыз.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова атап көрсеткендей, биыл жалпы өңір ғана емес, Ақтөбе қаласы мен барлық дерлік аудандарда орташа балл көрсеткіші, өткен жылмен салыстырғанда, жоғары болып отыр. Бұл көрсеткішті төмендетіп алған бір ғана аудан бар — Әйтеке би ауданы.

— Мысалы, Ырғыз ауданы бойынша орташа балл — 64,3. Бұл — ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Дегенмен, 2013 жылмен салыстырғанда, бұл ауданда алға жылжу бар. Өткен жылғы көрсеткіш 58,9 балл болған еді, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат (112, 4 балл), қазақ-түрік лицейі (111,2 балл), облыстық физика-математика мектеп-интернаты (109,4 балл) сынды мамандандырылған мектеп-интернаттардың түлектері бұл жолы да ерекше жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ақтөбе қаласы бойынша орташа балл — 88,5. Облыс орталығындағы мектептер арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізгендер: «Сымбат» жеке мектебі және №51, №32, №21 мектеп-гимназиялары. Сондай-ақ, Темір (91,2 балл), Хромтау (89 балл), Мұғалжар (82,2 балл), Ойыл (80,9 балл) және Қарғалы (80,9 балл)  аудандары республикалық деңгейден жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр.

Өткен жылы облысымыз бойынша «Алтын белгіден» үміткер түлектердің 42,6 пайызы шын мәнінде үздік екендіктерін дәлелдеп шыққан болса, биыл бұл көрсеткіш те жоғары — 49, 7 пайыз. «Алтын белгіден» үміткер 320 түлектің 159-ы ҰБТ-да өз білім деңгейлерін дәлелдей алды.   

Облыс бойынша ең жоғары балл — 124 балл. Бұл көрсеткішке екі қызымыз қол жеткізді: Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі, үздік аттестат иегері Жанар Болатова және «Сымбат» мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Айдана Мұрат. 

Өкінішке орай, ҰБТ-дағы көрсеткіші шектік деңгейге жетпей қалған 713 бала бар. ҰБТ-ға қатысқан түлектердің арасында олардың үлесі 15,8 пайыз болып отыр. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 26 пайыз болған еді.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

«Алтын белгіні» қорғаудан көш бастаған мектеп

 

Ұлттық  бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыстық физика-математика мектеп интернатының түлектері жыл сайын жоғары көрсеткішке ие болып жүр. Аталған білім шаңырағының  биылғы түлектері де алдыңғы лектен көрінді.

7 мектеп бітіруші «Алтын белгі» аттестатынан үміткер болған еді. Жетеуі де сенімді ақтап, білімдерін дәлелдеді. 

Биыл бұл мектепті 23 түлек бітірді. Оның 17-сі ҰБТ-ға қатысты. Тестілеуге қатысуға ниет білдірген 17 түлектің 14-і 100-ден жоғары  балл жинады. Нәтижесінде, мектептің орташа балы — 109,4. 

Мектебіміз облыстағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі екенін тағы да дәлелдеді. Облыс бойынша түлектердің «Алтын белгі» аттестатын қорғау жөнінен біздің мектеп бірінші орында тұр. 7 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл әрине, мектеп ұжымының ортақ жеңісі, — дейді облыстық физика-математика мектеп интернатының директоры Қарагөз Тілеумағамбетова.

Айта кету керек, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бұйрығымен  халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, жүлдегер атанғандары үшін аталған мектептің алты оқушысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан босатылған. Мысалы, Темірлан Сүйіндіков пен Руслан Жұмақұлов Ресейдің Протвино қаласында өткен халықаралық ғылыми жобалар жарысына қатысып, І орын алды. Ал Нұрхан Ырзағазиев  пен Қанат  Ертаев Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы механика және математикадан зерттеулер жұмысы халықаралық жарысында өз жобаларын қорғап, ІІІ дәрежелі дипломға ие болыпты.

Облыстық физика-математика мектеп-интернаты 1996 жылы ашылды. 18 жылда 80 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 90 оқушы «Үздік аттестатқа»  ие болды. Барлық түлектердің 95 пайызы мемлекеттік гранттарды иеленіп, түрлі ұлттық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Оқушылардың осындай жетістіктерге қол жеткізулеріне, мектептегі білім сапасының жоғары болуына ұстаздардың да еңбегі зор.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button