Білім

«Балабақшаға баратын болдық!»

Өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 74 пайыз болса, биыл  78 пайызға жетіп отыр. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделген.

Үстіміздегі жылғы 5-27 маусым аралығында білім бөлімі балабақша кезегіне 2011 жылы қабылданған бүлдіршіндерге жолдама береді. Бұл істі Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жүргізетін болады. Жолдама алу үшін ата-аналар сағат 9.00-ден 18.00-ге дейінгі уақытта (12.30-дан 14.00-ге дейін — түскі үзіліс) «Металлургтер үйі» ғимаратына келулері керек. Ата-аналар өздерімен бірге мынадай құжаттар ала келулері тиіс: баланың туу туралы куәлігі (түпнұсқа және көшірме); белгіленген формадағы арыз; кезекке қою туралы хабарлама (түпнұсқа); мекенжайын растайтын құжат (анықтама немесе басқа құжат) және жеке тұлғаны анықтайтын құжат. Сонымен қатар, құжат тігетін мұқаба (скоросшиватель) да керек. І және ІІ топ мүгедектерінің, әскери қызметкерлердің және көпбалалы отбасылардың балаларына мектепке дейінгі ұйымға жолдама жеңілдікпен беріледі. Бұл топтағы ата-аналар тиісінше: мүгедектігін, әскери қызметкер мәртебесін және көпбалалы отбасы мәртебесін растайтын анықтаманы түпнұсқа және көшірме түрінде ала келулері тиіс.

Ата-аналар жолдама алуға мынадай ретпен: 5 маусым күні — даярлық жасына жеткен (2009 жылы туған) балалардың ата-аналары; 6 маусым күні — кезекке 2011 жылдың алғашқы екі айында қойылғандар; 9-13 маусым аралығын қамтитын аптада — әр күні тиісінше 2011 жылдың наурыз, сәуір, мамыр, маусым және шілде айында кезекке тұрған ата-аналар; 16-20 маусым аралығын қамтитын аптада — әр күні тиісінше 2011 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айында кезекке тұрған ата-аналар шақырылады. 23 маусымда — І және ІІ топ мүгедегі болып табылатын ата-аналардың балаларына; 24 маусымда — көпбалалы отбасы балаларына; 25 маусымда әскери қызметкерлер балаларына жолдама беріледі. Бұлар, яғни жеңілдікпен берілетін жолдамалар, 3 жастан асқан балаларға арналған. Ал белгілі бір себептермен кезекке тұрған ретіне қарай белгіленген күні жолдама алуға келе алмай қалған ата-аналар 26, 27 маусым күндері қабылданады. Олар көрсетілген құжаттарға қоса жазбаша хабарландыру қағазын алып келулері қажет.

Бүгінгі күні қалада 44 мемлекеттік мектепке дейінгі балалар ұйымы бар, ал жекеменшіктегі мекемелер саны — 19. Сонымен қатар, 19 мектептің жанында шағын орталықтар жұмыс істеп тұр.

Балабақшалар санын көбейту мақсатындағы жұмыстар қатарында Ләззат Оразбаева жуырда бұрынғы облыстық физика-математика мектебі ғимаратының қайта жабдықтаудан өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, кезінде мемлекеттік күзет қызметі басқармасына және «Үміт» балалар үйіне берілген балабақша ғимараттары да қайтарылып алынып отыр. Алдағы уақытта олар да қайта жабдықтаудан өтеді.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button