Спорт

Өз алаңымыздағы тең ойын

Үміт пен күдікті теңестіріп жіберді

Сейсенбі, 28 шілдеде ақтөбелік футболшылар Израильдің чемпионы Хайфа қаласының «Маккаби» командасын қабылдады. Бұл ойын футболымыздың тарихында өзіндік ерекшеліктерімен қалатын болды. Біріншіден, қазақстандық команда Чемпиондар лигасының үшінші раундында бірінші рет күш сынасты. Екіншіден, Ақтөбе қаласынан алғаш рет республикалық телеарнадан тікелей матч хабары таратылды.

Ақтөбеліктердің қарсыласы «Маккабидің» тарихы әріде жатыр. Бұл клубтың негізі 1913 жылы қаланған. Бұрын белгісіздеу болып келген команданың бағы 1980 жылдардан бастап жана бастады. Атап айтқанда, алғаш рет 1984 жылы өз елінің біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Содан бергі уақытта Израильдің 11 дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар бес рет ел кубогын жеңіп алды. 2002-2003 жылғы футбол маусымында УЕФА чемпиондары лигасының топтық сатысында өнер көрсетті. Әр жылдары Еуропаның мықты командаларымен күш сынасты. Азуы алты қарыс «Манчестер Юнайтед» командасын 3:0 есебімен жеңіп, ағылшындарды қапы қалдырды. УЕФА кубогы үшін жарыстың ширек финалында Мәскеудің «Локомотивінен» ғана тізе бүгуіне тура келді. Хайфандықтар 2006-2007 жылғы маусымда мәскеулік әйгілі «ЦСКА» командасынан басым түсті.

Міне, осындай серпінді жолмен келе жатқан «Маккабиге» қарсы тұру, өз алаңында болса да, ақтөбеліктерге оңай соқпасы анық еді. Еуропалық деңгейдегі сында тәжірибесі жоқтың қасындағы жерлестеріміз ойынға қобалжып шығып жатса, кешірімді еді. Бірақ біздің футболшылар алғашқы 10 минуттың ішінде шашыраңқылау болса да, шабуылдарды ұйымдастыра білді. Асанбаев, Чичулин, Лаврик, Головскойлар қарсыластар қақпасына ұмтылып-ақ бақты. Алайда «Кәрі құрлық» алаңының шаңын шығарып жүрген әккі израилдықтар ойын иелігін өз қолдарына алып алды. Кездесудің бірінші кезеңі қонақтардың басымдығымен өтті. Двалишвили, Гадир, Катан, Мешумар секілді ойыншылардың қауіпті доптарын біздің Андрей Сидельников қайтарумен болды. Дегенмен біздің футболшылар да қарап қалмады. Марат Хайруллиннің шалқалай беріп, басынан асыра тепкен добы қақпадан биік кетті. Мұрат Тілешевті бағумен болған қорғаушылар оған мүмкіндік бермеді.

Ойынның екінші кезеңіне жерлестеріміз аса жинақы шықты. Тағы да Хайруллин, Тілешев, Эмиль Кенжесариев, Ұлықбек Асанбаев қақпа маңын торуылдағанымен, нәтиже болмады. Екінші таймда алаңға шыққан Сергей Струков, Александр Митрофанов, Константин Головскойлар да жеңіс добына ықпал ете алмады. Бұл жерде қонақтардың қақпашысы Давидович ерекше көрінгенін айта кету керек.

Кездесу барысында дөрекі ойнаған Тейшейра австриялық төреші Томас Айнваллерден «сары қағаз» алды.

Сонымен, Ақтөбедегі алғашқы кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Қарымта ойын тамыздың алғашқы күндері Израильдің Хайфан қаласында өтеді. Жерлестеріміздің тілеуін тілейік.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button